Биыл көлік құралдарына салынатын салықты төлеудің мерзімі  1 сәуірден кешіктірілмеуі қажет. Салық кодексінің нормаларына сәйкес әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. Берешегін төлемегендер үшін мемлекеттік кірістер органдары салық бұйрықтарын шығарып, оларды жеке сот орындаушыларға жібереді. Өз кезегінде сот қызметкерлері берешек сомасын мәжбүрлеп өндіріп алу амалдарын қарастырады. Жалпы, салық берешегі туралы толық ақпаратты қайдан алуға болады? Салық берешегін өтемеген азаматтарды қандай жауапкершілік күтіп тұр? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Галина Бирюковамен әңгімелестік.

– Салық берешегін өтемеген тұлғаларға қандай жауап-кершілік қарастырылған?

– Автомобиль құралдарының салығын уақытылы төлемегендердің банктік шоттары бұғатталады. Салықты төлеудің шекті мерзімі 1 сәуірге дейін деп белгіленген. Осы уақытқа дейін салық берешегін өтемеген жеке тұлғаларға берешек сомаларын өндіріп алу туралы тиісті салық бұйрықтары жіберіледі. Салық бұйрығы табыс етілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде берешек өтелмеген жағдайда тиісті салық, жеке соттың бұйрығы орындаушыларға мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберіледі. Олар тиісінше, мүліктері мен есепшоттарын бұғаттайды. Жеке сот орындаушылары қарыз сомасынан басқа, шоттарды бұғаттаудан туындаған қолайсыздықтарды айтпағанда, жеке тұлғаларға салық берешегі сомасының 25 пайызына дейін қызмет ақысын қосымша алады. Бұдан бөлек, жеке тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салықты төлемегені үшін құқық қорғау органдарымен бірлесіп, көлік құралдарын айыппұл тұрағына орналастыруға қатысты іс-шаралар жүргізіледі.

– Есептелген салық бере-шегін қайда, қалай төлеуге болады?

– Салық төлеу үшін мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ. Комитеттің сайтында салыққа қатысты бірнеше электронды сервис бар. Көлік құралдарына салынатын салықтың сомасын «kgd.gov.kz» web-порталында орналастырылған салық калькуляторының көмегімен есептеуге болады. Сол жерден салық берешегінің бар-жоғы туралы толық мәліметтерді тексеруге болады. 2024 жылға есептелген көлік салығы «е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының «Алдағы төлемдер» қызметінде орналасқан. Мобильді қосымшаға кіру үшін деректеріңіздің қауіпсіздігі үшін ұялы телефон нөміріңіз мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек. Сондай-ақ, «eGov» порталында да салық берешегі мен өсімпұлдің бар-жоғын анықтауға болады. Портал онлайн режимде төлем жасауға да мүмкіндік береді. Ол үшін ЭЦҚ қажет емес. Бір реттік парольмен кіріп, ЖСН мен суреттегі кодты теру жеткілікті. Онымен қоса, екінші деңгейлі банктер қосымшаларында да бұл қызмет түрі қолжетімді.

– Облыс бойынша салық берешегі бар азаматтардың саны қанша?

Павлодар облысында 180 мыңнан астам темір тұлпар тіркелген, оларға иелік ететін 130 мыңнан астам азамат бар. Арасында берешек сомасын өтемей, қарыздары жылдар бойы жиналып қалғандары да аз емес. Биыл көлік салығы бойынша жалпы сомасы 650 млн теңгеге жуық 10 мыңнан астам салық төлеушілердің берешегі бар. 2024 жылы көлік құралдары бойынша болжамды салық сомасы 2 млрд теңгеден асады, олардың ішінде 180 млн теңгедей салық сомасына 13 мың азаматқа жеңілдік көрсетіледі. Жалпы жылдың басынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықта 71 млн теңгеден астам салық төленген.

– Ақпаратыңызға рақмет.

 

А.МҰҚЫШЕВ.