1 наурызда елімізде баспана алудың жаңа жобасы – «Отау» бағдарламасы басталады. Бұған дейін бұл бастама ел арасында «9-20-25» деген атаумен белгілі еді. Енді атауы өзгергенімен, негізгі шарттары сол күйінде қалады. Кей тұрғындар оны қалаған пәтерге қол жеткізудің тиімді тетігі деп бағалап отыр. Шынымен солай ма? Ипотекалық несиеге кімдер иек арта алады? Бағдарламаның талаптары мен шарттары қандай? Толығырақ тарқатып көрейік.

Үнемдеген ұтады

Бүгінде елімізде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуға ден қойылатыны белгілі. Мемлекет тарапынан оларға қолайлы жағдай жасау үшін түрлі жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар жүзеге асуда. Олардың қатарында «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» сынды бағдарламалар бар. «Отбасы банк» АҚ арқылы берілетін мұндай ипотекалардың талаптары екінші деңгейлі банктердің қалауына қарағанда әлдеқайда тиімді. Бастапқы жарнасы да, пайыздық мөлшерлемесі де төмен.

Мұндайда өзге санаттағы азаматтар «Бізге де тиімді ипотека іске қосылса екен» дегенді жиі айтатын болды. Себебі қазіргі уақытта екі-үш баласы бар қарапайым отбасының да пәтерлі болуы оңай іс емес. Бір кездері ел көлемінде сәтті жүзеге асқан, бірақ біраз жыл бойы біздің облыста тұралап қалған «7-20-25» бағдарламасы осындайда ойға оралады. Ол азаматтарды әлеуметтік жағдайына қарай бөлместен-ақ тиімді несиемен қамтамасыз ететін еді.

Енді оның ізін «9-20-25» бағдарламасы басып отыр. Оның пайыздық мөлшерлемесі 9 пайыз болады. Бастапқы жарна – 20 пайыз. Бағдарламаның операторы – «Отбасы банк» АҚ бұл жобаға «Отау» деген айдар тақты.

Банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, «Отау» бағдарламасы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін баспана сатып алудың қосымша құралы. Ол қазақстандықтар арасында үнемдеу мәдениетін нығайтуға әрі арттыруға бағытталған. Себебі, қаржыны тірнектеп жинап, күнделікті шығындарын үнемдей білген адамдарға ғана төмен пайыздық мөлшерле-мемен үй алу мүмкіндігі туады.

– «Отау» бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, «Отбасы банкінің» салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға кредит беруге бөлінетінін білдіреді. Жыл сайын біз қаржыландыруға 150 млрд теңге бағыттайтын боламыз. Бұл ақша «Отбасы банктің» өз қаражаты есебінен бөлінетін болады. Оған қоса, қазақстандық қаржы нарығынан қарыз алып, қаражат тартуды жоспарлап отырмыз. «Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде біз 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз, – деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.

Сөйтіп, банк өзінің тұрақты салымшыларына жеңілдетілген шарттармен ипотека беруді қарастырып отыр.

Талаптары қандай?

Сонымен, бағдарламаның негізгі талаптарына ойыссақ. Жоғарыда атап өткеніміздей, «Отау»-ға өтініш қабылдау
1 наурызда басталып, 30 сәуірге дейін жалғасады. Ел азаматтары баспана алуға қатысты өтінішін Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бере алады. Оған «Отбасы банк» салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың қатысуына мүмкіндігі бар. Бұл ретте үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы және өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн
теңгеден кем болмауы тиіс. Бағдарламаға бірнеше депозитті пайдалана отырып қатысуға болады. Алайда өтінім беру сәтінде оларды міндетті түрде біріктіріп, «Баспана» тарифтік бағдарламасына алдын ала көшіру керек.

Жасқа келер болсақ, 18 бен 63 жас арасындағы тұрғындардың өтініштері қарас-тырылады. Тек олардың соңғы алты айда тұрақты табысы болуы, ал бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы шарт.

Өтінім беру уақыты аяқтал-ғаннан кейін otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді. Осы орайда кімге қандай ұпай қойылатынын тарқатып айтайық:

– салым бойынша сыйақы мөлшері үшін – әрбір 1 000 теңгеге 5 балл;

– салым мерзімі үшін – салымның әрбір жылы үшін 5 балл;

– тіркелген неке үшін – 10 балл;

– балалардың болуы үшін – санына қарамастан 50 балл есептеледі.

Егер үміткерлердің ұпай-ларының саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі. Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдар-ламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, оны сатып алуы керек.

Ал енді баспанаға қойы-латын талаптарға келейік. Бағдарламаның шарты сол, банк беретін сомаға кез келген үйді ала алмайсыз. Павлодар қаласында алғашқы нарықтағы, яғни бұған дейін ешкім тұрмаған пәтерді ғана алу қарастырылған. Ал Ақсу, Екібастұз сияқты шағын қалалар мен кенттерде екінші нарықтағы баспаналарды да «Отау» бағдарламасы аясында ипотекаға ресімдеуге болады.

Атап өтерлігі, «Отбасы банк» АҚ 18 млн теңгеге дейінгі соманы баспана сомасының 20 пайызын бастапқы жарна ретінде аудар-
ған кезде ғана береді. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 9 пайыз, ресімдеу мерзімі – 19 жылға дейін.

«Отбасы банк» АҚ бағдар-лама барынша ашық болуы үшін оның қатысушыларының тізімін, өтінімдерді іріктеу және ұпайларды есептеу нәтижелерін otbasybank.kz порталда жария-лауды жоспарлап отыр.

Бір өкініштісі, біздің облыста 18 млн теңгеге жаңадан салынған пәтерлерді табу қиынның қиыны. «Сарыарқа» және «Достық»
шағын аудандарындағы енді салынып жатқан көпқабатты үйлердің барлығы дерлік аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік бағдар-лама аясында үлестіріледі. Сонда «Отау» бағдарламасын пайдаланып, баспана алуды қалайтындарға қайтпек керек? Жалғыз жолы – банктен 18 млн теңгеге дейін несие ресімдеп, қалған қаржыны қалтасынан шығару. Себебі бүгінде жалпы нарықтағы жаңа баспана-
лардың бағасы 25-30 млн теңгеден басталады. Демек, бағдарлама қатысушысы бастапқы жарнадан бөлек кемінде тағы 10-15 млн
теңгесін қосу керек. Бұл қанша-лықты тиімді? Оны бағдар-ламаға қатысушылардың өздері бағамдай жатар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.