Бүгінде көпшілік жылдың басты күндері – Наурыз мейрамы, Жаңа жыл мерекелері сынды «Kaspi жұма» науқанын да асыға күтетіні жасырын емес. Ол да халықтық мерекеге айналып кеткен сыңайлы. Банк кезекті науқанды жариялаған күні дүкендерде адам қарасы көбейіп, сауда-саттық қыза түседі. Кей тұрғындар бұрыннан кейінге шегеріп жүрген тауарын дәл сол уақытта алуға тырысады. Себебі бастапқы жарнасы мен пайыздық мөлшерлемесі жоқ. Бұл шынымен тиімді ме? Әлде банктің жасырын қулығы бар ма? Таразылап көрейік.

Тауарды артық төлемсіз алады

Барлығы несиеге байланып қалған бүгінгі таңда тауарларды бірден қолма-қол ақшаға алуға әркімнің мүмкіндігі бола бермейді. Жасыратын несі бар, айлығы шайлығына жетпей, азық-түлік пен киім-кешектің өзін аталған банк арқылы бірнеше айға бөліп төлейтіндер бар. Әсіресе, оқу жылы қарсаңында тұрғындардың қалтасы жұқарып, балаларын мектепке дайындау үшін амалсыз бөліп-төлеу қызметін пайдаланады.

Сол сияқты жыл-он екі ай бойы «Kaspi жұма» науқанын тағатсыздана күтетіндер көп. Тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, жиһаз, автокөлікке арналған тауарлар, әшекей бұйымдар сынды заттардың барлығын артық шығынсыз сатып алуға мүмкіндік бар. Кез келген тауардың бастапқы жарнасын төле-мей-ақ, пайыздық мөлшерлеме қайтармай-ақ, екі жылға бөліп төлеуге болады. Сол себепті болар, банк жариялаған үшкүндік науқан – кей тұрғындар үшін көптен бері көкейде жүрген тауарды алуға тамаша мүмкіндік.

— Әрине, «0-0-24» науқаны қолайлы. Қалаған затты сауда орындарынан, банктің магазинінен еш қиындықсыз сатып алуға жағдай жасалып отыр. Мысалы, таяуда өткен науқан кезінде ата-анамызға интернетке қосылу мүмкіндігі бар теледидарды сыйға тарттық. Ай сайынғы төлем шамамен 7500 теңгені құрайды. Бұл теледидарды несиеге ресімдейтін болсақ, банктің пайыздық мөлшерлемесін қоса есептегенде ай сайынғы төлем бұдан шамамен екі есе артық болар еді. Меніңше, мұндай науқандарды басқа банктер ұйымдастырса да, артық болмас. Себебі жалақысына бірден қымбат тауар ала алмайтын біз сияқты тұтынушыларға осы ыңғайлы. Тауарды қазір алып, бағасын кейін төлеуімен де тиімді. Бөліп төлеуді ресімдеу үшін банкке барып, қандай да бір құжаттарды көрсетудің де керегі жоқ, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Мадина Ысқақова.

Тұрғындардың кейбір бөлігі жарнамасы жер жаратын мұндай науқандардың кейбір тауарлардың нарықтағы бағасына кері әсер етіп жататынын алға тартады.

— Көлігіме қозғалтқыш алайын деп едім, «0-0-24» науқанының «арқасында» оның бағасы қымбаттап кетіпті. Бұған дейін дүкеннен көргенімде 550 мың теңге болса, қазіргі бағасы 600 мың теңгеден асып жығылады. Әрине, қолма-қол ақша болмаса, бұл соманы екі жылға бөліп-төлеу тиімді шығар. Бірақ жұрт алады екен деп оны бұлайша негізсіз өсіруге болмайды ғой, — дейді тағы бір тұрғын Дәулет Беріков.

Осындай олқы тұстар болғанымен, үш күндік шара барысында 2 миллионнан астам тауар сатылып кеткен екен. Бұл — сатып алушылар үшін тиімді сауда жасайтын кезең, ал шағын және орта бизнеске – сатылымның шарықтай түсетін уақыты. Соңғы күндері сауда орындарында тұтынушылар қатары көбейгені бір бөлек, банктің сатып алған тауарды жеткізетін постаматтарында да орын тапшы болып жатыр. Бұл сатылым науқанына деген сұраныстың жоғары екенін көрсетсе керек.

