Аймағымызда 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакциналау шарасы басталады. Екпе алғысы келетін тұрғындар тіркеуде тұрған емханаға барып, препаратты тегін қабылдай алады. Бұл ретте медициналық мекемелерде егу кабинеттері дайындалған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева мәлім етті. Оның айтуынша, биыл тұрғындарға Ресейдің «Гриппол +» вакцинасы салынады. Бұл ретте жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 88 млн теңгеден астам қаржыға 90 мың доза сатып алынған. Препараттың мұндай көлемі облыс тұрғындарының 11,9 пайызын иммундауға мүмкіндік береді.

— Ең бірінші кезекте қауіпті топқа жататын адамдарға екпе салынады. Оларға медициналық қызметкерлер, медициналық бақылауда тұрған балалар, 6 айдан асқан, көп ауыратын сәбилер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар, жүкті әйелдер, жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы ауруына шалдыққан науқастар, қарт адамдар жатады. Екпе алғысы келетін өзге тұрғындар тіркеуде тұрған емханаға барып, вакцинаны тегін ала алады, — дейді Айгүл Мұқышева.

Айгүл Мақанқызы тұмауға қарсы вакциналау шарасына облыс бойынша 340 екпе кабинеті дайындалғанын айтады. Сонымен қатар, 133 екпе бригадасы жұмыс істейді. Вакциналау шарасына
121 дәрігер, 69 көшпелі екпе бригадасы жұмылдырылады. ЖРВИ, тұмау COVID-19 кезінде шақыр-туларға 71 мобильді бригада көмек көрсетеді.

Аймағымызда жыл басынан бері 250 мыңнан астам адамда ЖРВИ анықталған. Оның ішінде 173 мыңы – балалар. Шілде айының соңында бастау алған мониторинг жүргізу кезінде аталған індеттің 5864 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 5635 адам амбулаторлық деңгейде ем қабылдаған. 229 адам стационарда денсаулығын қалыпқа келтірген. Оның ішінде 193 бала, 7 жүкті әйел бар.

Облыстық санитарлық-эпидемио-логиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев облыста тұмау тіркелмегенін айтады. Қазіргі уақытта облыста ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. 25 шілдеден бастап апта сайын мониторинг жүргізілуде.  Оның нәтижесінде ЖРВИ-мен ауыратын адам санының апталық өсімі 1,1 есеге көбейген.

— Тұмаудан болатын асқыну-ларды болдырмаудың жалғыз жолы – вакцина. Екпеден кейін
иммунитет 2-3 аптадан кейін қалыптасады.  сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлімді азайтудың жалғыз және тиімді шарасы вакцинация болып табылады. Департамент тарапынан облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларымен қызметкерлерді тұмауға қарсы вакциналау шарасының маңыздылығы түсіндірілуде. Жыл сайын жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 2500-ге жуық адам егіледі. Тұрғындарды маңызды науқанға қатысуға шақырамын, — деді Б.Әлиев.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.