Қазақстанда 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы тоқтатылды. Өйткені, Үкімет былтыр ғана басталып, көпшілікке үміт сыйлаған жобаның шарттарын өзгертіп, қаражатты басқа бағытқа бөлу туралы шешім қабылдады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі халықтың сұранысын толық қанағаттандыра алмайтындықтан енді автонесиелеуге бөлінген қаражатты облыс орталықтары мен ірі қалалардағы ескірген автобустарды жаңартуға бағыттамақ. Осылайша, қоғамдық көлікпен жүретін көптеген адамға жағдай жасалмақ. Бұған халықтың пікірі қандай? Сарапшылар не дейді? Осы сұрақтарды «Алаңның» талқысына салдық.
Марат ҚАРАБАЕВ, Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі (пікір интернеттен алынды):
— Жеңілдетілген автонесиелеу бойынша автобустарды сатып алу жеке тұлғаларды жеңілдетілген автонесиелеуден гөрі тиімді. Мұны жалғыз дұрыс шешім деп санаймын. Автобустар револьвер механизмі арқылы сатып алынады. Жалпы, елімізде 10 545 автобус бар, олардың 46 пайызы тозған. Жыл сайын автобус паркін 1500-ден 2000-ға дейін жаңарту қажет. Әрине, барлық өңірге біркелкі бөлінеді. Енді жеңілдікпен автонесиелеуден түскен қаражаттың бір бөлігі автобустарды сатып алуға жұмсалады. Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеуден түскен 100 млрд теңге қоғамдық көлік паркін толықтыруға бағытталады. Күн сайын 9,3 млн қазақстандық қоғамдық көлікті пайдаланады. Бұл ретте бірқатар қалаларда автобус- тар 90 пайызға тозған. Мысалы, қоғамдық көлік паркі Қостанайда 90 пайызға, Талдықорғанда, Оралда 70 пайызға ескірген. Қолда бар қаражатты барынша тиімді пайдалану қажет. Яғни, қаражатты қоғамдық көлікті қаржыландыруға жұмсаған тиімді.
Диас НҰРАҚЫН, автосарапшы:
— Жеке кәсіпкерлердің қолындағы авто-парктерді жаңартуға күш саламыз деген министрліктің шешімі қате. Олар жолаушылар тасымалымен айналысатындарға бүйрегі бұрып бағдарламаны жауып тынса, көпшіліктің үмітін сөндіреді. Ал «Қазақстан даму банкі» арқылы қаржыландырылатын 4 пайызбен автонесиелеу бағдарламасы алты жылдан бері ақшаның жоқтығынан жұмыс істемейді. Сондықтан еліміздегі жеңілдетілген автонесие бағдарламаларының аты бар да, заты жоқ. Еліміздегі бірде-бір көлік утилизацияға алынбаған. Миллиардтаған ақшаны біз банктерде ұстап отырмыз. Мүмкін депозитке салып қойып, одан пайда тауып отырған шығар. Міне, осының бір бөлігін осы 4 пайызға халыққа несие беруге жұмсау керек еді. Яғни, «Жасыл даму» компаниясының есепшотында жатқан миллиардтарды айналымға жіберу керек. Сонда жеңілдетілген автонесиеге де, автобус паркін жаңартуға да қаржы жетеді.
Ақыл ИБРАЕВ, Ефремовка ауылының тұрғыны, Павлодар ауданы:
— Жеңілдетілген автонесиелеу қазақстандықтарға төмен пайыздық мөлшерлемемен несиеге автокөлік сатып алуға мүмкіндік берді. Сол арқылы қалаған отандық көлікті сатып алуға ниеттілер көп болды. Төмен пайызбен жеңілдікті автонесиелеу бағдарламасы ұсынылғанда көлік жүргізушілер темір тұлпарларын жаңартып алуға мүмкіндік туғанына қуанды. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылмады. Мамыр айының басында оның шарттары өзгерді. Өкінішке қарай, 4 пайыздық жеңілдікпен автокөлік несиелеу бағдарламасының ғұмыры қысқа болды. Қазақстандықтар жаңа порталдағы барлық лимитті 18 секундта игерді. Пилоттық жобаның екінші кезеңін күтіп, күпініп жүрген қарапайым жұртшылық тиімді бағдарлама тоқтатылғанда сан соғып қалды. Өкінішке қарай, көпшіліктің жеңілдікпен автокөлік аламын деген арманы көзден бұлбұл ұшты. Қарапайым халық көліктерін жаңартып алуға таптырмас тиімді мүмкіндіктен айырылып қалды. Енді автонесие жолаушылар тасымалдаушыларға автобус алуға бағытталып отыр. Басқасын қайдам, дәл біздің облыста соңғы жылдары автобус паркі жүйелі жаңарып жатыр. Қалада жасыл, сары түсті қоғамдық көліктер көбейді. Айтпағым, біздің өңірде автобус жаңарту мәселесі өзекті емес. Сондықтан жеңілдетілген несиені автобус алуға бағыттамас бұрын әр аймақтағы жағдайды жеке саралаған дұрыс болар.
«Алаңды» үйлестірген – Торғын ОРАЗАЛЫ.