Елімізде мұғалімдердің мәртебесін көтеру мәселесі дау туғызуда. Анығын айтқанда, кейбір халық қалаулылары педагогтарды қоғамдық жұмыстардан біржола босатып, мемлекеттік маңызы бар шараларға да қатысуға міндеттемеу керек деген пікір білдіруде. Олардың айтуынша, педагогтар тек балаға білім берумен ғана айналысқаны жөн. Алайда кейбір зиялы қауым өкілдері керісінше, мұндай істің басы-қасында алдымен мұғалім тұруы тиіс екенін айтып, ұлағатты ұстаздар көпшілікке үлгі-өнеге көрсету керектігін алға тартуда.
Осылайша, қазіргі таңда ел арасында екіұдай пікір тудырған айтулы мәселе қызу талқыланып жатқан жайы бар. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Сонымен, мұғалімдерді қоғамдық жұмыстан босатқан жөн бе? Көпшілік арасында түрлі пікірталас тудырған тақырыпты «Алаңның» талқысына да салып көрген едік.
Анар ЖЕТІБАЕВА, Май ауданы Малайсары жалпы орта білім беру мектебінің директоры:
– «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бұл мәселенің де екі жағы бар. Неге қоғамдық жұмыстардан босату керек дегенге келер болсақ, мұғалімнің басты міндеті – сабақ беру, оқушымен жұмыс істеу. Ал сайлау, сенбілік, есеп беру сияқты жұмыстар уақыт пен күшті алады. Сапаға әсер етеді. Ұстаздың дайындалуына, дәптер тексеруіне, өзін дамытуына уақыты азайса, сабақ сапасы да түседі. Олардың жүктемесі онсыз да жоғары. Қосымша қоғамдық жұмыс күйзе-лісті күшейтеді.
Екінші жағынан алсақ, мұғалім тек балаға сабақ бермейді, қоғамның белсенді мүшесі болуды да үйретеді. Іс-шараға қатысу арқылы оқушыға үлгі көрсетеді. Осы орайда, мектеп – қоғамның бір бөлігі екенін естен шығармау қажет. Мұғалім шет қалса, мектеп те қоғамнан ажырап қалады. Сондықтан бұл жерде «қоғамдық жұмыс» дегеннің не екенін нақтылап алу керек деп ойлаймын. Әрине, заң бойынша мұғалімдерді өз міндетіне кірмейтін жұмысқа жегуге болмайды. Бірақ оқушымен сенбілікке шығу, ата-аналармен жоба жасау, бұл – тәрбие процесінің бір бөлігі. Демек, мұғалімді тәрбиелік мәні бар, өз еркімен қатысатын шаралардан толық оқшаулау да қоғамға пайда әкелмейді. Сол үшін алдымен педагогтардың міндетін нақты ажыратып алу керек дегім келеді.
Айтжамал ДҮЙСЕНБЕКОВА, ардагер ұстаз:
– Менің ойымша, елдегі ең білімді адам – мұғалім. Барлық мамандық иесі, тіпті, ғұлама ғалым да, көреген басшы да ұстаздан тәлім алады. Сондықтан осындай жандардың қоғамдық жұмыстарға, мемлекеттік маңызы бар шараларға қатысып, үн қосқаны жөн деп санаймын. Мәселен, елімізде референдум, сайлау, басқа да саяси жұмыстардың әділ әрі ойдағыдай өтуі үшін сауатты, білімді адамдардың араласқаны дұрыс. Бұл ретте, мұғалімдердің орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Тарихқа көз жүгіртсек, кезінде екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде де Отан қорғауға алдымен ұстаздар аттанды емес пе?!
Ұстаз деген – балаға білім беруші ғана емес, үлгі-өнеге көрсетуші, бір сөзбен айтқанда, бүкіл қоғамның айнасы. Сол үшін олардың мәртебесін көтергеннің жөні осы екен деп мектептен шығармай, ешбір шараға қатыстырмай, қоғамнан тыс қалдыру ақылға қонбайды. Мұндай мамандардан білім алған ұрпақ та жасық болып өспесіне кім кепіл?.. Сол үшін қандай жағдай болса да мұғалімдер алдыңғы саптан көрініп, жол бастап, лапылдан жанып тұруы қажет деген пікірдемін.
Нұртілек АЙДОС, Ақсу қаласыны ң тұрғыны:
– Мен мұғалімдерді қоғамдық жұмыстардан босатқан жөн деп санаймын. Шыны керек, мектепте ұстаз болып жұмыс істейтін жақындарым да, таныстарым да көп. Әсіресе, саяси науқан кезінде, басқа да шаралар болып жатқан уақытта солардың жанталасып жүгіріп жүргенін көріп, жаным ашиды. Неге мұғалімдерді отқа да, суға да сала береді деген ой толғандырады. Олар онсыз да мектепте жұрттың баласын оқытады, сауатын ашады. Отбасында өзінің бала-шағасына қарайды, басқа да міндеттері бар. Ол аз болғандай, қоғамдық жұмыстарға тарту деген мүлдем дұрыс емес деп ойлаймын. Осындай жағдайлар мұғалімдердің бет-беделіне нұқсан келтіреді, әрине. Соның салдарынан мектепте ұстаздың айтқанын тыңдамайтын, үлкенді сыйламайтын ұрпақ көбейіп барады. Тіпті, оларды видеоға түсіріп, келеке қылғаны жайлы жағдайлардың да орын алып жатқанын естіп, жаға ұстап жүрміз. Мұның бәрі ұстазға деген құрметтің азайғанын білдіреді. Бұрын өзіміз де бала болдық, мұғалімнен қаймығатынбыз, қорқатынбыз. Мұның артында үлкен сыйластық тұратын еді. Ұлағатты жандарды осы құрметтен айырмайықшы. Ұрпақ алдында олардың беделін түсірмейікші. Олардың орны – төр екенін ұмытпайықшы дегім келеді.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.
