Биыл кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттар беру ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Яғни 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттар берудің жаңа қағидаларына сәйкес, ағымдағы жылы конкурстық іріктеуге әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Қайтарымсыз гранттар кімдерге беріледі? Конкурсқа қатысушыларға қойылатын басты талаптар қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу мақсатында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Альнура Сыздықовамен сұхбаттасқан едік.
— Альнура Шынболатқызы, биыл қайтарымсыз гранттар кімдерге беріледі?
— Мемлекеттік гранттарды 5 млн теңгеге дейін берудің жаңа қағидаларына сәйкес ағымдағы жылы конкурстық іріктеуге әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Бұл ретте салалық шектеулер қойылмайды.
— Конкурсқа қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар қандай?
— Қатысушылар мемлекеттік грант көлемінің кемінде 20 пайызы мөлшерінде қоса қаржыландыру, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік, жаңа жұмыс орындарын құру; кәсіпкердің бизнес-жобасында жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылымның болуы немесе құрылуы көзделген инвестициялық жоспар болуы керек.
— Қатысушылар қандай құжаттар тапсыруы қажет?
— Қатысушылар басшының қолымен және мөрімен расталған, өтінім беру кезіндегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы анықтама, ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіп-керлік негіздеріне оқытудан өткенін растайтын, ескіру мерзімі 3 жылдан аспайтын құжаттың көшірмесін, грант көлемінің кемінде 20 пайызы мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды қоса қаржыландырудың болуын растайтын құжаттар – банктік шоттан үзінді көшірме, бизнес-жобаға қатысатын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар – әлеуметтік осал топтары және III топ мүгедектерін қоспағанда, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалисі болып табылатын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі немесе шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде кәсіпкердің мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесін тапсыруы тиіс.
— Бизнес-жобаны іске асыру мерзімі қандай?
— Бизнес-жобаны іске асыру мерзімі 18 айдан аспайды. Грант беру шешімі өтінімдерін іріктеу бойынша өткізілетін конкурстардың қорытындылары бойынша бизнес-жобаның міндетті шарттары: берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 20 пайызы мөлшерінде, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруы, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы немесе жеткілікті құруы көзделген инвестициялық жоспардың болуы керек.
— Конкурсқа қатысушылар нені білуі керек?
— Қатысушылар конкурстық комиссияға жалдамалы жұмыс-керлердің орташа саны туралы анықтама, 3 жылдан аспайтын мерзімге «Бастау Бизнес» оқыту сертификаты; қоса қаржыландыруды растау кемінде 20 пайызы, «Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасының финалист мәртебесін растауы керек. Соңғы өзгерістерге сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде тұратын және «Бір ауыл – бір өнім» финалистері, осыған орай құжаттар тізіміне өзгеріс енгізіліп, растайтын сертификат көшірмесін тапсыруы тиіс. Барлығы конкурстық негізде конкурстық комиссия мүшелерінің балдарын қою әдісімен электрондық форматта kezekte.kz порталы арқылы өтеді. Конкурсқа қатысу мәселелері бойынша 32-33-82, әлеуметтік тізілім мәселелері бойынша: 32-33-21, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы бойынша: 66-03-11 телефондарына хабарласу арқылы қосымша ақпарат алуға болады.
Сұхбаттасқан — Торғын ОРАЗАЛЫ.