«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауылдықтардың табысын арттырып, әл-ауқатын жақсартуды мақсат еткен «Ауыл аманаты» жобасы өткен жылы өңірімізде іске аса бастады. Төмен пайызбен несие беріліп, ауылдық елді мекендегі тұрмыс-тіршілікке тыныс қосылуда. Бірі мал шаруашылығын өрістетуге иек артса, енді бірі техника алып, шөп шауып, кіріс көзін табуда. Естеріңізге сала кетейік, бұл бастаманы Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, қолға алды.

  Ауылға көшіп…

Сондай жандардың бірі – Дәулетбек Мусин. Ол әскерден кейін жиырма жыл қалада тіршілік еткен. Бес баланың әкесі осыдан 4 жыл бұрын туған ауылы – Май ауданы Қазан ауылдық округына қарасты Қызылеңбек ауылына қоныс аударады.

– Қалада жағдайым жаман болған жоқ. Басымызда баспанамыз болды. Түрлі қызмет атқардым. Ауыр техникаларда, мәселен, автокранда істедім. Бірақ, ауылға әрдайым тартатын да тұратын. Балаларым да ауылдың ақ тағамын, таза өнімін тұтынсын деген ниеттен де ауылға қоныс аудардық. Мал шаруашылығын қолға алып, кәсіппен айналыссақ деген ой ауылға жетеледі. Әкем кезінде мал дәрігері болып қызмет еткен. Қазір қалада тұрады. Сондықтан бала кезімізден мал өсірудің қыр-сырына қанықпын, – дейді кәсіпкер.

Содан «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастағанда қатысып көруді жөн санайды. Өтінім беріп, жоспары қолдау тапты. Сөйтіп, 7 жылға 2,5 пайызбен 9 млн теңгеге жуық жеңілдетілген несие алды. Оған 24 бас сиыр сатып алыпты. Дәулетбек Мейрамұлы ет бағытындағы қара малды өсіруге ниетті. Бүгінде алғашқы төлін күтуде. Кейін барлығы сәтімен іске асса, сүтті сиырлар алып, тағы да кеңеймек ойда.

– Былтыр жем-шөп әзірлеудің қиын кезеңіне тап болдық. Дегенмен, бар күшімізді салып, малдың қысқы азығын әзірлеп алдық. «Ауыл аманаты» жобасы – ауылдықтарға берілген мол мүмкіндік. 2,5 пайыздық несие тегінмен тең. Мұндай несие ешбір жерде табылмайды. Мемлекеттің қолдауын сезініп отырмыз. Ниет болса, кәсіпті дамытып, алға жылжи бермекпіз, – дейді кәсіпкер.

Трактормен табыс таппақ

Ал ақсулық Алтын Жолымбетова жеңілдетілген несие арқылы шөп шабу бизнесін дамытуға ден қойған. Күйеуімен бірге былтыр мемлекеттен берілген көмекке трактор және қопсытқыштырнауыш алған. Оған қоса, өз қаражатына роторлы шөп шабатын және шөпті престейтін құрылғылар сатып алыпты.

– Өткен жылы мемлекеттің қолдауымен 13 млн теңге көлемінде 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алдым. Бұрыннан мал ұстаймыз. Сондықтан шөп шабу мәселесі жыл сайын өзекті. Өзімізге шауып, артылғанын сатып, кәсіп қылуды мақсат еттік. Тағы бір шөп шабатын тракторы бар азаматпен бірлесіп, ісімізді жүргізудеміз. Ол шапқан шөпті арнайы престейтін техникамызбен руллондаймыз, – дейді кәсібі жайлы әңгімелеген іскер әйел.

60 гектар шабындық жері бар кәсіпкер алдағы уақытта шөп шабуды отбасылық бизнеске айналдыруды көздейді. Маусымдық кезеңде 10 адамды еңбекпен қамтымақ. Кезінде ауылда ветеринарлық фельдшер болып еңбек еткен Алтын Заитқызы мал шаруашылығының мән-жайын бір кісідей біледі. Жалпы, ауылда тіршілік етіп, табыс табуға әбден болатынын әлдеқашан түсінген жан.

Кірпішке клиенттер көп келуде

Облыс орталығының іргесінде құмды блок өндірісін қолға алған азамат бар. Жанарбек Жетпіс бірнеше жыл бұрын Мойылды елді мекенінен аймағымыздың шалғай ауылдарының бірінен қоныс аударыпты. Бұрын мал өсірген ол қала маңында кәсіптің өзге түрін дамытуға ден қойыпты.

– Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылғанын Мойылды ауылдық әкімдігінен білдім. Бірден жоба әзірлеп, құмды блок жасайтынымды ұсындым. Өтінімім қолдау тауып, мемлекеттен 7 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алдым. Оған кірпішті қалыптайтын құрылғыны Алматыдан тапсырыс- пен алдырдым. Станогым соңғы үлгідегі, сондықтан, кірпіштің де сапасы жоғары. Сәуір айында бастаған ісім өткен жазда өте сәтті жүзеге асты, – дейді кәсіпкер Жанарбек.

