Еліміздегі негізгі үш мұнай өңдеу кәсіпорнының бірі — Павлодар мұнай-химия зауыты жекенің қолына өтеді-міс деген ақпарат соңғы күндері әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Бірақ «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басшылығы мұндай ақпаратты жоққа шығарды. Алдағы уақытта зауыттың жұмысына өзгеріс енгізу жоспарда жоқ көрінеді.

Бірнеше күн бұрын кейбір ақпарат айдынында Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттары сатылуы мүмкін деген ақпарат тарады. Сондағы болжам бойынша, қазақстандық қос кәсіпорын ресейлік компаниялардың қолына өтеді. Атап айтқанда, Атыраудағы зауытты «Лукойл», ал павлодарлық өңдеу орнын «Газпромнефть» сатып алынады деп көрсетілген. Бірақ бұл мәлімет шындыққа жанаспайтын болып шықты.

— Павлодар мен Атыраудағы мұнай кәсіпорындарын жеке-шелендіру жоспарда жоқ екенін ресми түрде мәлімдейміз. Бұған дейін кейбір әлеуметтік желідегі парақшалар мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәлімет жалған. Мұндай сипаттағы келіссөздер жүргізілген жоқ. Барлық өндірістік жұмыстар штаттық режимде жүргізілуде, — деп мәлімдеді «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев.

Бұған қатысты Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев те пікір білдірді. Ведомство басшысының айтуынша, сатылымға қатысты қандай да бір келісімдер жасалған жоқ.

— Қазіргі уақытта келіссөздер туралы айтуға әлі ерте. Иә, отандық кәсіпорынның бірінің жартысы «ҚазМұнайГаз» компаниясының, жартысы СNPC компаниясының иелегінде. Жеке меншіктегі шағын мұнай өңдеу орындары да бар. Бұл ретте меншік иесі емес, оның инвестициялық бағдарламаны қалай жүзеге асыруы маңызды. Бастысы, тұрақты жұмыс. Сол кезде ғана жоғары өнімділікке қол жеткізуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда «ҚазМұнайГаз» компаниясының ісі өнімді. Ал активтерді сату мәселесі компанияның өз құзіретінде. Атап өтерлігі, аталмыш кәсіпорын қазірдің өзінде-ақ негізінен жеке компания деп саналады. Себебі ІРО нәтижесінде компания акциялары айналымға енгізілген. Яғни, ол мемлекеттік емес. Жекешелендіруге келер болсақ, оны коммерциялық ұсыныстардың тиімділігі мен өңдеуге қатысты мемлекеттік бағдарламаны дамыту тұрғысынан қараған жөн болар, — деді министр.

Айта кетейік, биыл Павлодар мұнай-химия зауытында шикізатты өңдеудің жалпы көлемі 0,9 пайызға азайып, 5, 434 млн тоннаны құрады.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.