Талаптарды таразылап алған жөн

Иә, көпшілік тауардың сомасын ғана 24 айға артық үстеме-ақысыз бөліп төлеу тиімді деп пайымдайды. Тауарлық несиемен салыстырғанда шынымен солай. Мәселен, науқан кезінде көпшілік жиі алатын өнімдердің бірі – Айфон 14 қазір 516 420 теңге тұрады. Оны тауарлық несие ретінде екі жылға алар болсаңыз, әр ай сайын 32 673 теңге төлеуге міндеттелесіз. Демек, банкке үстінен 267 732 теңге қайтаруыңыз тиіс. Бұл – тауардың шамамен жарты бағасы. Ал «0-0-24» науқаны кезінде екі жылға бөліп-төлеуді ресімдейтін болсаңыз, ай сайынғы төлем 21 518 теңгені құрайды. Бұл тұрғыдан алғанда, әрине, пайызсыз қайтару тиімді. Айына 11 мың теңгеден астам қаржы үнемдейсіз.

Бірақ банктер де өз қулығын асырмай қоймайды. Жұрт «арзанға алдым» деп мәз болатын сол бөліп төлеудің сомасында банкке қайтаратын пайыз бірден есептеліп тұрады. Жоғарыдағы айфон 14 телефонын алайық. «Kaspi Жұма» науқаны кезінде оның бағасына бірден 20-25 мың теңге көлемінде банктің пайызы есептеліп тұрады. Бірақ «Пайыздық мөлшерлемесі осындай» деп жекелей көрсетілмейді. Тұтынушыға тек соңғы баға ұсынылады. Сол себепті де несиені мерзімінен бұрын өтеуді қалайтын болса, банк әу баста тауардың бағасына қосқан пайыздық үстемеақы есепке алынбайды. Ал тауарлық несие ретінде ресімдеген жағдайда, кестеде көрсетілген уақыттан ерте қарызынан құтылуды қалаған тұтынушыға пайыздық мөлшерлеме қайта есептеледі. Яғни, пайыз нақты сол мерзімге дейін ғана саналады. Ал «0-0-24» науқаны кезінде қарызды қай уақытта қайтарсаңыз да қаржылық тұрғыдан ұтпайсыз. Тек берешекті екі емес, бір жыл ішінде өтеп, мерзімін қысқарту жағынан ұтуыңыз мүмкін.

— Бөліп төлеу акцияларының жарнамасы жер жаратыны рас. Тиімді тұстары да бар. Мұндай маркетингтік қадам сауда жасау оңай әрі ыңғайлы деген пікір қалыптастыратыны да жасырын емес. Бірақ әр адам қазір оп-оңай тауар алғанымен, оның қаржылық жүктемесі бар екенін ескеруі тиіс. Әлбетте, қандай да бір соманы қалтаңнан шығармай-ақ, қалаған затыңды алып, пайдаланған жақсы. Алайда ол – тегін келген дүние емес. Екі жыл деген де аз уақыт емес. Одан басқа коммуналдық шығындар, ипотека мен басқа да несиелер барын ұмытпаса екен деймін. Жарнаманың жетегіне еріп, көңілдегі тауарын алып, кейін оны қайтара алмай, берешекке батып, несие тарихын нашарлатып жіберген талай адам бар. Мұндай науқандар басталған уақытта әр сауданы салмақтап алған жөн, — дейді экономист Светлана Егорова.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де Ұлттық банкпен бірлесіп, Kaspi Bank-тің бөліп төлеу жарнамасындағы «0-0-24» тұжырымын зерделеп жатыр. Ведомство мұндай тұжырым кезінде тұрғындарға оның шарттары жайлы толыққанды ақпарат берілуі тиіс деп санайды.

— Жарнама — сауданың қозғаушы күші. Ал сауда — экономиканың үлкен бөлігі. Жалпы, ішкі өнімнің 17 пайызы — сауда. Сондықтан жарнаманы мүлдем шектеу ақылға қонымсыз болар еді. Дегенмен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «0-0-24» стандартты цифры халық үшін толық жазылуына қатысты жоспары бар. Өйткені, кей адамдар 3 цифрды көрген кезде науқанның тереңіне үңіле бермейді. Қаржылық сауаттылығы жоғары деңгейде болмаса, оның мән-жайын жіті түсінбеуі де мүмкін. Әрине, содан кейін шама-шарқы келе қоймайтын шешім қабылдауы ықтимал. Осы орайда біз шешім қабылдауға көмектесеміз. Ол үшін науқанның шарттарын жан-жақты түсіндіруіміз керек. Адамдар не істеп жатқанын, бөліп төлеудің қандай шарттары барын, оны кейін қалай қайтарып, төлейтінін түсінуі үшін банк тарапынан ашықтық керек, — деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов таяуда  өткен брифингтердің бірінде.

Әлбетте, мұндай жағдайда тұтынушылардың қалтасындағы қаржыны санап, оның қандай да бір тауарды алу-алмауына, бөліптөлеу тетігін пайдалануына қатысты қандай да бір шектеулер енгізу мүмкін емес. Әркімнің өз еркі. Дей тұрғанмен, «тегін» тауарды алмас бұрын екі жыл аралығында оның қаржысын ай сайын қайтару қажет екенін де естен шығармаған абзал.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА