Облыстық мәслихаттың VI кезекті сессиясында аймақтың басты қаржылық құжаты нақтыланды. Яғни, соңғы өзгерістер енгізілді. Бұл ретте, аймағымызда бұрын-соңды болмаған қатты желдің салдарын жоюға аудандарға қосымша қаржы қарастырылғанын айта кеткен жөн. Сессия отырысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысты.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктың мәлімдеуінше, бюджетті сапалы орындау үшін жекелеген тұстарды түзетуге тура келген. Облыстық әкімшілермен, Павлодар және Екібастұз қалаларының атқарушы органдарымен, мемлекеттік кіріс департаментімен бірлесіп, бюджеттің кірісі мен шығысының орындалу барысында талдау жасалған. Нәтижесінде, облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 5,5 млрд теңгеге азайтылыпты. Соның ішінде Павлодар мен Екібастұз қалаларының контингентін және аударымдарды бөлу нормативтерін қайта қарау есебінен 4,6 млрд теңге қос шаһардың қазынасына түседі. Тағы бір атап өтерлігі, 1,5 млрд теңге жылумен, сумен қамту, төтенше жағдайлардың салдарын жою және басқа да мәселелерді шешуге бағытталып отыр. Ирина Петровнаның айтуынша, осы соманың 540,1 млн теңгесі жылу-электр орталықтарындағы қазандықтардың ақауларын жоюға, 4 жылу магистралін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жұмсалады. 40,1 млн теңге Баянауыл ауданындағы 4 су құбырының құрылысын аяқтауға бағытталып отыр. Себебі, жобаның қымбаттауына байланысты қосымша қаржы бөлуді қажет еткен. Қазынадан 147 млн теңге жуырда қатты желден залал келген нысандарды қалпына келтіруге жұмсалады. Бұл қаражат аудандарға бөлінеді. Өйткені, аудандардың бюджеттерінен зақымданған әлеуметтік нысандарды жөндеуге қаржы жетпейді. Аудандық деңгейде қазынаның 2 пайызы ғана төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын қорға қарастырылады екен. Ал мұндай аз сома соңғы ауа райының тосын мінезінен келген залалды жоюға жетпейді. Облыстық бюджеттен 20 әлеуметтік маңызы бар маршрут бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға қосымша 7,9 млн теңге қарастырылды. Себебі, жолаушылар легі өскен. Соңғы өзгерістер мен толықтыруларды енгізгеннен кейін облыстық бюджеттің нақтыланған көлемі 436,8 млрд теңгені құрады. Оның 70,6 млрд теңгесі — республикалық қазынадан бөлінген мақсатты трансферттер мен кредиттер. Биылғы жылдың облыстың басты қаржылық құжатына енгізілген өзгерістерді мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Сессия отырысында облыстық мәслихаттың депутаты Ержан Ертаевтың өзге өңірге қоныс аударып, басқа қызметке ауысуына байланысты мандаты мерзімінен бұрын тоқтатылды. Оның орнына «Ауыл» партиясы атынан Саят Елдонгенов қабылданды. Елімізде және өңірімізде орын алған соңғы оқиғаларға байланысты әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді қаузайтын депутаттық топ құрылып, құрамы бекітілді. Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченконың айтуынша, мұндай топ әкімдіктегі топтармен бірлесіп, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан, қорлаудан қорғау үшін қажетті ұсыныстар айтып, жағдайларға толыққанды талдау жасаумен айналысады. Бұл ретте, ҚР Парламенттегі өңірімізден сайланған депутаттармен де қоян-қолтық жұмыс атқарып, қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізу турасында еңбек етеді. Құрылған тағы бір депутаттық топ еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек заңнамасының сақталуына мән бермек.
Отырыста әлеуметтік маңызы бар автомобиль бағыттарын субсидиялау мәселесі де қозғалды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтің мәлімдеуінше, бүгінде облыста 162 маршрут бар. Биыл әлеуметтік маңызы бар бағыттың санын 51-ге арттыру мүмкін болған. Осылайша, бүгінде 107 бағыт субсидияланады. Олардың 20-сы — облысішілік, 41-і — ауданішілік және 46-сы — қалалық. Оларға 4,8 млрд теңге бөлінген. Осы ретте, облыстық мәслихат депутаты Сабиден Мантыков Ақтоғайға қатынайтын автобусқа мән беруді сұрады. Себебі, балалардың таксимен қатынауы қауіпті екенін алға тартты. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов Павлодар-Ақтоғай-Шолақсор бағытындағы автобус қатынасы маңызды екенін атап өтті. Өйткені, бұл бағыт аудан ауылдарының 70 пайызын қамтиды. Сондықтан, алдағы уақытта оның қауіпсіздігі мен адамдармен толығуы тұрғысынан жағдайды саралап көруге кеңес берді. Депутаттар да әлеуметтік маңызы бар бағыттардың мәселесін жеке қарауға уағдаласты.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.