Жыл басынан бері кейбір кәсіпкерлердің төлем мен қызмет ақысын банк карталары, QR-кодты сканерлеу арқылы қабылдаудан бас тартып, тек қолма-қол ақшаны талап етуі қоғамда қызу талқыланып жүр. Мұндай талаптың қойылуы тұтынушылардың құқығын бұзады әрі заңсыз деп есептеледі. Бұл туралы толығырақ Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев тарқатып айтты.

 

 1 қаңтардан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа кезеңі басталды. Енді заңды тұлғалар, кәсіпкерлер және олардың жұбайлары кірістері туралы деректерді тапсыруға міндеттеледі. Құжат 2021 жылы қабылданғанымен, көпшілік үшін бұл норманың қолданысқа енгізілуі күтпеген жайт болды. Қызмет көрсету секторы мен кәсіпкерлер мобильді аударымдардан бас тартып жатыр. Тіпті, сатып алушы электронды төлем жүйесін таңдайтынын білдірсе, бағаны қосып сататын пысықайлар пайда болуда. Мұның барлығы – заңға қайшы әрекет.

— Заңнамада мобильді төлемдер және мобильді аударымдар деген ұғым бар. Төлемдер кезінде кез келген кәсіпкер операция жүргізетін болса, QR-код немесе кассалық аппараттар қолданып, түбіртек беруі тиіс. Ал мобильді аударымдар кезінде мұндай код қолданылмаса, заңсыз деп саналады. Оған қоса, мұндай жағдайда түбіртек берілмейді. Осының барлығы – ережеге сай келмейтін әрекеттер.

Біздің мақсат – мобильді аударымдарды заң аясынан шығарып, кәсіпкерлердің табысын заң жүзінде көру әрі салық төлеу жүйесіне қосу, — дейді Ерұлан Жамаубаев.

Бұл ретте ведомство басшысы сатушының сатып алушыдан тек қолма-қол ақшаны талап етуі, QR-код немесе банк картасы арқылы тауардың бағасын 10-20 пайызға дейін қымбатқа сатуы да заңсыз екенін атап өтті.

— Қазақстан Республикасының Төлемдер мен төлем жүйесі туралы арнайы заңы бар. Сол заңда қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жолдары көрсетілген. Қолма-қол ақшасыз төлем жасау кезінде банк карта-
лары немесе QR-кодтар қолда-нылады. Егер кәсіпкер тек қолма-қол ақшаны талап етсе, тұтынушылардың құқығы бұзылады және олардың мұндай талабы заңсыз деп есептеледі. Төлемнің кез келген түрінде баға бірдей болуы тиіс. Бұл талаптардың орындалмағанын көрген кез келген азамат 1414 колл-орталығына хабарласа алады немесе жергілікті мемлекеттік кірістер органдарына шағымын білдіруге құқығы бар, — деп атап өтті министр.

Жыл басынан бері такси жүргі-зушілері де қолма-қол ақша талап етуге көшті. Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, такси қызметкерлері мен курьерлерге арналған арнайы салық режимі бар. Олар «E-salyq» қосымшасына кіріп, бір пайыздық салық режимін таңдай алады. Мұндайда кассалық аппаратты өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, «Яндекс.такси» компаниясымен платформалық алаң ретінде салық төлеудің мәселесі реттелуде.

Жалпы, елімізде осыдан 3-4 жыл бұрын «көлеңкелі» бизнестің үлесі 27 пайыз көлемінде болса, бүгінде 18,8 пайызды құрап отыр. 2025 жылдың соңына қарай оны дамыған елдердегі деңгейге, яғни 14-15 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін әр кәсіпкер ашық әрі адал еңбек етуі тиіс.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.