Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнестің дамуы үшін кәсіп-керлерге де, олардың қызметін пайдаланатын тұрғындарға да қолайлы жағдай жасау маңызды. Әсіресе, қызмет көрсету орындарында тиімді тетіктер қарастырылуы қажет. Бірақ елді мекендердің басым бөлігінде қолма-қол ақшаны шешіп алатын мүмкіндік жоқ. Сондықтан кәсіпкерлер мен тұрғындар банкоматтар орнатуды сұрап отыр.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Павлодар аудандық филиалы жанындағы аудандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Оған аудандық филиал директоры Әкежан Бақытбеков, аудандық кеңестің төрағасы Жасұлан Қабылдинов, бизнес пен банк өкілдері қатысты.

Кәсіпкерлер көтерген басты мәселе – ауылдарда банкоматтар орнату.  Әкежан Бақытбековтің сөзінше, бұл мәселе бірнеше жылдан бері кәсіпкерлермен кездесу барысында көтеріліп келеді. Себебі оларға да, қарапайым тұрғындарға да қолма-қол ақша алу үшін үнемі облыс орталығына бару ыңғайсыз. Кей кездері тауарды жеткізушілер төлемді қолма-қол ақшамен талап еткен кезде кәсіпкерлердің қиналып қалатыны тағы бар.

Бұл ойды аудандық мәслихат депутаты Мәдина Жұмалиева да қостады.

– Елді мекендерде pos-терминалдар болғанымен, банкоматтар жоқ. Мұны тұрғындар мен кәсіпкерлер ауылдарды аралау барысында жиі тілге тиек етеді. Қазір төлемдердің басым бөлігі электронды түрде жүргізіледі дегенмен, банк карталарына ақша салу үшін де банкомат керек. Осы орайда депутаттық корпустың ортаға салар ұсынысы – Кемеңгер мен Чернояркада банкоматтар орнату, – дейді ол.

Мәдина Жұмадиеваның айтуынша, бұл ауылдардың таңдалуы тегін емес. Соңғы жылдары бұл елді мекендерде инфрақұрылым дамып, тұрғындардың қатары көбейіп келеді. Мәселен, Кемеңгер ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Республика деңгейінде жоғары бағаланатын колледж бен оларда білім алатын студенттердің үлкен шоғыры бар. Ал Чернояркада орталық жылу және су жүйесімен қамтылған көпқабатты үйлер көбейді. Соның есебінен де ауылдағы жұртшылықтың саны артуда.

Өз кезегінде екінші деңгейлі банк өкілдері ауылдардағы қаржылық операциялардың санын, олардың жиілігін, көлемін сараптап, кейін шешім қабылдайтынын алға тартты. Сонымен қатар, банкоматтар қойылса, оларды күзету керек екенін де еске салды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА