білім саласы жемқорлық құрсауында

Жақында елімізде ең көп жемқорлық жайлаған сала анықталды. Ол – білім беру жүйесі деп атап көрсетті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері. Бұл ретте, Павлодар өңірі де «құр алақан» емес екенін айта кеткен жөн.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, қорытындысын жария етті. Сол бойынша соңғы үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаса, оның 11 млрд теңгесі қолды болып, бүгінде тек 5,2 млрд теңгесі ғана өтелген екен. Отандық білім беру саласында 2020 жылдан бері жемқорлық жасағаны үшін істі болған 143 адам сотталған. Бұл бағыттағы заң бұзушылық әрекеттері еліміздің әр өңірінде тіркелуде. Ал Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары алдағы уақытта аталған мәселеге қатысты талдау жасап, БАҚ өкілдеріне ашық түрде ақпарат тарататынын мәлімдеді. Әзірге олар аймақтың білім беру саласындағы ахуал жайлы жақ ашпай отыр. Есесіне, Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті осы жылдың алғашқы алты айының қорытындысын шығарып, заң бұзушылық оқиғалары орын алғанын жария етті. Аталмыш департаменттің дерегінше, биыл бірінші жартыжылдықта аймақта 1 миллиард 615 миллион теңгенің оңды-солды шашылғаны анықталған. Қазына қаржысын жымқыру оқиғасы білім беру, спорт және мәдениет саласында көп тіркелгені белгілі болды.

– Тексеру барысында аймақтағы бір ғана лауазымды тұлғаның 48 миллион теңгені жымқырғаны анықталды. Ол бұл әрекетін екі бірдей ұйымда қызмет етіп жүрген кезде жүзеге асырған. Бұдан бөлек, 63 миллион теңгеден астам сомадағы бюджет қаражатын ұрлаған мектепке дейінгі үш мекеме бухгалтерлерінің әрекеті әшкере болды. Қазіргі уақытта кінәлі деп танылған тұлғаларға қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Аталған істер бойынша тергеу шаралары жүргізілуде, – дейді Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Дәурен Махметов. Бұл – тек жарты жылдағы мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзу деректері. Ал осы күнге дейін үлкенді-кішілі жасалған жемқорлықтың қаншасы жабулы күйінде қалып қойғаны беймәлім…

Мамандар жемқорлық тәуекелдеріне баратындардың бірнеше айла-тәсілді пайдаланатынын да анықтады. Атап айтар болсақ, мектепте мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға жалақы аудару, қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлемдерде басқа тұлғаның тегін көрсету, бір адамға бірнеше рет ақша аудару сынды деректер тіркелген. Бұдан былай, осындай оңай олжаға тосқауыл қойып, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған «Жол картасы» іске қосылады деп жоспарлануда. Оның қаншалықты нәтижелі болатыны уақыт еншісінде!

Өкінішке қарай, бірнеше жыл бұрын «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің еңбекақысы екі-үш еселенгеніне қарамастан, білім беру саласын әлі де жемқорлық жайлауда. Бұл ел ертеңі үшін өте қауіпті. Сондықтан ел болып жұдырықтай жұмылып, жемқорлықсыз Жаңа, әділетті Қазақстанды құруға атсалысайық, ағайын!

Нұржайна Шодыр.