Халық денсаулығы үшін жануарлар және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда осы салада еңбек ететін кәсіби мамандар өте аз. Елдегі эпизоотологиялық жағдай да күрделі. Себебі, жануарларда кездесетін көптеген жұқпалы ауруларға қарсы күрес жұмыстарымен айналысатын ветеринарлар жетіспейді. Бұл жағдай болашағымызға үлкен қауіп тудыруы ықтимал.
Статистикалық деректер бойынша қазіргі уақытта елімізде 7 мыңға жуық ветеринар жетіспейді. Ал облысымызға осындай 120-дан астам маман қажет. Сонымен қатар, жұмыс істейтін ветеринарлардың көпшілігі бұрынғы ескі білімімен жүр. Заман ағымына сай ауру түрлері де көбейіп, оны емдеу тәсілі өзгеруде.
Ең қорқыныштысы, соңғы уақытта жануарлар арасында аса қауіпті жұқпалы аурулар өршіп, өзгелеріне жұғу жағдайы жиі тіркелуде. Тіпті, олардан адамдарға да жұғуда. Мәселен, құтыру, пастереллез, эмфизематозды карбункул, сібір жарасы сынды аурулар аса қауіпті індет болып саналады. Бұдан басқа, Қазақстан аумағында жыл сайын адамдар мен жануарлар үшін қауіпті топырақ және табиғи ошақты инфекциялардың жекелеген жағдайлары тіркелуде. Атап айтар болсақ, қой шешегі, доңыздың классикалық обасы, листериоз, лептоспироз, энтеротоксемия, вирустық диарея, туберкулез, бруцеллез және басқа да ауру түрлері бар. Мұның бәрі мал шаруашылығының дамуына, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне және адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Яғни, бұл мәселе елдегі эпизоотиялық жағдайдың басты себептерінің біріне айналып отыр.
Тағы бір мәселе — біздің жағдайымызға бейімделмеген малдың жаппай импорты басталды, онымен бірге бұрын-соңды кездеспеген көптеген экзотикалық, жұқпалы аурулар еріп келуде. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін импортталған малдың басқа ортаға қалай бейімделгені, олардың қаншасы ауру екені жайлы толыққанды ақпарат жоқ.
Павлодар облысында сүтті бағыттағы ірі қара мал арасында ринотрахеит, вирустық диарея, лейкоз, некробактериоз, бруцеллез, құтыру сияқты жұқпалы аурулардың өршу жағдайлары тіркелген. Аймағымызда бұрын кездеспеген жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары жүргізілуде.
Міне, осы жағдайларды түзету үшін білікті ветеринар мамандар ауадай қажет. Сол үшін осы салаға бөлінетін білім гранттарының санын көбейтіп, оларды даярлау сапасын арттырудың маңызы зор. Бұл бүгінгі күннің сұранысы десек те болады.
Қуантарлығы, былтырдан бастап Торайғыров университеті «Ветеринарлық медицина» мамандығы бойынша ветеринар мамандар даярлау үшін лицензия алды. Бүгінде осы мамандық бойынша 63 студент білім алуда. Мұндағы жастарға өндірістік тәжірибесі бар оқытушылар сабақ береді. Студенттер ірі шаруашылықтарда тәжірибеден өтеді. Тәжірибелік сабақтар үшін факультетте екі ветеринарлық клиника мен зертхана базасы бар.
Айта кетерлігі, аймағымызда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің 99 маманынан тұратын аумақтық инспекция жұмыс істеуде. Олардың негізгі міндеттеріне жануарларды аурудан қорғау және емдеу, жануарларда кездесетін індеттерден тұрғындарды сақтау, ел аумағын шет мемлекеттерден әкелетін жануарларда кездесетін жұқпалы және экзотикалық аурулардан қорғау, сондай-ақ, импорттау, экспорттау және транзит кезінде азық-түлік өнімдері мен тасымалданатын нысандардың (теміржол, су, әуе, автомобиль) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жатады.
Бүгінде Қазақстанның Ресей Федерациясымен шекаралас аумағында қадағалау функцияларын жүзеге асыратын 4 ветеринариялық бақылау бекеті жұмыс істейді.
Жалпы, өңірімізде 490 ветеринар маман еңбек етеді. Оның ішінде Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалалары мен 10 ауданда 12 филиалы бар облыстық ветеринариялық зертхана қызмет көрсетеді. Барлық зертханада 140 маман бар. Сондай-ақ, облыс бойынша 8 жеке ветеринариялық дәріхана және 7 емхана қызмет көрсетеді. Мұнда барлығы 38 ветеринар маман, ал жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарында 30 маман бар. Бұған қарап, маман жетіспейтінін аңғаруға болады. Тіпті, кинология және фелинология орталықтарында, клубтарда, қалалық қоғамдық бірлестіктерге де ветеринарлар керек.
Қазіргі уақытта облыс бойынша жұмыс істеп жүрген ветеринарлардың жалпы саны – 832 адам. Олардың көбі — аға буын өкілдері.
Осылайша, елімізде ветеринарларға деген қажеттілік өте жоғары екеніне көзіміз жетіп отыр. Сондықтан көпшілік, әкімдік өкілдері, әсіресе, ауыл шаруа-шылығы кәсіпорындарының басшылары жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, «Ветеринариялық медицина» мамандығы бойынша білім алғысы келетін талапкерлерге бағыт-бағдар берсе екен дейміз.
Р.АҚЫЛЖАНОВ,
ветеринария ғылымының кандидаты, Торайғыров университетінің профессоры.