Өңірімізге алыс-жақыннан жеткізілетін жануарлардан алынатын азық-түлік өнімдері арнайы мамандардың қатаң қадағалауында. Осы мақсатта биыл жыл басынан бері ветеринариялық бақылау бекеттерінде 4968 автокөлік тексеріліп, 83 бұзушылық анықталған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Бәке Тасыбаевтың айтуынша, бүгінде аймағымызда Ресей Федерациясымен шекаралас Ертіс, Железин, Успен, Шарбақты аудандарында 5 ветеринариялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Жыл басынан бері аталмыш бекеттер арқылы  36 мың тонна жануарлардан алынатын өнім және 63,2 млн дана тауық жұмыртқасы мен 37,9 мың бас жануар өткен.

– Бұл бекеттердегі бақылау тәулік бойы жүзеге асырылады. Барлығы қажетті жабдықтармен, автокөліктермен және интернетпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша Шекара қызметі және облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мамандарымен де бірлескен жұмыстар жүргізіліп, күн сайын деректер мұқият салыстырылып, тексеріліп отырады, – дейді Бәке Тасыбаев. Оның сөзіне қарағанда, осы бағыттағы ширақ жұмыстардың нәтижесінде жануарлардан  алынатын өнімдердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, сырттан келетін түрлі жұқпалы аурулардың таралуына тосқауыл қойылуда. Тасымалдау кезінде тәртіп бұзған көліктер кері қайтарылып, оларға заң бойынша шара қолданылған. Мәселен, жыл басынан бері бақылау-қадағалау функцияларын орындау барысында 261 әкімшілік іс қаралып, 8 млн 500 мың теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар, биыл ережені елемегендерге 1 770 нұсқама беріліп, оның ішінде орындалмаған 57 нұсқама бойынша құқық бұзушыларға 567 мың теңгенің айыппұлын төлеу міндеттелген. Жалпы, аймаққа жеткізілетін азық-түлік өнімдерінің көлемі жыл сайын артуда. Тек ағымдағы жылы облысымызға 12764 тонна жануарлардан алынатын өнімдер жеткізілген. Ал Павлодар облысынан 4,5 мың тонна жануарлар өнімі мен 3,6 млн дана тауық жұмыртқасы экспортталған.

– 2023 жылға бекітілген мемлекеттік мониторинг жоспарына сәйкес келіп түсетін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық референттік орталығына 1200 сынама жіберілді. Жоспар толығымен орындалды. Жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат экспортын жүзеге асыру үшін  Кеден одағы экспорттаушыларының тізіміне 96 кәсіпорын енді. Жалпы, биыл инспекция тарапынан 880 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл ретте, қызмет көрсету сапасы мен мерзімін кешіктіру бойынша  шағымдар түскен  жоқ, – деп түйіндеді өз сөзін инспекция басшысының орынбасары.

Нұржайна ШОДЫР.