Күн жылынып, жер көгеріп, жеміс-жидек пісе бастаған кезде қант бағасының шарықтап кететіні рас. Бұл құбылыс жыл сайын қайталанады. Көпшілік үшін маңызды өнім түрінің бағасы аспандап шыға келеді немесе қолдан жасалған әрекеттердің салдарынан дүкен сөрелерінен сап тыйылады. Мұндай «дәстүрден» қашан және қалай арыламыз? Бағаны реттеудің жолы қайсы?
Тәуелділіктен құтылудың жолы қайсы?
Осыдан бір жыл бұрын еліміздің барлық дерлік өңірінде өнім тапшылығына байланысты дүрлікпе болып, қанттың қат дүниеге айналғаны есімізде. Кейбір сауда орындарында бір келісін алудың өзі үшін ұзын-сонар кезек пайда болды. Саудагерлер де әр адамға бір-екі келіден артығын үлестірген жоқ. Тұрақтандыру қорынан жеткізілген тауар тез таусылып, келесі легі келгенше тұтынушылар біраз күтті. Осының барлығы кеңестік кезеңдегі сауданы еске түсірді. Есесіне делдалдардың дәурені жүріп тұрды. Дүкендерде қанттың бір келісінің бағасы 900-1000 теңгеге дейін көтеріліп, оның өзін жұрт таппай қиналған тұста алыпсатарлар интернет арқылы келісін 1200-1300 теңгеге саудалады.Қыстың қамын жазда ойлайтын жұрт соған да келісті. Бүгінде жағдай тұрақтанған сыңайлы. Күзден көктемге дейін баға қайта түсіп, оған деген сұраныс та азаяды. Қазіргі таңда облыстағы сауда орындарын-
да қанттың келісінің бағасы 450 теңгеден басталып, 500 теңгеге дейін жетеді. Ол әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретіндіктен, жергілікті билік бағасына мониторинг жүргізіп, бақылап отыруға тырысады. Сол сияқты «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жергілікті қант зауытынан өнімнің мол көлемін сатып алып, баға шарықтап шыға келгенде серіктес дүкендерге тиімді бағамен жеткізіп береді. Қазір қоймада оның 1500 тоннадан астамы сақтаулы. Жалпы, біз-
дің облыс тұрғындары жылына 12 мың тонна қант тұтынады. Оның басым бөлігі Ресей мен Беларусьтен жеткізіледі. Атап өтерлігі, бұл нарықта Қазақстан толығымен дерлік шетелдік өндірушілерге тәуелді. Басқа елдің нарығынан азық-түліктің тоғыз түрі мол көлемде жеткізілетін болса, сол тізімді қант бастап тұр. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, оның 90 пайызы сырттан әкелінеді.
— 2016 жылы елімізде әр өнім бойынша тұтыну нормалары белгіленген болатын. Соған қарасақ, біз өзімізді жалпы сұраныстың 50 пайызымен қамтып отырмыз. Бірақ қант қызылшасын өсіру, оны өңдеу бағытындағы жұмыс әзірше бір жолға қойылмағандықтан, сыртқы нарыққа деген тәуелділігіміз 90 пайызға дейін жетіп отыр. Ал сыртқы нарықта қант дайындайтын шикізат қымбаттап жатыр. Соңғы бірнеше айдың ішінде баға 20-25 пайызға өсті. Бұл отандық нарыққа да әсер етпей қоймайды, — деген еді таяуда министр. Серік Жұманғариннің сөзінше, Қазақстанда дайындалған қанттың шекараның арғы жағынан жеткізілген өнімнің бағасына қарағанда қымбат болуының себебі де осы.
