Отандық тұтынушылардың басым бөлігінің азық-түлік сапасына көңілі тола бермейді. Әсіресе, кейбір сауда сөрелерінде мерзімі өтіп кеткен тауарлардың қойылуына, олардың дұрыс сақталмауына, өнімдердің қаптамаларында ақпараттың толық болмауына наразылық танытатындар бар. Мұны ескерген құзырлы министрлік ел көлемінде «Сапалы өнім» қоғамдық тұжырымдамасын іске асырмақ.
Сауда және интеграция министрлігі отандық тұтынушылардың тауарларға қатысты берер бағасын білу үшін 10 мың респондент арасында сауалнама жүргізген болатын. Оған біздің облыс тұрғындары да қатысты. Аталған әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі қатысушылардың 31 пайызы жарамдылық мерзімі ескерілмеген, азық-түлікті сақтау нормалары сай келмейтін жағдайларға тап болатынын алға тартса, тағы 24 пайызы өнімдердің сапасы көңіл көншітпейтінін білдіріпті. Тағы 19,2 пайызы заң бойынша талап етілетін азық-түлік туралы ақпараттың жоқтығына шағымданды. Бірақ павлодарлықтар күнделікті тұтынатын азық-түліктің сапасынан гөрі медициналық қызметтердің көрсетілуіне баса назар аудару керек деп есептейді. Бұл туралы облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.
— Әлеуметтік сауалнама сан саланы қамтыды. Оның нәтижесі көрсеткендей, павлодарлықтардың тауар мен қызмет сапасына қатысты шағымы көп емес. Есесіне көп жағдайда жеке меншік емханалардағы медициналық қызметтер стандарттарының сақталмауы мен түбіртектердің берілмеуіне көңіл толмаушылықтар бар. Жалпы, сауалнамаға қатысқан облыс азаматтарының 55 пайызы кейбір қызмет түрлерінің сапасы сын көтермейтінін білдірген. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс үшінші орында тұр, — дейді Д.Қабдушев. Тұтынушылардың талап-тілектерін ескеріп, олардың мүдделерін қорғау үшін құзырлы министрлік «Сапалы өнім» қоғамдық тұжырымдамасын іске қосуды ұсынып отыр. Аталмыш жобаның мақсаты — тұтынушылардың құқықтарын қорғай отырып, жосықсыз бәсе-келестікті бұзатын әрекеттерді анықтау. Ол үшін заңнамалық құралдар мен тетіктердің базалық жиынтығы бар. Бұл ретте Павлодар облысында өңірлік штаб жұмыс істейтінін де атап өткен жөн. Оның құрамында бизнес, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен өңір тұрғындары бар. Аталмыш штаб азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін басты назарда ұстайды. Егер өңір тұрғындары өнімдердің сапасыз екенін байқаса, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Өңірлік штаб аталған мәселелерді тиісті мемлекеттік органдар мен өзге де мүдделі тұлғаларды тарта отырып қарайтын болады.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.