Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын тамашалаған жұртшылық көп жағдайда өзінің әлеуметтік өміріне әсер ететін тұстарды асыға күтетіні жасырын емес. Яғни, денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау бағытындағы оң өзгерістерге бірден елең етеді. Содан кейін әлеуметтік саланың дамуы үшін аса қажетті экономикалық жаңашылдықтарға ойыса бастайды. Президенттің соңғы Жолдауында айтылған ең төменгі жалақының 2024 жылы өсетіні көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.

 

— Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен, облысымызда осы өзге-ріске байланысты қанша тұрғынның табысы артады? Бұл жөнінде облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасынан білген едік. Басқарма басшысы Ирина Назарчуктың мәлімдеуінше, аймағымыздың 44 мың азаматының алдағы жылы айлығы өседі. Олардың 21 мыңы бюджеттік салада еңбек етеді. Олар – жұмысшы мамандар мен көмекші персонал. Яғни, бала-бақшалардағы тәрбиешілердің көмекшілері, музей қызметкерлері, архившілер, күзетшілер, қойма қызметкерлері, коменданттар, кассирлер және тағы басқалар. Қазіргі таңда олардың қызметтік жалақысы — 70 мың шамасында. Жалақысы сәл де болса артатын азаматтардың бірі – Екібастұз қаласына қарасты Байет ауылы орта мектебінің қызметкері – Айша Мүтән. Мектепте вахтер болып еңбек ететін ол қазіргі таңда еліміз бойынша ең төменгі еңбекақы мөлшерінде, яғни 70 мың теңге айлық алады.

— Әрине, айлықтың аз да болса артқанын кім болса да қалайды ғой. Қазіргі қымбатшылық заманда еңбекақының өскенін күтеміз. Президенттің Жолдауынан естіп, әрине, қуанып қалдық. Зейнетке шығар алдында жалақының өскені ертеңгі зейнетақыма оң әсер етеді ғой деп отырмын, — дейді А.Мүтән. Байет ауылдық мектебінің директоры Акбар Сейсенбаевтың айтуынша, білім ордасында он шақты азамат ең төменгі жалақы мөлшерінде айлық алады. Яғни, олар — күзетшілер, вахтерлер, еден жуушылар. Түнгі кезекшілік, мерекелік күндердегі кезекшілік, бір-бірін алмастыру есебінен кейде ең төменгі еңбекақы мөлшерінде алса, кейде асырып алатынын алға тартты. Мектеп басшысы айлықтың артуы қызметкерлеріне оң әсерін тигізетініне сенімді. Жалпы бұл өзгеріс жалақы есептеу түрі ең төменгі еңбекақы мөлшерімен тікелей байланысты мекемелерге қатысты болмақ. Бұл жөнінде облыстық кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Галина Бирюкова атап өтті. Нақты мысал негізінде түсіндіріп берді құзырлы орган өкілі. Мәселен, табыс коэффициенттер қолдану арқылы санаттар бойынша есептеледі делік. Биыл 1-санаттағы 2,6 коэффициентті қызметкер ең төменгі еңбекақы 70 мың болғанда, 182 мың теңге алып келді. Келесі жылы бұл коэффициент ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге көбейтілгенде, әлгі қызметкердің табысы 221 мың теңгеге жетеді. Яғни, айына 39 мың теңге қосылды деген сөз. Осылайша, оның жылдық табысы 468 мың теңгеге өседі. Ал 2-ші санатты, 2,1 коэфициентті маман биыл 147 мың теңге алып келсе, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын 178 мың теңге табыс табады. Бұл азаматтың кірісі 31 500 теңгеге еселенгенін көрсетеді. Сөйтіп, 12 айдағы жалпы табысы 378 мың теңгеге ұлғаяды. Тағы бір айта кетерлігі, ауылдық жерлерде жеке кәсіпорындарда, шағын шаруашылықтарда әлі де ең төменгі еңбекақы мөлшерінде 70 мың теңге айлық алатын азаматтар аз емес. Енді мұндай кәсіпкерлік иелері де 2024 жылы жалақыны кемінде 85 мың теңгеге көтеруге міндетті. Қайбір бизнесмен жалақыға жұмсалатын шығынды көбейтуге ынталы дерсіз. Бірақ, заң бойынша ешбір кәсіп иесі қол астындағы жұмысшысына еліміз бойынша бекітілген ең төменгі жалақыдан аз айлық бермеуі тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда азама-ттар облыстық еңбек басқармасына хабарласып, шағым түсіре алады. Облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапановтың мәлімдеуінше, бүгінге дейін мұндай арыз түспеген. Ал азаматтар жүгінген жағдайда тексеріс жүргізіп, тиісті шара қолданылады. Жалпы, қай салада болсын, азаматтар табысының өсетіні қуантарлық. Алайда, көпшілік кірістің өсуімен бірге заттар құнының шарықтайтынынан қауіптенетіні жасырын емес. Ал сарапшылардың пікірінше, шынымен, кірістің артуы инфляцияның қысқа мерзімге өсуіне әкеледі. Оған тұтынушылық себетке кіретін тауарлар мен қызметтерге қосымша сұраныстың өсуі ықпал ететін көрінеді. Бірақ, өндіріс еселенген сұранысқа бейімдел-геннен кейін инфляцияға әсері біртіндеп әлсірейді. Тағы бір пайдасы, мамандардың пікіріне сүйенсек, табыс өскеннен кейін тұтыну көлемі артады, сәйкесінше, экономиканың өсу қарқыны жеделдейді деп болжайды. Себебі, тұрғындар кірісінің негізгі көзі – еңбекақы. Бір-бірімен тонның ішкі бауындай байланысқан айналадағы өзгерістер, ең бастысы, оңынан болғай.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.