Торайғыров университеті мұнай-химия талдауы, органикалық химия және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуге арналған ғылыми-техникалық зертханалардың жұмысын жандандыруға басымдық беруде. Жоғары оқу орнында осы бағытта көп іс тындырылып жатқанын атап өткен жөн.
Мәселен, химия және химиялық технологиялар кафедрасының зертханаларында гранттық қаржыландыру және өнеркәсіптік кәсіпорындармен жасалған келісімшарттық жобалар шеңберінде түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Біздің аймағымызда «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Ақсу ферроқорытпа зауыты» АҚ, «Каустик» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және басқа да ірі кәсіпорындар көп болғандықтан кафедрада түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің маңызы зор, дейді ғалымдар.
Өңірдегі өнеркәсіп қалдықтарын өңдеу жұмыстарымен айналысып жүрген химия және химиялық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Диас Төлегенов:
— Қазіргі таңда құрылыс материал-дарының кең ассортиментіне үлкен сұраныс бар және нарыққа жоғары физикалық-механикалық беріктік қасиеттерге ие, отқа төзімді жаңа материалдар қажет. Бұл ретте, біз өнеркәсіптік ауқымда құрылыс керамикалық материалдарының кең ассортиментін алуға мүмкіндік беретін елдегі металлургия және энергетика қалдықтарын қайта өңдеу бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына өтінім бердік, — дейді.
Атап өтерлігі, тек биыл университет ғалымдары ғылыми-зерттеулерден 956 миллион теңге табыс тапқан. Бұл – жоғары оқу орнының ғылыми қоғамдастығының белсенділігі мен табысты еңбектің жемісі, дейді мамандар.
Нұржайна Шодыр.