Бүгінде шағын кәсібін бастап, оны дамытуды қалайтын азаматтар үшін қаржылай қолдаудың бірнеше тетігі бар. Солардың бірі – мемлекеттік грант үлестіру. Тың идеяларды жүзеге асыруға берілетін қайтарымсыз қаржының көмегімен облыстың талай тұрғыны кәсіпкер атанды. Енді бірі қомақты соманы қалтасына басып, ізім-ғайым жоқ болды. Оларға қатысты қандай шаралар қолданбақ? Бизнес-жобаға бөлінген ақшаны қара басының қамына жарат- қандарды қалай тезге салуға болады? Тарқатып көрейік.
Қайтарымсыз қаражат игілігі
Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын жеке ісін бастауды қалайтын азаматтарды қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында гранттар беру
ұйғарылды. Бастапқыда тұрғындар мұндай игіліктің тереңіне үңілмегендіктен, сұраныс та көп бола қойған жоқ. Ал соңғы жылдары кәсіпкер болуды қалай-тындардың қатары күрт артып, грант алуға кәдімгідей талас-тартыс басталды. Жоба енді ғана басталған тұста құзырлы орагндарға ондаған өтініш қана түссе, бүгінде 200-ге жуық адам жобасына қаржылай көмек сұрап келеді. Бірақ өтініш бергеннің бәрі бірдей олжалы бола алмайды. Тәжірибелі кәсіпкерлерден, ғылым саласының өкілдерінен, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінен құрылған комиссия әр жобаны мұқият зерделеп, електен өткізеді. Комиссия мүшелерінің жоғары балына ие болған азаматтар ғана
5 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз қаражатқа иек арта алады. Бұл ретте өтініш берушілерге қойылар талап қандай? Гранттар беру конкурсының тиімділігі сол, ұзын-сонар шарт жоқ. Бастысы, тұрғынның бизнес-жобасы тың, инновациялық, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сонымен қатар, кемінде үш жыл бұрын тіркелген жеке кәсіпкерлігі мен грант сомасының 20 пайызы көлемінде жеке қаржысы болуы қажет. Соңғы талаптың әлеуметтік осал топ өкілдеріне қатысы жоқ. Жалпы, бағдарлама іске қосыл-ғалы 578 млн теңгені құрайтын
171 грант берілді. Сондай қол- дауға ие болғандардың бірі – Екібастұз қаласының тұрғыны Алма Шәукенқызы. Ол былтыр қайтарымсыз қаржы иеленіп, жолдасымен бірге асқабақ бизнесінің негізін қалады.
— Менің әжем кезінде асқабақ өсіріп, одан түрлі пайдалы тағам дайындайтын. Осыдан біраз уақыт бұрын әжемнен көрген істі жалғастырайын деген ниетпен саяжайда осы көкөніс түрін өсіре бастадық. Кейін отбасым мен жақындарыма арнап шырын, езілген ботқа дайындадым. Кейін басқа адамдар да бұл өнімдерге қызығушылық білдірді. Сөйтіп, оны кәсіпке айналдыруды жөн көрдім, — дейді ол. Кәсіпкер мемлекеттік қаражатқа өңдеуге арналған құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін одан әрі кеңейтті. Бүгінде «Ansar Cheese» деген атаумен дайындалатын өнімдерін жергілікті ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері мен әлеуметтік желі арқылы сатылымға шығарады.
