Биыл елімізде жалпыға ортақ декларацияның екінші кезеңі басталды. Соған сәйкес, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала өкілдері, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері активтері, табыстары мен мүліктері туралы есеп толтыруы тиіс. Келесі жылы мұндай есепті заңды тұлғалармен жеке кәсіпкерлер, ал 2025 жылдан бастап еліміздің барлық азаматы тапсыруға міндет-теледі. Бұл ретте павлодарлықтардың белсенділігі қалай? Декларацияны қай уақытқа дейін өткізіп үлгеру керек? Толтырмаған жағдайда қандай да бір жауапкершілік қарастырыла ма? Осы және өзге де сауалдарға облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Рысбек Минаймбеков жауап берді.

– Рысбек Минаймбекұлы, биыл жалпыға ортақ декларация аясында қай саланың қызметкерлері қандай есеп-терді тапсыруы керек?

–  Осы жылы азаматтар толтыратын салықтық есептің екі түрі бар. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, мемлекеттік қызметті орындауға уәкілетті тұлғалар мен олардың жұбайлары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген міндеттер жүктелген басқа да азаматтардың санаттары мен олардың жұбайлары 270.00-нысанындағы есепті толтырады. Ол – табыс пен мүлік туралы есеп. Яғни, аталған сала мамандарының меншігіндегі мүлік пен кірісі көрсетіледі. Сонымен қатар, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға ортақ декларацияның екінші кезеңі аясында мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен олардың жұбайлары да мәлімет-терін тапсырады. Олардың қатарында балабақша, мектеп, емхана, аурухана, ұлттық холдинг өкілдері бар. Аталған санаттағылар 250.00 нысанындағы «Активтер мен міндеттемелер» деп аталатын декларацияны тапсырады. Декларацияны жылына бір рет толтырады. Оны kgd.gov.kz сайтындағы «Салық төлеушінің кабинеті», «Электронды үкімет» порталы, «Е-Salyq Аzamat», «eGov mobile» және «Homebank» мобильді қосым-шалары арқылы толтыруға мүмкіндік бар.

– Декларацияда қандай мәліметтер көрсетіледі?

– Бастапқы 250.00 нысанындағы декларацияда Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлік пен активтерден бөлек, тұрғын үй құрылысындағы үлесі, инвестициялық алтын, құнды қағаздар, сонымен қатар 10 мың АЕК-тен аспайтын (2022 жыл үшін 30 063 000 теңге) қолма-қол ақша болса, сол туралы мәліметтер ұсынылады. Одан кейін тұрғындар жыл сайын табыс пен мүлік туралы 270.00 нысанындағы есепті тапсырады. Онда барлық табыс түрі, дивиденттер, ұтыстар, басқа да кірістің барлығы көрсетілуі керек. Мүлік сатып алуға жұмсалған қаржының да кіріс көзі жазылуы қажет. Жалпы, декларация осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін толтырылуы тиіс.

– Оны толтырмаған жағдайда қандай да бір жауапкершілік қарастырылған ба?

– Декларацияда қандай да мүлікті көрсетуді ұмыт қалдырған жағдайда үш жыл аралығында өзгерістер енгізуге рұқсат етілген. Ал уақытылы тапсырмаса немесе мүлде толтырмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алдымен ескерту жасалады, бір жыл аралығында қайталанса 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер активтер мен міндеттемелер, табыс пен мүлік, жеке табыс салығы туралы толымсыз, шындыққа жанаспайтын мәліметті көрсетсе де алғаш рет ескерту беріледі. Кейін 3 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.

– Бұл ретте павлодарлықтардың белсенділігі қалай?

– Біздің облыста мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік секторда еңбек ететін 80 мыңға жуық адам 250.00 нысанындағы декларация ұсынуы қажет. Осы уақытқа дейін 78 091 тұрғын барлығы 81 746 есепті толтырды. Сол сияқты 270.00 нысанындағы декларацияны 17 мыңға жуық мемлекеттік қызметші тапсыруы керек. Бүгінде осы саланың 15 437 қызметкері 19 822 өз мәліметтерін көрсетті. Алдағы уақытта тағы 1,5-2 мың адам тиісті есептерін жолдайды деген жоспар бар. Бұл істі 15 қыркүйекке дейін қалдырмай, жоғарыда көрсетілген сайт және мобильді қосымшалар арқылы ерте толтырған жөн.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.