Әсемгүл Құлмағамбетова осыдан он жылдай бұрын тұтынушылық мақсатта көлемді несие алады. Төлем кестесінен кешігіп, қарыздан құтылу қиындай түседі. Кейін тығырыққа тірелген екенмін, ендігі шешім –
шағын несие ұйымдарының лезде беретін кредитіне жүгіну деп түсінеді. Сөйтіп, бір несиені жабу үшін екіншісін алып, ақыры мойнына төрт шағын кредит ілінеді. Шағын несиелердің пайыздық мөлшерлемесі ай санап, арта береді.

Курстан өтіп, көзі ашылды

Шамасы келгенше қарыздан құтылуға тырысқанымен, көпбалалы ананың берешегін толық жауып тастау мүмкін болмайды.

– Төрт балам бар. Бір балам ерекше. Қол қусырып отырмаймын. Бала кезден тігіншілікке бейімім бар. Кезінде «Бастау» арқылы оқып, арнайы сертификат та алғанмын. Көпбалалы ана ретінде ісімді бастауға грант алуға мүмкіндігі бар тұрғындар санатына жатамын. Алайда, несиемді кешіктіріп жабу, қарызымның көбеюінен банктік есепшоттарым толық бұғатталып қалды. Сөйтіп, грантқа өткеніммен, оны пайдалануға жол болмады, – дейді көпбалалы ана Әсемгүл ханым.

Содан жуырда инстаграмды ақтарып отырып, «AMANAT» партиясының парақшасынан Павлодар қаласында «Қарызсыз қоғам» курсында тұрғындарды қаржылық сауаттылыққа оқытып, берешегі барларға жол көрсететіні туралы ақпаратты көзі шалады. Тіркеу мерзімі аяқталғанын көрсе де, дүйсенбі күні барып, қатысуға өтінім білдіріп көруге бел буады.

– Мен үшін бес күн бойы оқуда жүру оңай емес. Өйткені, үйдегі балама қарауым керек. Одан бөлек, азын-аулақ тапсырыспен тігіншілікпен айналысамын. Яғни, бес күн күнделікті нәпақамнан айырыламын. Бірақ, курсқа келгеніме еш өкінбеймін. Нағыз маған қажет курс екенін ұғындым. Қанмаша рет қаржылық қателік жібергенімді түсіндім. Диас Ермекұлы бастаған ментор мамандар қаржылық сауаттылыққа үйретіп, қарапайым тілмен қай жерде қателікке бой алдырмай амалын табуға болатынын
үйретіп берді, – дейді Ә.Құлмағамбетова.

Осылайша, қарызға белше-сінен батқан ананың жүрегінде үміт пайда болды. Қазіргі таңда курсты бітіргені туралы сертификат қолына тиген соң ісін жетелеуге жанына заңгер беріледі. Сотқа дейінгі шараларды жүзеге асыруға заңгер маманы жәрдемдеседі. Көп балалы ана қарыздарын өтеудің өзіне оңтайлы кестесін әзірлетіп алса, біртіндеп берешегінен құтылып, енді мұндай қателікке бой алдырмауға әрекет етпек. Одан кейін мемлекеттік қолдау арқылы кәсібін дөңгелетіп, өзі сияқты бірнеше ананы тігін ісіне тартып, еңбекпен қамтуға ниетті.

– Адамдар көп жағдайда сәл қиындыққа тап болса, тығырыққа тірелгендей сезініп, одан шығу жолын іздеуге қауқарсыздық танытады. Мәселен, мен сияқты қаншама адам несие алып, берешегі өсіп жатса да, мұндай курсқа барудан қашуы мүмкін. Себебі, көбі қарызы барын көпшілікке жаюдан ұялады. Міне, осы ұялу құртады. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтеруді үйрену керек деп ойлаймын, – дейді көпбалалы ана.

Лек-легімен оқытылады

Міне, осындай бейберекет берешекпен бетпе-бет кездесіп, төлеуге келгенде шамасы жетпей жүргендерге жәрдемдесу, барынша қарызсыз өмір кешуге кеңес беретін «Қарызсыз қоғам» жобасы аймағымызда қолға алынғанына екі аптадан астам уақыт болды. Естеріңізге сала кетейік, бұл жоба бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асырылуда және «AMANAT» партиясы мен ҚР Үкіметі бірлесіп, қолға алды.