— Бастапқыда үй жағдайында ірімшік дайындайтын едім. Оның қыр-сырын меңгеру үшін осы сала шеберлерінен тәлім алып, кейін өнім жасауға тапсырыстар қабылдадым. Уақыт өте келе асқабақтың да адам ағзасына пайдасы мол екенін аңғарып, осы бағытқа да ден қоюды ұйғардым. Қазіргі таңда біз асқабақтан шырын, езбе, тіпті чипсыларды ұсына аламыз. Олардың барлығы – табиғи өнім. Балаларға арналған езбелерге қант қоспаймыз, оны асқабақтың жеке сұрпынан әзірлейміз. Дұрыс тамақтану ережесін қатаң сақтайтын, қант диабеті бар тұтынушыларға арналған жекелеген өнімдеріміз де бар, — дейді кәсіпкер. Олардың бағасы да қолжетімді. Айталық, асқабақтан жасалған шырынның бір литрі 700 теңге
тұрады. Көлемі 250 мл болатын езбенің бағасы – 400 теңге. Тұрғындардың қалауы бойынша өнімдерге сәбіз, алма, алмұрт сияқты көкөніс-жеміс түрлерін қосуға болады. Осылайша, Алма Шәукенқызы былтыр алған гранттың есебінен сүйікті ісін табыс көзіне айналдырды. Айта кетейік, өткен жылы қайтарымсыз қаржы ұзақ уақыт жанатын қазандық, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған киім-кешек, ешкі сүтінен жасалған өнімдер, медициналық бұйымдар шығаруды қалайтын 21 азаматқа үлестірілді. Биыл бұл мақсатқа барлығы 82 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл сома тағы 20-ға жуық бизнес-идеяны жүзеге асыруға бағытталмақ. Өтініштерді қабылдау 1 маусымда qoldau.kz сайтында басталады.
Әр теңгенің есебі болуы тиіс
Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан берілген қаражатты кәдеге жаратпай жүрген жандар да бар. Олар миллиондаған теңгені кәсіп бастауға емес, өзінің жағдайын жақсартуға жұмсаған. Айталық, біреуі бұл сомаға көлік сатып алса, енді бірі басқа несиелерін өтеді. Бірақ олар мақсатсыз пайдаланған қаражаттың сұрауы болатынын естен шығарса керек. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағыныш Нұрқымбаевтың сөзінше, бұған дейін берілген гранттардың 71 пайыздан астамы сәтті жүзеге асты. Өкінішке қарай, 14 пайызы орындалған жоқ. Жобалардың тағы 15 пайызы жүзеге асып жатыр. Бұл ретте, Сағыныш Маратұлы грант сомасының әр теңгесі мақсатты түрде жұмсалуы тиіс екенін атап өтті. Бірақ бұл талапты барлығы бірдей ескере бермейді. Тіпті, 10 жыл бойы ақшасын қайтармай жүрген «кәсіпкерлер» бар. Айталық, «Экспертевростандарт» кәсіпорны 2013 жылы еуроталаптарға сай келетін ағаш дайындайтын цех ашпақ болып, қайтарымсыз қаржы алған. Десе де, осы уақытқа дейін не грант есебінен атқарылған нақты іс жоқ не бюджетке кері түскен ақша жоқ. Кәсіпорын басшысының өзі ізін суытып кеткенге ұқсайды. Сол себепті сот процесі де созбалаңға салынып кетті.
— Жеке бизнесін бастауды қалайтын тұрғындарға мемлекеттік грант берілген соң сол сома 18 ай аралығында игерілуі керек. Араға бір жарым жыл салған соң құзырлы органдар оны тексереді. Сатып алған құрал-жабдықтың түбіртегі, басқа да келісімшарттар болуы тиіс. Бүгінде 11 кәсіпкер бизнес-идеясын іске асыра алмағанын көріп отырмыз. Бұған дейін бюджетке барлығы 32,5 млн теңге қайтарылды. Жалпы сомасы 27 млн теңге болатын тағы тоғыз жобаға қатысты соттың оң шешімі бар. Үш жоба бойынша қаржы қайтару бастал-
ды, — деді Сағыныш Нұрқымбаев. Байқағанымыздай, кейбірі «Қаржының қайтарымы жоқ екен» деп қонышынан басып қалуға құмар. Бірақ бұлай болмайды. Мемлекет әр адамның ойын іске асыруы үшін грант берген соң оның нақты іске айналған қайтарымы болуы тиіс. Сол кезде ғана шағын бизнес өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіптің тасы өрге домалайды. Ал миллиондаған қаражатты қалтасына салған кей пысықайлардың «табанды жалтыратамын» деп ойлауы – бос әурешілік. Әр теңгенің есебі де, сұрауы да болады.
Оралхан ҚОЖАНОВ.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.