Павлодар қаласында тұрмыстық қалдықты шығару тарифі өсті. Бұған дейін облыс орталығында коммуналдық қызметтің бұл түрінің ақысы арзандардың бірі болса, енді керісінше қымбат аймақтардың көшіне қосылды. Бұдан былай павлодарлықтың әрқай-
сысы контейнерге қоқыс салғаны үшін 490 теңге төлейтін болады.

Облыс орталығында тұрғын үйлер мен нысандардың аумағында жиналған қоқысты жинау, шығару ісімен «Спецмашин» ЖШС айналысады. Бұған дейін аталмыш кәсіпорын әр жан басы үшін 322 теңге алып келді. Бұл – үш жыл бұрын көтерілген тариф. 2020 жылдың күзіне дейін тұрғындар 159 теңге төлеген-ді. Енді коммуналдық қызметтің ақысы тағы артпақ. Кәсіпорын басшылығы құралдарды жаңарту, жаңа техникалар сатып алу, бағасына қарай сапаны арттыру мәселелерін алға тартып, осындай ұсыныс жасады. Айта кетейік, статистикалық дерек бойынша, былтыр бір қазақстандық тұрмыстық қалдықты сыртқа шығарғаны үшін орта есеппен 322 теңге төледі. Яғни, Павлодар қаласындағы тариф тұтас елдегі орташа баға болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, Алматы қаласында бір адам үшін тариф 553 теңге, Семейде 470 теңге, Қостанай қаласында 401 теңге көлемінде белгіленген. Бұл – тарифі жоғары аймақтар. Енді оның қатарында жан басы үшін 490 теңге алатын Павлодар қаласы да кірмек. Ал ең төмен баға – 94 теңге Тараз қаласында тіркелді. Жеке үй иелеріне тоқталсақ, бұған дейін олар бір адамға 295 теңге беріп келсе, енді 554 теңге төлейтін болады. Сол сияқты заңды тұлғаларға арналған тариф 1773 теңгеден 2132 теңгеге дейін қымбаттады. Аталмыш мәселе алдымен Павлодар қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясында қаралды. Кейін сессияның күн тәртібіне шығарылды. Павлодар қалалық тұр-
ғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Арман Құсайынов
мұны сапаны арттыруға бағытталған жұмыстармен байланыстырды.

— Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі ақысының көтерілуіне бірнеше себеп бар. Сол арқылы қызметтің төлеміне сай сапаны жақсарту көзделіп отыр. Бұл ретте қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және сақтаумен айналысатын нарық қатысушыларының нақты және нормативті шығындары көрсетілетін өзіндік құны есепке алынады. 490 теңгелік тарифті де нормативтік-құқықтық құжат-тардың негізінде есептедік, — деді Арман Құсайынов. Жақында жасақталған депу-таттық құрам коммуналдық қызмет ақысын көтеруге қатысты ұсынысты құптады. Депутаттар соның есебінен облыс орталығында евроконтейнерлер қойып, арнайы алаңдар қарастыру қажет екенін атап өтті. Қалдықты жеке-жеке жинау үшін де техника керек. Демек, тарифті өсіруден түсетін табыс осы және өзге де шығындардың орнын толтыруы тиіс. Бұған қатысты Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожин түсініктеме берді. Айтуынша, тарифті өсіруді мақұлдау кезінде кәсіпорынға бірқатар талап қойылды.

— Бірден айта кету керек, мәслихат депутаттарының бәрі бірдей барлық сала бойынша сарапшы емес. Сондықтан жобаны жасаған қалалық әкімдік мемлекеттік конкурс негізінде есеп-қисапты жасайтын компаниямен шарт жасады. Соның негізінде «Экотерра Казахстан 2010» серіктестігі министрліктің талабы бойынша есеп жүргізді. Біз де сырттан сарапшы маманды тартып, ұсыныстың қаншалықты қисынды екенін егжей-тегжейлі талқыладық. Депутаттар «Спецмашин» кәсіпорнына барып, жұмыс барысын байқады. Осының барлығын назарға ала отырып, тарифті көтерген дұрыс деген байламға келдік. Себебі жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, тұрмыстық қалдықтарды жинайтын мекеменің евроталапқа сай келетін көліктері болуы керек. Әзірше ол жоқ. Сол сияқты биыл 800 евроконтейнер сатып алынып, 260 жабық контейнерлік алаң ұйымдас-тырылады. Осы және өзге де жұмыстардың сапалы атқары-луын қадағалайтын боламыз, — деді мәслихат төрағасы. Тұрғындардың тарифті көтеруге қатысты пікірі сан алуан. Әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылары ойын жарыса жазып жатыр. Кейбірі қызмет ақысының көтерілгенін құптайды. Бұл қаланың тазалығы үшін керек. «Аулалардағы контейнелер қалдықтан бір күн тазартылмай қалса, қолқаны қабатын иіс тұншықтырып жібереді. Сондықтан тарифті де, соған орай қызмет ақысын да көбейткен дұрыс» деген ойға саятын тұрғындар бар. Десе де, байқағанымыздай, басым бөлігі қызмет ақысының қымбаттауына наразы. Павлодар қаласының Айнұр есімді тұрғыны коммуналдық қызметтердің тарифі қанап бара жатқанын айтады.