Аймағымызда курстың алғашқы аптасында Павлодар қаласы, Успен, Ақтоғай және Аққулы аудандарының тұрғындарына қаржылық сауаттылық сабақтары өткізілді. Мұнда қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, отбасылық, жұмыс бюджетін жоспарлаудың ыңғайлы құралдары түсіндірілуде. Кредиттер, сақтандыру және қаржы өнімдерінің басқа да түрлерін алу жолдары айтылуда. Әрбір қатысушы курсты аяқтағаннан кейін дайындықтан өткені туралы сертификаттар алып қана қоймай, тегін заңгерлік кеңес алады. Курстың алғашқы легінде оқығандар қатарында біздің кейіпкеріміз Әсемгүл Құлмағамбетова да бар. .

Өткен аптада Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында және Шарбақты ауданында тыңдаушылардың екінші легі үшін курс сабақтары өтті. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікованың мәлімдеуінше, оқу бағдарламасы 5 күнге есептелген. Курстың алғашқы күнінің бірінші жартысында теориялық курстар өтсе, түстен кейін практикалық жаттығулар ұйымдастырылады.

– Білікті заңгерлер банктік берешек, қаржыландыру, жеңіл-детілген несиелеу мәселелері бойынша кеңес береді. Осы мәселелердің барлығы жыл бойы біздің заңгерлермен бірге жүреді. Жобаға кез келген азамат қатыса алады. Өтінім беру үшін Павлодар қаласы Жеңіс алаңы 5б, сондай-ақ «AMANAT» партиясының филиалдарына, тұрғылықты жері бойынша әкімдіктерде фронт-офистерге жүгінуге болады, – деді А.Мәлікова.

Биыл өңірімізде аталмыш жоба аясында 6500-ге жуық адамды оқыту жоспарлануда. Ол үшін
4 жоғары білікті бизнес-жаттықтырушы тартылды. Ертіс өңірінің барлық 10 ауданы мен 3 қаласы қамтылмақ. Оның арнайы кестесі де түзілген. Тіпті, шалғайдағы ауылдарға да жаттықтырушылар баруға әзір. Айта кетейік, бұл бағдарлама 2026 жылға дейін жоспарланған. Ел Президентінің жолдауы шеңберінде жүзеге асырылуда. Осыған қарап, жобаның қаншалықты қоғамға маңызды екенін көруге болады. Тренингтер өткізетін әрбір жаттықтырушы Астанада үш күндік курстан өткен.  Былтыр елімізде 8 өңірде 65000 адам қаржылық сауаттылығын аталмыш жоба арқылы арттырды.

Жаттықтырушылардың бірі Диас Абданбековтің айтуынша, курс барысында тұрғындарға қаржылық тәуелсіз болуға,
қаржылық міндеттемелерді дербес шешуге жол көрсетіледі. Маманның пікірінше, қазақстандықтардың көбі қарызды өтеуде мемле-
кеттің көмегіне үміттенетін көрінеді.

– Банктер мен микрокредиттердің жарнамалары көбінесе ақшаны тез және оңай алуға уәде береді. Бірақ іс жүзінде бұл қаржылық мәселелерге әкелуі мүмкін. Жобаның мақсаты – адамдарды несиеге тәуелділіктен арылту және болашақ үшін депозиттер арқылы өз қаржысын дұрыс басқаруға үйрету. Бұл адамдарға борыштық шұңқырдан шығып, өз кірістерін қазір ғана емес, болашақта да лайықты өмір сүру үшін көбейтуге мүмкіндік береді, – дейді Диас Ермекұлы.

Бұдан бөлек, берешегі көбейіп, шоты бұғатталып, кредиті коллекторлық компанияға өткен азаматтар да заңгердің көмегіне жүгініп, несиені қайта құрылымдай алады. Ол үшін заңгерлер тегін көмек көрсетеді. Сонымен қатар, ең тиімді депозиттердің шарттарымен, ірі сатып алуларды қалай жоспарлау қажеттігімен танысады. Мұның барлығы елімізде есепсіз қарызды азайтуды көздейді.

«AMANAT»  партиясының мәлі-меті бойынша, елімізде 6,3 млн-ға жуық қазақстандықтың банктерде өтелмеген несиесі бар. 1,2 млн ел азаматы микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Лезде бергенімен, пайыздық мөлшер- лемесі еселеп өсетін шағын несиелер талай адамның аяғына тұсау болып отыр. Сондықтан аманаттықтар мен Үкімет ендігі жерде тұрғындардың қаржылық сауатты болып, әр теңгесін еселеуге үйретуді басты назарға алып отыр.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