Соңғы уақытта облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің көмегіне жүгінген павлодарлық тұрғындар саны еселеп артқан. Тек ағымдағы жылдың алғашқы екі айында тұтынушылар тарапынан 256 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 136 өтінішке көп, яғни 113 пайызға артық.

Осы және өзге де тұтынушы құқығына қатысты мәселелер кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды. Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушевтің айтуынша, павлодарлық тұтынушылардың құқықтары бөлшек сауда, электрондық сауда және тұрмыстық қызмет саласында жиі бұзылатыны анықталған. Мәселен, жыл басынан бері бөлшек сауда саласында 133, ал электрондық сауда бойынша 53 өтініш түскен.

— Осы жылдың 2 айындағы өтініштерді қарау нәтижелері бойынша барлығы 5 млн теңгеден астам ақшалай қаражат өндірілді. Жалпы, біздің департамент биыл қаңтар-ақпан айларында жоспардан тыс 18 тексеру шарасын жүргізді. Оның ішінде 4 заң бұзушылық анықталды, шағымға жауап бермеу ісі бойынша 1 айыппұл салынды, 3 ескерту жасалды. Сонымен қатар, 2 өтініш тұтынушыларға ақшалай қаражатты қайтаруға байланысты тоқтатылды. Былтыр алғашқы 2 айда небәрі 1 ғана тексеру болған еді. Бұған қарап, тұтынушылардан түсетін өтініш-шағымдардың көбейгенін байқауға болады. Бұл жағдайға департаменттің кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуі мен тұтынушылардың құқықтық мәдениетінің артқаны себеп болып отыр, — деді Дәулен Қабдушев. Сондай-ақ, ол облыс тұрғындары арасында құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында департамент тарапынан атқарылған жұмыс барысына да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш мекеме ағымдағы жылдың 2 айында БАҚ-та 65 мақала, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеттерінің сайттарында-14, әлеуметтік желілерде — 612 түсіндіру жұмыстарына бағытталған материал жариялаған.

Департамент басшысы тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда олар ең алдымен сатушыға жазбаша шағыммен жүгіне алатынын, ал сатушы бұл құжатты 10 күн ішінде қарауға міндетті екенін айтады. Егер талаптар қанағаттандырылмаса және шағымға жауап берілмеген жағдайда тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы. Ал департамент сотқа үшінші тұлға ретінде қатыса алады. Ағымдағы жыл басынан бері құзырлы мекеме осындай 5 сот процесіне қатысқан.

Өкінішке қарай, кейінгі кезде инстаграм арқылы тауар сатып алып, алаяқтарға алданып қалған тұтынушылар қатары да өсуде.

— Осы жағдайға байланысты облыс тұрғындарына интернет сауданы тек ресми сайттар арқылы ғана алу қажет екенін ескертемін. Сол үшін алдымен сатушының деректерін, интернет дүкеннің атауы, БСН, байланыс деректері және басқа да мәліметтерін міндетті түрде тексеруге кеңес беремін, — дейді мекеме басшысы.

Айта кетерлігі, аталмыш департамент тұтынушылардың құқығын қорғаумен қатар, сауда-саттық қызметін реттеу заңнамасының сақталуына да мемлекеттік бақылау жасайды. Мұндай құқық өткен жылдың мамыр айында берілген. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс барысы жөнінде мекеменің бас маманы Рашид Құсайынов мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік бақылау ҚР-ның Кәсіпкерлік кодексіне және «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Сол бойынша департамент ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық – түлік тауарларының бағасы ҚР-ның Сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген үстеме мөлшерінен асып кеткен жағдайда ескерту жасауға, оны елемегендерге әкімшілік жаза қолдануға құқылы. Сонымен қатар, департамент құны жапсырмамен ресімделген бағадан асатын тауарларды өткізушілерді де әкімшілік жауапқа тартады. Мекеме өткен 2 айдың ішінде осындай 11 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, тиісті шара қолданған.

Департамент мамандары облыс тұрғындарын тауар бағасына қатысты және өзге де заңбұзушылық оқиғалары орын алған жағдайда мекемеге хабарласуға шақырады. Ол үшін Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі 9 үй, 3 қабат, №304 кабинетке баруға немесе 55-10-70 «жедел желі» телефонына хабарласқаныңыз жөн. Өтініштерді E-otinish порталы, E-tutynushy, @kzpp_bot telegram каналы арқылы жіберуге де болады.

 

Нұржайна ШОДЫР.