— Екі бөлмелі үйде ата-енеммен, бала-шағаммен тұрамыз. Ай сайын коммуналдық қызметке кемінде 20 мың теңге төлеймін. Соған қарай сапасы болса, жақсы ғой. Ыстық судың ажыратылғанына 1 айдан асты. 1 шілдеден бастап тағы бірнеше қызметтің бағасын көтергелі жатыр. Ол аздай, қалдықтың өзі қымбаттады. Қазір «Спецмашин» кәсіпорны ай сайын біздің отбасынан 2254 теңгені сыпырып алады. Енді 3430 теңге төлеуім керек екен. Облыс орталығында 400 мыңға таяу адам тұратын болса, пайданы есептей беріңіз. Егер тұрғындардан түскен қаражат қарапайым қызметкерлердің жалақысын арттыруға, жұмыс жағдайын жасауға жұмсалса, сөз жоқ. Бірақ қоқыс жинаушылардың көбі каскасыз, көзілдіріксіз жүреді. Тым құрығанда оларды осындай қажеттіліктермен қамтамасыз етсе игі еді, — дейді ол. Бұл ретте жеке сектор тұрғындарының да айтар өз уәжі бар. Белгілі болғандай, жер үйлердің көшелеріне бар болғаны бір-екі контейнер қойылады. Ал төлемді үйдің барлығы бірдей жасайды.

— Біздің көшедегі 20 үйге ортақ бір контейнер бар. Оның өзін контейнердің жанындағы үй иесі меншіктеп алған. «Мынаны тастама, ананы әкелме» деп «аңдып» отырады. 20 үйден шыққан азды-көпті қалдықты әкелгеннің өзінде ол лезде толып қалады. Сондықтан қыста қоқысты үйдегі пешке, жазда моншаға жағуға тырысамыз. Сөйте тұра, әр адам үшін 295 теңге алады. Енді бұл баға екі есе өспек. Олай болса, әр жер үйге жеке контейнер қойылсын, — дейді тұрғын Аслан Баймұханов. Тариф мәселесі тұтынушы- лардың «жанды» жері. Сондықтан сөздерінің жаны бар. Дей тұрғанмен, қызмет сапасын жақсарту үшін тарифті арттырмастан басқа амал жоқ сыңайлы. Облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару, сұрыптаумен айналысатын «Спецмашин» ЖШС бұл нарықтағы негізгі ойыншыға айналды. Өзінің басымдығын білгендіктен, ара-тұра «тісін» де көрсетіп, тұтынушыларға қолайсыздық тудырып қояды. Мәселен, 2018 жылдың шілдесінде демалыс күндері тұрмыстық қалдықтарды жинамай, соның салдарынан қала қоқыс құрсауында қалды. Сол сияқты жағдай 2020 жылдың ақпанында қайталанды. Сол тұста кәсіпорын «Компания техникаларын қалалық полигонға белгісіз себептерге байланысты кіргізбей жатыр» деген желеумен құтылды. Ал қала әкімдігі нарықта басымдығы зор кәсіпорын тарифті 159 теңгеден екі есеге, яғни 322 теңгеге дейін көтеруді талап етіп отыр дегенді ашық айтты. Ақыры, кәсіпорын дегеніне жетті. 2020 жылдың күзінде тариф 322 теңге болып бекітілді. Алайда содан кейін көрген игілік көп емес. Қоқыстарды сұрыптап тастауға арналған түрлі-түсті контейнерлер некен-саяқ. Пластикалық құтыларға арналған сары жәшікті ғана аракідік көріп қалуыңыз мүмкін. Евроконтейнерлер де әзірше көрінбейді. Енді осы жолғы тарифтің көтерілуінен соң жағдай жақсарып, жұмыс сапасы арта ма? Ол – уақыт еншісіндегі іс. Біз өз кезегімізде тұтынушылардан жиналатын қаражаттың тиімді жұмсалып, нәтижесі болуын бақылауда ұстаймыз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.