Облыс орталығындағы өндіріс орындарында күнделікті тұрмыста, өнеркәсіп пен құрылыс саласында қолданылатын түрлі өнім шығарылады. Олардың қатарында мектеп пен кеңселерге қажет жиһаздар, құрылыс материалдары, қоспалар бар.

 

Облыс әкімі Асайын Байханов осы және өзге де өнімдерді дайындайтын бірқатар өндірістік орынға барып, жұмыс барысымен танысты. Мәселен, «СНН» фирмасы 20 жылдан астам уақыт бойы шойыннан, болаттан және түсті металдар мен қорытпалардан жоғары беріктікті құймалар дайындап келеді. Мұнда жыл сайын 12 мың тоннаға дейін қара және 600 тоннаға дейін түрлі түсті құймалар өндіріледі. Қазір жылына 1 млн секцияға дейін алюминий радиаторларын шығаруға дайындалуда. Аймақ басшысы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы «ҚазМұнайХим» кәсіпорнына да барды. Зауыт CHIMEC S. p.A (Италия) компаниясымен бірлесіп, түсті мұнай өнімдеріне арналған қоспалар мен аз тоннажды химия өндіреді. Бұл өз кезегінде өнімдердің қауіпсіздік деңгейін Еуро-5 стандарттарына дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Асайын Байханов күл қалдықтарын өңдеуден ТМД-да көш бастап тұрған «Kazsenospheres»,
жиһаз жасайтын «TROYА» және силикат кірпіш, бетон мен әк өндіретін «АСТРА ТЕХ» кәсіпорындарының жұмысын байқады. Кәсіпорындарға табысты жұмыс тілеп, олардың қызметі өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ететінін атап өтті.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.