Облыста бірқатар ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Олардың ішінде Екібастұз қаласындағы екі жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы бар. Бұдан бөлек, темір жолдарға арналған өрескел осьтер мен бандаждар өндіру цехы, сондай-ақ, техникалық кремний өндірісі іске қосылмақ.

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағыныш Нұрқымбаев қазіргі уақытта облыста өнеркәсіп өндірісінің 30-ға жуық саласы дамып келе жатқанын атап өтті. Олардың ішінде металлургия, машина жасау, мұнай-химия, құрылыс және энергетика саласы көш бастап тұр.

— Павлодар облысы — Қазақстанның ең дамыған индустриалды өңірлерінің бірі. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша өңір республикада 4-орынға ие. Өңдеуші сектордың кәсіпорындары республикалық көлемнің шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылдың қаңтар – маусым айларында өнеркәсіп кәсіпорындары 2 пайыз өсіммен 1545,6 млрд теңге сомасына өнім шығарды. Оның ішінде шамамен 61 пайызы өңдеу секторына тиесілі. Облыс кәсіпорын-дары бастапқы алюминий, глинозем, ферроқорытпалар, кабельдік өнімдер, каустикалық сода, мұнай өңдеу өнімдері, мыс концентраты, жіксіз құбырлар өндіреді, — деді ол. Сонымен қатар, Сағыныш Маратұлы жергілікті кәсіпорындар өндірістік процестерді оңтайландыруға әсер ететін жаңа технологияларды кеңінен енгізіп, еңбек өнімділігін арттырып жатқандығын жеткізді. Мәселен, облыстың жүйе құраушы өнеркәсіптік кәсіпорындары бүгінгі таңда технологиялық жаңарту және цифрландыру бойынша 30-дан астам жобаны іске асыруда.

— Былтыр «ERG Service» ЖШС кәсіпорын ресурстарын жоспарлау, SAP бизнес-процестерін автоматтандыру жүйесін енгізді. Сондай-ақ, «Қазақстан алюминийі» АҚ гидрометаллургиялық цехтың декомпозиция торабын жаңғырту жүргізілді. Ал, «Нефтехим ЛТД» ЖШС шыны талшықты бұйымдар, электр және радиоаппаратура өндірісінде, сондай-ақ, тұрмыста кеңінен қолданылатын эпоксидті компаунд өндіру бойынша жобаны іске асырды, — деді Сағыныш Маратұлы. Бұдан бөлек, басқарма басшысы жыл сайын облыс-тағы өндіруші және өндеуші кәсіпорындар әлемнің 80-90 елімен сауда операцияларын жүргізетінін мәлім етті. Экспортты дамыту бөлігінде соңғы 5 жылда Павлодар облысының тауар айналымы 4 млрд теңгеден 5,7 млрд теңгеге дейін артты.

— Облыстың негізгі экспорттаушылары: «Қазхром» ТҰК» АҚ АФЗ филиалы — ферроқорытпаларды ҚХР, Жапония, АҚШ, Ресей, Германия, Италия, Венгрия, Оңтүстік Корея мен Чехияға экспорттайды. Сондай-ақ, облыста қазақстандық электролиз зауытының — Әзірбайжан, Өзбекстан, Италия, Түркияға бастапқы алюминийдің экспорты, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС мыс концентратының ҚХР, Өзбекстан және Бельгияға экспорты, «Қазэнергокабель» АҚ — Тәжікстан, Эстония, Израиль, Грузия, Өзбекстанға кабель-өткізгіш өнімдерінің экспорты дамуда. Өңірлік кәсіпорындардың өнімдері жыл сайын әлемнің 40-тан астам еліне экспортталады. Бүгінгі таңда Павлодар өңірі кәсіпорындарының өнімдерін «Sanyo», «Hitachi», «Hyundai», «Posco», «ThyssenKrupp», «ArcelorMittal» сынды әлемдегі алпауыт кәсіпорындар пайдалануда, — деп толықтырды ол. Сондай-ақ, Сағыныш Нұрқымбаев «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-мен павлодарлық экспорттаушыларға 2022 жылы 44,6 млрд теңге сомасына қаржылық-сақтандыру қолдауы көрсетілгенін айтты. Онымен қоса, «QazTrade» шикізаттық емес өнімдерді экспорттаушыларды қолдауға бағытталған «Qaztrade Accelerator» бағдарламасы жұмыс істейді. Ол кәсіпкерлерге кәсіпорынның және оның өнімдерінің әлеуетін талдаудан бастап нарықты таңдауға, сатып алушыны іздеуге, маркетингтік компанияны жүргізуге және экспортқа қажетті құжаттарды жинастыруға дейін ақысыз негізде қызметтер ұсынады.

— Бүгінде «QazTrade» кәсіпкерлерге интернет-платформада ілгерілету бойынша тікелей қолдау көрсетеді. Алты павлодарлық кәсіпорынға «Alibaba.com» халықаралық платформада «алтын жеткізуші» мәртебесі берілді. «KazakhExport» және «Qaztrad» өкілдері мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша онлайн-вебинарлар және Павлодар өңірінің кәсіпорындары үшін көшпелі консультациялар өткізеді. Онда отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға жеткізу бойынша мемлекеттік ынталандыру шараларын алу шарттары мен тетіктері, экспорттаушыларды қолдаудың қаржылық-сақтандыру құралдары түсіндіріледі, — деді С.Маратұлы.

А.МҰҚЫШЕВ.