Бүгінгі таңда павлодарлықтар соттан тыс банкроттыққа 2500-ге жуық өтініш берген. Қазіргі уақытта оның 100-і мақұлданып, есептен шығарылған қарыздар сомасы 220 млн теңгеден асты. Сондай-ақ, 100-ге жуық азаматтар өз өтініштерін қайтарып алса, шарттарға сәйкес келмеуіне байланысты 1899 өтініштен бас тартылды, 400 – ден астамы қаржылық мониторингтен өтуде.           

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов қазіргі уақытта  микроқаржы ұйымдарының және коллекторлық агенттіктердің алдындағы борыштар бойынша қолданылатын соттан тыс банкроттық рәсімдер жүргізіліп жатқанын жеткізді.

— Борышкерлерді банкрот деп тану туралы ең көп шешім Павлодар қаласында шығарылды. Нақтырақ айтсақ, 68 шешім қабылданды. Сонымен қатар, Екібастұз қаласында– 60, Ақсу қаласында – 8, Павлодар ауданында – 19 шешім шығарылды. Бұдан басқа, 15 қыркүйекте мемлекеттік қызметшілердің «жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы» декларацияны тапсыру мерзімі аяқталды. Осылайша, Павлодар облысында 2023 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны 88 730 азамат, жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны 17 767 азамат ұсынды. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 1 қазанында 2022 жылға салық міндеттемелері бойынша жеке тұлғалардың мүлкіне салық төлеу мерзімі аяқталды. Облыс бойынша былтыр 320 млн теңгеден астам сомаға мүлік салығы есептелді. Мүлік салығының түсімі 339,2 млн теңгені, жер салығы бойынша 1 319,1 млн теңгені құрады, — деді Е.Тоқтарханов. Сонымен қатар, басқарма басшысы қазіргі уақытта облыс тұрғындарының мүлік салығы бойынша 105 361,8 мың теңге, жер салығы бойынша 4 013,2 мың теңге берешектері бар екенін айтты. Бүгінде борышкерлермен полиция департаменті және жеке сот орындаушылар палатасымен бірлескен жұмыс жүргізілуде.

— Павлодар облысында 2023 жылдың басында 186 230 автокөлік құралы тіркелген, олар 136 353 автокөлік иесінің меншігінде. Көлік құралдарына салық түсімі 2 227,0 млн теңгені құрады. Ал көлік иелерінің берешегі 697 558,0 мың теңгені немесе жеке тұлғалардың жалпы берешегінің 86,4 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда жеке сот орындаушылар палатасына мәжбүрлеп орындау үшін 356,6 млн теңге сомасына 10852 салық бұйрығы жіберілді. Нәтижесінде 604,3 млн теңге қаражат өндірілді, сондай-ақ, қазіргі уақытта 239,5 млн теңге сомасына 5941 салық төлеуші бойынша материалдар орындалуда. Бұдан бөлек, көлік салығының берешегін пысықтау бойынша Мемлекеттік кіріс органдары полиция департаментімен және ТЖК палатасымен 454 бірлескен рейд жүргізді, нәтижесінде 100 мың теңгеден астам борышы бар 556 салық төлеуші бюджетке 95,2 млн теңге төледі, — деді басқарма басшысы.

А.МҰҚЫШЕВ.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.