Бүгінде қыз-келіншектер ас мәзірін дайындау кезінде денсаулыққа пайдалы, барынша табиғи өнімдерге басымдық беретін болды. Кезінде алдыңғы буын жиі пайдаланып, бірақ соңғы уақытта ұмыт болған өнімдерді де жаңғыртып жатыр. Солардың бірі – тортасы айырылған сары май. Қазіргі таңда оған сұраныс күрт артқанымен, сапалы түрде дайындайтын кәсіпорындар аз.

Кезінде әжелеріміз күнделікті тағамды дайындау кезінде үнемі қолданған торта май қайтадан «трендке» айналып жатыр. Себебі өзінің және отбасының денсаулығына баса назар аударатын ас үй ханшайымдары күнбағыс майынан бірте-бірте бас тартып, табиғи өнімдерге қарай ойысуда. Оның ішінде бізше айтқанда тортасынан айырылған сары май, әлемде «Гхи майы» деген атаумен танымал май бар. Бұл тауардың өндірісін павлодарлық әпкелі-сіңлілі Ирина Ткаченко мен Ксения Пугачева қолға алып отыр. Олардың бастамасымен ашылған «Эко-Польза» жеке кәсіпкерлігі Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалисі атанды.

– Біз отбасымыздың денсаулығын ойластырып, тамақ әзірлеу кезінде мүмкіндігінше табиғи тауарларды пайдалануды жөн санадық. Сөйтіп, үйде гхи майын дайындап, достарымызға сыйға тарттық. Осылайша, барлық әйелді денсаулыққа зиян келтірместен тамақ дайындауға болатын ерекше өніммен таныстыру идеясы пайда болды. Гхи майы – бұл пайдалы өнім ғана емес, балаларымыз, ел болашағының саулығы үшін қажет өнім. Біз әр құтының адамға пайда әкелуін қалаймыз, – дейді Ирина Ткаченко.

Ал Ксения Пугачева оның дайындалу барысымен таныстырды. Айтуынша, өнімнің құрамы 100 пайыз тек сары майдан тұрады. Яғни, майлылығы 82,5 пайызды құрайтын фермалық майдан алынады. Шикізатты Шарбақты ауданы Сахновка ауылынан сатып алады. Кейін оны 8-10 сағат бойы баяу отта пісіріп, осы уақыт аралығында майдың бетіне шыққан көбікті алып тастап отырады. Нәтижесінде лактоза, казеин, сиыр сүтінің ақуызы, қоспалар мен судан тазартылған өнім пайда болады.

– Гхи майы бүкіл әлемде «сұйық алтын» деп аталады. Біз тұрақтандырғыштарды, қоюландырғыштарды және басқа қоспаларды қолданбаймыз. Гхи майында транс майлар, лактоза, казеин, ақуыз, қоспалар жоқ. Ол қуыру кезінде канцерогендерді шығармайды. Тұтынушыларға мұндай өнімнің бес түрін ұсына аламыз. Олар – классикалық, прованс шөптерімен, ысталған паприка, жержаңғақ қосылған шоколадты және қантсыз шоколадты түрлері. Бұл ретте атап өтерлігі, біз шоколадты қантсыз жасаймыз. Сондықтан оның ешқандай зияны жоқ, – дейді Ксения Пугачева.

Әпкелі-сіңлілі кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті өнімнің бағасы салыстырмалы түрде қарағанда айтарлықтай қымбат емес. Мәселен, көлемі 200 грамм болатын торта майдың бағасы – 2700 теңге, 400 грамы –  4300, 800 грамы 7600 теңге тұрады. Қантсыз және жержаңғақ қосылған шоколадты майды 2950 теңгеге, прованс шөптері бар өнімді 2900 теңгеге,  ысталған паприкамен дайындалған майды 2900 теңгеге алуға болады. Өнімді дайындау ісі жыл бойы жүреді. Бүгінде бизнес өкілдері майды тек облыста емес, Астана мен Алматы қалаларындағы дүкендерде де саудалай бастады.

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов «Эко-Польза» жеке кәсіпкерлігінің өнімі «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының лайықты финалисі атанғанын атап өтті. Енді бұл бағыттағы жұмысты одан әрі ілгерілету үшін құрал-жабдықтар сатып алу керек. Қажетті соманы алуға кәсіпкерлер палатасының мамандары қолдау көрсететін болады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА