Бүгінгі күнде елімізде бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе шағын кәсібін дамытуға ынталы азаматтар үшін мемлекеттен көмек алу қиын шаруа емес. Бұған «Damu» қорының Павлодар облысы бойынша филиалы ұйымдастырған баспасөз туры аясында көз жеткіздік.

Облыстық филиал директоры Рустам Қасымовтың айтуынша, қор қызметі микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Сондай-ақ, «Damu» кәсіпкер-
лікті дамыту қоры» АҚ несиелерді субсидиялаумен қатар ішінара кепілдік береді. Мәселен, өткен жылы 1117 бизнес-жобаға қолдау көрсетілсе, 2023 жылдың басы-
нан бері жалпы сомасы 11 млрд теңгеге 132 жоба қолдау тапты. Көбінесе бұл өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма шаруашылығы, сондай-ақ, сауда саласындағы жобалар. Сондай кәсіпорындардың бірі – «TAVI Павлодар» ЖШС. Компания 2019 жылдан бері –  бизнесті қолдау мемлекеттік бағдар-ламаларының қатысушысы. Мемлекеттің қолдаудың көмегімен өндірістік цех, жабдыққа арналған ғимарат сатып алынды. Бүгінгі таңда кәсіпорын Қазақстанда және көршілес елдерде жоғары сапалы матрацтар, синтетикалық толтырғыштар, жұмсақ жиһазға арналған компоненттер өндірісінде көшбасшы болып табылады. Сонымен қатар, «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның шарапатын сезінген кәсіпкерлердің қатарында Павлодар облысында танымал дәрігер ветеринар Анна Бахарева бар. Қазіргі уақытта ол – «Жануарларды жөндеу» ЖШС компаниясының директоры. Ветеринарлық емхана «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алынған, оның аясында субсидия-
лау арқылы несиенің пайыздық мөлшерлемесі жылдық 8 пайызға дейін төмендетілді. Сондай-ақ несие сомасының 29 пайызына қор кепілдігі берілді.

– Бүгінгі күні «VetMed» клиникасы сертификатталған рентген, ультрадыбыстық кабинеттерімен жұмыс істейді, операциялық палата, оттегі камерасы, стационар, инфекциялық бокс, жануарларға арналған шаштараз, сондай-ақ, жануарларға арналған қонақүй бар, – деді А.Бахарева. Сондай-ақ, «Damu» қорының мемлекеттік қолдауы жас кәсіпкер Мәдина Әжмұратоваға да өз кәсібін бастауға көмектесті. Ол 2020 жылы керамика шеберханасын ашу идеясымен Алматыда арнайы курстардан өтіп, 2021 жылы «Muse» қыш шеберханасын ашуды ұйғарады. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 2022 жылы «Muse» ЖК құрал-жабдық алуға қаражат алды. Сондай-ақ, жас кәсіпкер несиеге ішінара кепілдік беру түріндегі қолдауды да пайдаланды. Кепілдік 17 млн теңгені немесе несие сомасының 85 пайызын құрады.

– Бала кезімнен өз қолыммен қолөнер бұйымдарын жасағанды жақсы көремін. Бастапқыда бос ақшаның жоқтығынан өзімнің идеямды нақты жүзеге асыру қиын болды, өйткені жаңадан бастаған кәсіпкерге жабдық қажет. Банктер несиені жоғары мөлшерлемемен ұсынады, сондықтан «Damu» қорының көмегіне жүгіндім. Осылайша маған несие жылдық 21 пайызбен берілді, қор 15 пайызды субсидиялайды. – деді қыш шеберханасының құрылтайшысы Мәдина Әжмұратова.  Қазіргі таңда «Muse» шеберханасы әртүрлі оқу бағдарламалары бар балалар мен ересектерге арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастыру бойынша қызметтерді ұсынады. Осылайша, облыс тұрғындары мен қала қонақтарының ата-баба мәдениетін біліп, өз қолдарымен керамикалық бұйымдарды жасап көруіне мүмкіндік туды.

 

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.