Бұл азамат жасаған кірпіштерге сұраныс өте жоғары болыпты. Себебі, оның ұсынған өнімі өзгелерден айтарлықтай арзан болыпты. Өлшемі 20 да 40 сантиметр болатын, салмағы 22-23 келіге тартатын бір кірпішті 270 теңгеден саудалаған.

– Қолымда КамАЗ маркалы көлігім бар. Сондықтан тұтынушыларға тегін жеткізіп беру қызметіміз болды. Соның нәтижесінде Павлодар қаласы маңындағы ауылдардан тапсырыс көптеп түсті. Тіпті, кейде тапсырыстың көптігінен үлгермей де қалған кез болды. Біздегі құрылғы күніне 800-900 дана кірпіш өндіруге қауқарлы. Қалыптаған кірпішіміз бір күнде кеуіп үлгереді. Оның да технология- сын жан-жақты зерделеп шықтық. Арнайы пленка жауып, ылғал тигізбеу үшін бәрін ойластырдық, – дейді жаңа кәсіптің мән-жайын меңгеріп алған азамат.

Іскер азамат кәсіптің қыр-сырын ғаламтордан үйреніп алыпты. Шикізатты, яғни, кірпіштің негізгі құрамы – құмды қалаға 60 шақырым қашықтықтан жеткізеді. Ал цементті облыс орталығында көтерме бағамен құрылыс материалдарын саудалайтын дүкеннен сатып алады. Кәсібін Мойылдыдан бастаған Жанарбек Жетпіс қазіргі таңда қаладан жалға жер алып, алдағы көктемде кәсібіне кірісу үшін өндірістік дайындығын бастап кетіпті. Сұраныс арта берсе, тұтынушылардан тапсырыс көптеп түссе, кәсіпті кеңейту де ойында бар. Жеңілдетілген несие іс бастауға ниетті жандарға айтарлықтай көмек, дейді Жанарбек.

Жаңаша тыныс берді

Аймақ басшысы Асайын Байханов та жуырда облыстық қоғамдық кеңес отырысында жоба жайлы сұраққа жауап беріп, ауылдықтар үшін таптырмас бастама екенін атап өткен еді.

– «Ауыл аманаты» – болашағы зор, маңызды жоба. Өткен жылы 1,5 млрд теңге бөлініп, ауылдарда 371 жұмыс орны ашылды. Әлбетте, өзге салаларға бөлінетін 15-20 млрд теңгеге қарағанда «Ауыл аманатына» қарастырылатын қаржы соншалықты көп емес. Сондықтан биыл 2,6 млрд теңгеге көтердік. Шағын кәсіпкерліктің дамуы өте қажет. Бүгінде жеңілдікпен несие алғандар түрлі кәсіп ашуда. Бірі етік тігу цехын ашып, сапалы сапталамар тіге бастаса, бірі қасапхана ісін қолға алды. Тағы бірі техника алып, шөп шауып, отбасының жағдайын жасауда. Бұл жоба өзімнің тікелей бақылауымда, – деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл аманаты» өткен жылы бүкіл еліміз бойынша бастау алды. Ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады.  Сондай-ақ, техниканы лизингке рәсімдеу қарастырылған. Қарыз алу шарттары да өте тиімді. Өйткені, несиенің пайыздық мөлшерлемесі әлдеқайда төмен. Яғни, несие 2,5 пайызбен 5 жылға беріледі. Ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы жобаға қатысқандарға жеңілдетілген кредит 7 жылға дейін үлестіріледі. Мұндай несиенің тиімді екенін ауылдықтар түсіне бастады. Оны жобаға қатысушылар қатарының көптігінен аңғаруға болады. Ешбір банкте мұндай пайызбен несие берілмейтінін ескерсек, халық та кәсіпті дамытуға салмақ салмайтын қолдау түрін іздейтіні анық. Сол жәрдемді ауылдықтар «Ауыл аманаты» жобасы арқылы тауып отыр. Айта кетейік, жеңілдетілген несиенің игілігін ауылда жаңадан бизнес бастамақ азаматтар да, кәсібін кеңейтуге ниетті жандар да көре алады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, былтыр аймағымызда ауылдық 192 азамат жеңілдетілген несие алған. Соның ішінде 21 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылыпты. Оның 19-ы жаңадан құрылса, екеуі – бұрыннан жұмыс істеп жатқан кооперативтер. Осы ретте, басқарма мамандары кооперативке бірігу арқылы жобаға қатысудың артықшылықтарын көпшілікке түсіндіруде.

Сандарды сөйлетсек:

  • Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 192 азамат несие алған;
  • 1,5 млрд теңге несие берілді;
  • 2024 жылға 2,6 млрд теңге қарастырылды.

 

Бетті әзірлеген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.