Бүгінгі таңда өңір аграрийлері егін егу жұмыстарын жалғасыруда. Ылғал жабу шаралары 1045,8 мың гектар жерде жүргізілді. Облыстағы жалпы егін егу аумағы 1 млн 619 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігіне дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар себілмек.

 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы облыстағы егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 50 мың гектарға немесе 3 пайызға артық. Бүгінгі күні өңірде астық, мал азығы және картоп егістерін кеңейту жұмыстары сәтті жүзеге асуда. Атап айтсақ, биыл дәнді дақылдар 964 мың гектар, майлы дақылдар 288 мың гектар, мал азықтық дақылдары 332 мың гектар, картоп 25 мың гектар, көкөніс және бақша дақылдары 10 мың гектар жерге егілмек. Бүгінгі таңда егіс жұмыстары 389,7 мың гектар алқапта орындалды. Оның ішінде дәнді дақылдар 203,1 мың гектар, майлы дақылдар 138,5 мың гектар, картоп 11,7 мың гектар, көкөніс 4,3 гектар жерге егілді. Биыл егіс науқанына 152 мың тонна тұқым дайындалды. Сонымен қатар, биыл 17,8 мың тонна минералды тыңайтқыштарды енгізу жоспарлануда. Бүгінгі күні 11,3 мың тоннаға келісімшарт жасалып, 8,4 мың тонна немесе жоспардың 47 пайызы жөнелтілді. Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарына Павлодар облысына 23,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының 1 тоннасының құны 228 мың теңгені немесе литріне 191 теңгені құрайды. Бұл нарықтық құннан 104 теңгеге немесе 35 пайызға арзан. Облыста көктемгі егіс жұмыс-тарының ағымдағы жағдайы бойынша 1271 мың гектар алқапта жалпы агротехникалық іс-шаралар жүргізілді. Оның ішінде 1045,8 мың гектар аумақта ылғал жабылса, егіс алдындағы өңдеу 513,6 мың гектарды құрады. Айта кетейік, республиканың астықты облыс-тары арасында Павлодар облысы жер өңдеу және ауылшаруашылық дақылдары бойынша жоспарды 100 пайыз орындап, 1-орында тұр. Сондай-ақ, жергілікті диқандардың ауыл шаруашылығы техникалары да сақадай-сай. Құрал-жабдықтардың дайындығы 100 пайызды құрайды. Егіс науқанына 3118 негізгі ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 243 егіс кешені қатысуда. Нақтылап айтсақ, көктемгі дала жұмыстарына барлық модификациядағы 2875 трактор, 1794 соқа, 1015 культиватор, барлық үлгідегі 6606 тырма, 4123 тұқым сепкіш және 243 егіс кешені қатысуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысында өңірдегі түйткілді мәселелерді шешу үшін жедел штаб құрылғанын мәлім етті. Сондай-ақ, биыл ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаудың ауқымы кеңейді.

— Биыл өсімдік шаруашылығын қолдауға 3,6 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде «Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға» 914,4 млн теңге, «Пестицидтердің құнын субсидия-лауға» 1523,2 млн теңге, «Тұқым шаруашылығын дамытуды субси-диялауға» 886 млн теңге және «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызмет-терінің құнын субсидиялауға» 308,2 млн теңге қарастырылған, — деді басқарма басшысы.

Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.