Ақсу қаласында салынған жылу қазандығының әлі іске қосылар түрі жоқ. Әу баста жоба мен техникалық-экономикалық негіздеменің дұрыс жасалмауына байланысты қазір жұмыстар тұралап түр. Ал мұндағы құрылыс жұмыстарына алты жыл аралығында миллиардтаған қаржы жұмсалды.

Кеше облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына жұмыс сапарымен барды. Алдымен аймақ басшысы 2017 жылы құрылысы қолға алынған қазандыққа барды. Бұл жобаның жалпы құны – 10,8 млрд теңге. Жоспар бойынша, мұндағы алты қазандықтың әрқай-сысы сағатына 30 ГКал жылу береді. Бірақ мұның барлығы әзірше жүзеге аспай тұр. Мұндағы негізгі жұмыстар 2019 жылы аяқталғанымен, шағын шаһар әлі де Ақсу ферроқорытпа зауыттарының ескі қазандықтары арқылы жылытылып отыр.  Белгілі болғандай, бас мердігер – «KBI Energy» ЖШС үккіш құралдар орнатқан. Алайда олар қазандықтың мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамасында қарастырылмаған. Бір жағынан, бұл құралдарсыз қазандықтың жұмыс істеуі мүмкін емес. Екінші жағынан, әкімдік жобадан тыс салынған нысанды қолданысқа қабылдай алмайды.

– Бұл мәселені шешудің екі жолы бар: мердігер барлығын жобада қарастырылғандай етіп дайындауы керек не болмаса сол үккіш құралдарды заңдастыру үшін жобаға өзгерістер енгізу қажет. Мұның барлығы – жобаға жауапты компанияның құзіретіндегі іс, – деді А.Байханов. Өз кезегінде мердігер ұйым өкілдері құралдарды заңдастыруға өтініш бергенін баяндады. Жоба түзетіліп, қазан айының ортасында дайын болуы керек. Содан соң қазандықты қабылдап алу, іске қосу мәселелері қарастырылады. Тағы бір мәселе – жаңа қазандықтан берілетін жылудың тарифі. Бұған дейін айтылғандай, коммуналдық қызметтің ақысы жұртшылық үшін бірнеше есе қымбатқа түсуі мүмкін. Асайын Байханов бұл мәселе әлі де жан-жақты сараланатынын атап өтті. Жаңа қазандықтың қымбат жылуы тек заңды тұлғаларға беру, ал тұрғын үйлерді Ақсу ферроқорытпа зауыты арқылы әрі қарай да жылыту нұсқалары қарастырылуы да ықтимал.

 

Т.ӘБІЛДА,

Ақсу қаласы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.