Қандай өзгеріс бар?

Сәу 23, 2026

Отандық білім беру жүйесі тағы да өзгеріске ұшырады. Бұл жолы көптен бері мұғалімдерді толғандырып жүрген бірқатар мәселе оң шешімін тапты.

Сонымен, елімізде ұстаздар қауымына қатысты нақты қандай өзгерістер орын алуда? Жауап іздеп көрейік…

Тесттен босатылады

Бұдан былай қазақстандық мұғалімдер пәндік тест тапсырмайтын болады. Яғни, олар тестілеуден босатылады. Сол арқылы педагогтардың жүктемесі жеңілдетілмек. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, ұстаздарды бір қуантып тастады.

– Енді кәдімгідей біздің педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеп жүрген ұстаздарымыз өзінің пәндік біліктілік тестін тапсырмайды. Бұл тестті біз алып тастадық. Бірақ бұл тестті кім тапсырады? Педагогикалық қоғамдастығына, яғни педагог мамандығына ең алғаш қадам басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені, олар мамандыққа енді ғана келе жатыр. Олардың білім деңгейін біз білуіміз қажет, – деді министр.

Демек, енді мектепте бұрыннан жұмыс істеп жүрген мұғалімдер таст тапсырып, әуреге түспейді. Алайда көпшілікті бұл өзгеріс жалақыға әсер ете ме деген сұрақ мазалауда. Бұған қатысты жауап берген ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова:

– Ақшаға байланысты мәселе міндетті түрде шешіледі. Қандай жағдай болмасын, педагогтың құқығы бірінші орында. Қазіргі уақытта бұрын тапсырған педагогтар ОЗП-дан өтіп, портфолиосын жинақтаған. Олар аттестаттаудан өтеді. Ал енді өтпей қалған педагогтардан соңғы өзгерістерге байланысты ОЗП-дан өту талап етілмейді. Біліктілік санатына өту немесе өтпеу тестілеумен емес, әр мұғалімнің жеке портфолиосымен бағаланады. Онда оқушы мен мұғалімнің жетістігі, білім сапасының динамикасы бір платформада жинақталады. Құжаттары қабылданып, қаралып, әрі қарай өзінің тиісті категориясы бойынша қосымша ақысын алады, – деп түсіндірді. Яғни, жаңа өзгеріс бойынша мұғалім тест тапсырмайды, тек нақты нәтиже көрсетіп, сол бойынша білімін дәлелдейді және соған сай үстемеақы алады.

Бағдарлама жазбайды

Білім беру саласындағы тағы бір өзгеріс – авторлық бағдарлама жазу талабы жойылады. Енді ешбір мұғалімнен авторлық оқу бағдарламасын әзірлеу талап етілмейді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай өзгерістің енгізілуіне бірқатар себептер әсер еткен.

– Біз мұғалімдермен бірге бұл мәселені ұзақ уақыт талқыладық. Бұдан былай авторлық оқу бағдарламасын жазудың және ұсынудың қажеті жоқ. Бұл талаптың білім беру үдерісінің сапасына нақты қаншалықты әсер ететінін, сондай-ақ дайындалған бағдарламалардың тәжірибеде қаншасы қолданылып жатқанын анық көріп отырған жоқпыз, – деген министр аталмыш бастама күткен нәтижені бермегенін, сондықтан жүйені өзгерту қажеттілігі туындағанын алға тартты.

Осылайша, жаңа шешім бойынша мұғалімдердің жүктемесі азайып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруларына мүмкіндік жасау көзделіп отыр.

Жүктеме алынады

Алдағы уақытта мұғалімдерді артық жұмысқа тартқандарға айып-пұл салынуы мүмкін. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов педагогтардың жұмыс уақыты мен жауапкершілік шегін нақтылауды ұсынды. Оның айтуынша, мұғалімдер каникул кезінде, демалыста және түнгі уақытта оқушыларға жауап беруге міндетті емес. Осы мәселені заң жүзінде бекіту көзделуде. Әйтпегенде, елімізде оқушылардың құқықбұзушылығы үшін мұғалімдерді жұмыстан шығару жағдайлары орын алғанын айтқан депутат бұл – педагогтың қызметтік міндетіне жатпайтын жауапкершілікті жүктеу екенін атап өтті.

– Мұғалімнің орны қандай? Оның нақты қызметі бар. Кейде ұстаздарды өзен күзетуге шақырған, тіпті, ол еңбек демалысы уақыты болған. Мұндай жағдайлар болмауы керек, – деді депутат. Сонымен қатар, ол педагогтарды өз құзыретіне кірмейтін жұмыстарға тарту мәселесін де көтерді.

– Ұстаздардан қажет етілмейтін есептерді сұраса, өз құзыретінде жатпайтын жұмысқа тартса, сенбілікке міндеттесе – айыппұл қарастырылмаған, тек ескерту бар. Біздің ұсынысымыз бойынша нақты айыппұл болуға тиіс, – деді Асхат Аймағамбетов. Оның айтуынша, бұл өзгерістер педагог мәртебесін нақты қорғауға және олардың кәсіби қызметіне қатысы жоқ жүктемені азайтуға бағытталмақ.

Осылайша, елімізде мұғалімдердің алаңсыз еңбек етуіне, бар назарын балаларға сапалы білім беруге бөлуіне басымдық берілуде. Сондай-ақ, артық міндеттемелер мен жүктемелерден де босату көзделуде. Демек, ұстаздарға деген құрмет күшейе түспек.

Нұржайна ШОДЫР.