Алдағы уақытта Шарбақты ауданында жаңа қайта өңдеу кәсіпорны салынады.  Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерінен нарықта жоғары сұранысқа ие май дайындалатын болады. Аталмыш жобаның жай-жапсары инвестициялық штабтың кезекті отырысында талқыланды.

 

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында аталмыш жобаны жүзеге асыру жолдары сөз болды. Жаңа кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 1200 тоннаны құрайды. Яғни, осындай көлемдегі май тұқымын өңдеп, одан күнбағыс майы мен күнжара алады. Май-экстракция зауытында 300-ге жуық жұмыс орны да құрылмақ.

Штабта жобаны қаржыландыру, болашақ зауыт аумағына жақын жерде өтетін теміржол тармағының мәртебесін өзгерту, инженерлік желілерді жүргізу, сондай-ақ күнбағыс өсіру үшін ауыл шаруа-шылығы жерлерін беру мәселелері талқыланды.

Тағы бір инвестициялық жоба туристік салаға бағытталады. Соған сәйкес, облыс орталығында Ертіс өзенінің сол жағалауында эко-қалашық салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ қатысуымен инвестициялық келісім пысықталуда.

– Бұл жобаның экологиялық бөлігі маңызды. Қоқысты шығару, сумен жабдықтау және кәрізбен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет, – деді аймақ басшысы.

Барлық талқыланған сұрақтар бойынша Асайын Байханов жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді. Аталған екі жобаға қатысты жалпы инвес-тиция көлемі 18 млрд теңгені құрайтынын атап өткен жөн.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.