Биыл облыста жаңа тауарлы сүт фермалары, сүт өңдеу кәсіпорны, чипсы шығаратын зауыт ашылмақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын жұмысы тұралап қалған «Қызылжар-Құс» фабрикасын қайта жаңғырту мәселесі де қолға алынбақ. Сондай-ақ, бір кездері қызу талқыланғанымен, әлі де жүзеге аса қоймаған қант және крахмал зауыттарының жобалары қайта қарастырылып отыр.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтіп, оның барысында агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобалары талқыланды.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласындағы өңірдің инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті. Бүгінде 122,1 млрд теңгені құрайтын 56 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Штаб инвестиция көлемі 1,7 трлн теңге болатын биылғы жылдың 30 жобасын қарастырды. Оларды іске асыру нәтижесінде 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұл ретте сүт өңдеу бағытына баса мән беріліп отыр. Жылдың соңына дейін өңірде барлығы 5 тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ. Мұнда 4,6 мың ірі қара болады. Сондай-ақ, бір ауысымдағы қуаттылығы 8 тоннаны құрайтын «Буренка» сүт өңдеу зауыты жұмысын бастамақ. Сол арқылы ішкі нарықты сүт өнімдерімен қамтудың мол мүмкіндігі жасалады.

Суармалы алқапты арттыруға да ден қойылмақ. Қазіргі уақытта қосымша 8,7 мың гектар жерді суармалыға айналдыру үшін бірнеше инвестициялық жоба қарастырылмақ. Одан бөлек, 9 көкөніс қоймасы салынып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 4 жоба жүзеге асырылуда.

Жиын барысында аймақ басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге басымдық беру қажет екенін баса айтты. Осы салада өнімді еңбек етіп жүрген «Ақтоғай Агро» ЖШС жаңа бағытқа бет тұрмақ. Атап айтқанда, картопты мол көлемде өсіретін шаруашылық енді оны өңдеу үшін Ақсу қаласында чипсы шығаратын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «Қызылжар Құс» құс фабрикасының жұмысын жандандыру бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Жобалар пулына қант және крахмал зауыттары да қосылды.

Штаб отырысында энергия көздерінің, жердің, ресурстардың тапшылығы жөніндегі әрбір жобаның түйінді мәселелері қаралды. Облыс әкімі инвестициялық жобаларды өзектендіруді, кейінге қалдырылған инвестицияларға тексеру жүргізуді тапсырды.

– Басты міндет – объективті жағдайды көру және барынша экономикалық тиімділікпен инвестициялық жобаларға қолайлы жағдай жасау бойынша шаралар қабылдау, – деді облыс әкімі.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдіктеріне инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді түрде кірісу, инвесторлармен тұрақты негізде кездесулер өткізу тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.