— Қазір ресейлік өнімнің келісі 380-440 теңге, біздің қант 500-510 теңге тұрады. Мәселені реттеу үшін қант қызылшасының көлемін көбейту керек. Былтыр ол 12 мың гектарға салынса, биыл егіс көлемі 18 мың гектарға жетті. Одан 350 мың тонна қызылша алуымыз қажет. Кешенді жоспарға сәйкес, 2026 жылға қарай отандық зауыттарда 250 тонна қант өндіріледі. Мәселені шешу үшін бюджеттен 18 млрд теңге бөлінбек. Сол арқылы шетелдік нарыққа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік туады, — дейді ол. Сонымен қатар, министр мамыр айының соңында қанттың бағасы қымбаттауы мүмкін деген болжамды жоққа шығарған жоқ. Бұл уақытта тосап дайындау жұмысы басталатындықтан, бағаның да өсуін заңдылыққа балады. Ал оның алдын алу үшін жергілікті зауыттарға субсидия беру мәселесі қаралуда. Шынымен, қазір дүкен сөрелеріне жеміс-жидектердің түр-түрі қойыла бастады. Сондықтан үй шаруасына мығым қыз-келіншектер жеңді түре бастады. Десе де, олардың жазғы жұмысына қатысты жоспарының қалай жүзеге асары нарықтағы бағаға байланысты. Павлодар қаласының тұрғыны Гүлнар Сәлімова былтырғы жағдайды ескеріп, биыл ертерек қамданатынын айтады.
— Өткен жылы саяжайдағы жемістер, көкөністер пісіп, қыстың қамына енді кіріскелі отырғанда дүкен сөрелеріндегі қанттың бағасы 1000 теңгеге дейін жетті. Сонда да бір адамға шектеулі көлемі берілді. Бүкіл отбасымызбен екі-үш қатарынан барып, керек көлемді әупірімдеп жинап алдық. Биыл мұндай тығырыққа тірелмес үшін бірнеше қапты бір-ақ алмақ ойым бар. Қазір бір қап 10 мың теңге тұрады екен, — дейді тұрғын.
Зауыт қашан салынады?
Қант өндірісі мәселесі біздің өңір үшін жат емес. Қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева сыртқа деген тәуелділікті жойып, елді қантпен қамтамасыз ету үшін қант қызылшасын салуға ден қою қажет екенін айтқан еді.
— Қазіргі уақытта қант шығаратын өндіріс орындарының қуаттылығы толық көлемде пайдаланылып отырған жоқ. Себебі оларға шикізат жетпейді. Қант қызылшасын өсіру жұмысы кенже қалып жатыр. Өнім дайындау орындары орналасқан Алматы және Жамбыл облыстарында су тапшылығы байқалады. Егер басқа суармалы алқаптар айналымға енгізіліп, қажетті шикізат көлемі өсірілсе, мәселе де шешімін табар еді», — дейді Айжан Наурызғалиева. Бұл тұрғыдан алғанда Павлодар облысының әлеуеті зор. Осыдан үш жыл бұрын жергілікті 10 шаруашылықтың әрқайсысы бір гектар жерге қант қызылшасын еккен еді. Күзде жиналған өнімнің көлемі көңіл көншітті. Шаруалар гектарынан 500 центнер қызыл-
ша алды. Ресейдің Алтай өлкесінде жасалған талдау нәтижелері павлодарлық қызылшаның құрамында 16-19 пайыз қант барын көрсетті. Алайда бұл жұмыстың соңы сиырқұйым-
шақтанып кетті. Себебі сол қант қызылшасын өңдейтін зауытты салатын инвестор табылмады. Демек, шаруашылықтарға да қант қызылшасын кең көлемде салудың қажеттілігі болмады. Айта кетейік, қант зауытын салу үшін Ақсу қаласына қарасты индустриялық аймақтан орын қарастырылды. Инвесторға элект энергиясын тарту, ин- фрақұрылыммен қамту, салық төлеу бойынша біршама жеңілдік жасалады. Осыдан біраз уақыт бұрын облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов бірнеше инвестормен келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын. Олардың қатарында отандық инвестор да бар. Десе де, сол келіссөздердің нәтижесі қалай болғаны әзірше беймәлім. Әу баста Ақсудағы қант зауытында жылына 152 мың тонна қант өндіру жоспарланған-ды. Өңір тұрғындарының сұранысы 12 мың тонна екенін ескерсек, жергілікті кәсіпорынның сұраныстан 10 есе артық өнім дайындауға қауқары болады. Алайда жобаның қай уақытта басталып, зауыттың қашан қосылары әзірше белгісіз. Сондықтан павлодарлық тұтынушылар әлі де сырттан келетін қантты алып, маусымдық баға өзгерісіне көнуге мәжбүр.