Ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы сөзінен.

Бүгінгі таңда облыс орталығы мен қалалар түгілі ауылдардағы баспаналардың бағасы аспандап кеткені рас. Елді мекеннен үй алуды қалайтын азаматтың қалтасында бірнеше миллион теңге болуы керек. Бірақ мұндай қомақты сома ауылдағы ағайынның басым бөлігінде жоқ. Мұндағы баспаналарды ипотекаға рәсімдейтін мүмкіндік те жоқ. Сондықтан қысылтаяң шақта тұрғындарға пайызы шарықтап тұрған тұтынушылық несие ресімдеп, соған баспана алуға тура келеді.

Баспана неге қымбат?

Алысқа бармай-ақ өз өңіріміздегі аудан орталықтарындағы баспаналардың бағасын бағамдап көрейік. Мәселен, Май ауданының орталығындағы үйлер орта есеппен алғанда 5 млн теңгеден басталып, 8 млн теңгеге дейін жетеді. Тереңкөл ауданындағы бірнеше сотық аумағы бар баспаналардың бағасы да сол 5 млн теңгеден жоғары тұрады. Барлық қажеттілікпен қамтылған үйін 10 млн теңгеге бағалайтын қожайындары да бар. Ақтоғай, Аққулы, Ертіс аудандарындағы үйлердің орташа бағасы да солай. Ал кrіsha.kz сайтына жарнама орналастырған железиндік азамат төрт бөлмелі үйі үшін тіпті 14 млн теңге сұрайды. Қысқасы, аудан-
дардағы үйлердің бағасы арзан емес.

— Ақтоғай ауданында өзіміз бірнеше жыл тұрған үй ескіріп, ата-анамызға жайлы, кең үй алуды жөн санадық. Сөйтіп, ауылдағы баспаналарды қарастыра бастадық. Бағалары қаладағы пәтерлерден кем емес. Орташа алғанда 8-10 млн теңге тұрады. Ауылдағы үйлерге ипотека берілмейтіндіктен, қолма-қол ақшамен есеп айырысу керек. Бірақ қарапайым отбасыда 10 млн теңге қайдан болсын?! Амал жоқ, банктен тұтынушылық несие алып, тірнектеп жинағанымызды қосып, әупірімдеп жүріп баспананы кеңейттік. Есесіне ай сайын банкке 200 мың теңгеге жуық төлем жасап отырмыз. Бұл — ауылдағы ағайынға кәдімгідей салмақ, — дейді Қайрат есімді тұрғын.

Ал Баянауыл ауданындағы кейбір баспаналардың бағасы бұдан да шарықтап тұр. Үй иелері 15 млн теңгеге дейін сұраудан тартынбайды.

— Баянауылдың табиғаты тамаша, ауасы таза екенінде дау жоқ. Тау етегінде, қолайлы жағдайда өмір сүрген жақсы-ақ. Бірақ баспаналардың бағасы тым қымбат. Ауылдан үй алғаннан қаладан бір-екі бөлмелі пәтерді сатып алған әлдеқайда тиімді ме деп те ойлаймын. Себебі, облыс орталығынан пәтер алар болсаң, бастапқы жарнасын салып, қалғанын несиеге ресімдеуге болады. Ал ауылдағы баспаналар ипотекаға берілмейді. Ақшасын бірден төлеу керек. Сол тұрғыдан алғанда да пәтер алған оңтайлы, — дейді баянауылдық азамат Айдос Мұратұлы.

Сатушылардың өзі мұның барлығы – нарық алабы екенін алға тартады. Железин ауданында баспанасын сатылымға қойған тұрғындардың бірімен тілдескенімізде, қазір ауылдағы үйлер де жоғары бағалауға тұрарлық дегенді айтты.

— Кезінде қалаға үдере көшкен көпшілік ауылдың қадірін енді біліп жатыр. Біздің өңірге зейнетке шыққан кей ауылдастар қаладан қайта оралып жатыр. Бұл дұрыс та шығар. Қазіргі таңда ауылдарда да жағдай жақсы. Орталықтандырылған су жүйесі қосылған, жолдар жөнделген. Көшелер де жарық. Ұялы байланыс пен интернет үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қысқасы, жағдайымыз қаладан артық болмаса кем емес. Отбасылық жағдайға байланысты қоныс аударуға тура келмесе, туған жерімнен жырақ кетпес едім. Сондықтан қимай-қимай үйімді сатуға тура келіп отыр. Төрт бөлмелі, жақында жөндеуден өткен баспанамен бөлек монша, көлік қоятын орын, бастысы кең бау-бақшам бар. Жарнамаларды қарасам, мұндай үйлердің бағасы 10 млн теңгеден кем емес. Сондықтан мен де осы бағаны белгіледім. Сатып алуға ниет танытушылар бар, — дейді өзін Михайл деп таныстырған сатушы.

 

1 мамырда басталады

Бір анығы, бүгінде ауылдан баспана алу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Бұрындары жұрт қаладан пәтер алуды армандаса, енді ауылдан бір баспана бұйырса екен дейтін заман туды. Қаланы асырайтын ауыл екенін ескерсек, тұтас мемлекеттің дамуы ауылға тікелей байланысты екенін назарға алсақ, мұндағы өмірді жандандыра түсу керек. Сол себепті де елді мекендерде қолайлы жағдайда өмір сүруге басымдық беріліп жатыр. Бірақ бұған дейін баспана бағасының қымбаттығы кей тұрғындарға қолбайлау болды. Әсіресе, ауылдық жерде мал шаруашылығын дөңгелетуді қалаған кейбір азаматтарға кедергі келтіргені рас. Ел билігі мұны ескеріп, ауылдық жерден үй алуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама әзірлемек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай барысында айтты.

— Ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады, — деген еді Қ.Тоқаев.

Президенттің бұл тапсырмасынан соң Үкімет бірден бағдарлама дайындауға кірісті. Тіпті, оны 1 мамырда іске қосыла-тынын хабарлады. Премьер-Министр Олжас Бектенов жаңа ипотекаға қатысты мәліметтерге тоқталды.

— Ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру үшін 300 миллиард теңге бөлінеді. Бірінші жылы 12 мың отбасы несие ала алады. Оған жұмыс істейтін азаматтар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, «Отбасы банк» салымшылары, моноқалалардың, облыс орталықтарының, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің тұрғындары қатыса алады, — деп хабарлады Үкімет басшысы.

Бағдарлама операторы болып белгі-ленген «Отбасы банк» АҚ мәлімдеуінше, ипотеканың нақты талаптары әлі толығымен бекітілген жоқ. Анығы, баспана алуға қажетті қаражат әлеуметтік осал топ санаттарына жататын көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар азаматтарға жылдық 7 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Ал басқа санаттағы азаматтар қарызды 9 пайызбен ала алады. Бұл ретте Алматы мен Астанада несиенің ең жоғары сомасы 30 миллион теңгені, өзге өңірлерде 18 млн теңгені құрамақ. Тағы бір шарт – бағдарлама аясында облыс орталықтарынан басқа елді мекендердегі алғашқы, екінші нарықтағы баспаналарды, оның ішінде жеке үйлерді де алуға рұқсат етіледі. Осылайша, ипотека тек моноқалаларға емес, Қазақстанның барлық елді мекеніне бағытталатын болады. Мұндай тетік ауылдық жердің өзінде үй жалдап жүрген, қалаған баспанасын ала алмай жүрген талай ағайынға демеу болар деген үміттеміз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.