Қазақстанда мемлекеттік тіркеусіз қайта жоспарлауға немесе қайта жабдықтауға байланысты пәтерлердегі кез келген өзгерістер заңсыз болып табылады. Процедура қатаң реттеледі және тірек конструкцияларына әсер ететін елеулі өзгерістер кезінде келісуді талап етеді. Меншік иелеріне қайда жүгіну керек, қайта жабдықтауға рұқсат алу үшін мемлекеттік баж салығын төлеу қажет пе? Осы сұрақтар төңірегінде Павлодар қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нариман Қайрленовпен сұхбаттасқан едік.
— Нариман Ерғалиұлы, пәтерлерін қайта жабдық-тауды қалайтын меншік иелері нені білуі керек?
— Қазақстанда көппәтерлі үйде қайта өңдеудің екі түрі бар. Қайта жабдықтау үй-жайдың функционалдық мақсатын өзгертуге,
қажетті технологиялық немесе инженерлік жабдықтың ішкі жүйесін толық немесе ішінара ауысты-руға байланысты жасалады. Ал қайта құру – бұл бөлменің шекарасын өзгерту арқылы оның орналасуын өзгерту. Өзгерістердің екі түрі де міндетті түрде келісуді және мемлекеттік құрылымдарда ресімдеуді талап етеді.
— Заң бойынша тыйым салынған және рұқсат етілген жұмыс түрлерін атап өтсеңіз…
— Панельдік үйлерде негізгі қабырғалардың бұзылуына немесе ішінара бұзылуына байланысты кез келген жұмыс түрлеріне,
әсіресе, қабырғаларды ойып, саңылау жасауға тыйым салынады. Панельдік үйлерде пәтер ішіндегі кіріктірілген шкафтар мен
қоймаларды бұзу, дәліз арқылы бөлмелердің ауданын ұлғайту, кіріктірілген шкафты немесе қойманы үй-жайға қосу және т.б.
рұқсат етіледі.
Кірпіштен жасалған тұрғын үйлерде жоғарыда аталған жұмыстардан басқа, негізгі қабырғаларда саңылаулар орнату, ішінара
бұзу үшін алдын ала келісу керек. Сонымен қатар, қабырға мен төбенің тұрақтылығын, сондай-ақ беріктігін қамтамасыз ету
жұмыстарын жүргізу қажет.
— Жаңа техникалық төл-құжатты қалай алуға болады?
— Қайта құру жұмыстарын рұқсат алғаннан кейін ғана бастауға болады. Жоба бойынша жұмыстар жүргізілген кезде міндетті
авторлық қадағалау болуы керек. Яғни, қайта құру жобасын дайындаған маман құрылысшылар жұмысының сапасы мен
орындалуын бақылап, содан кейін пайдалануға беру туралы актіге қол қоюы керек.
Жұмыстарды жүргізгеннен кейін объектіні пайдалануға беру актісіне қол қою қажет. Құжатқа қайта құру жобасының иесі,
маманы, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы және құрылысшылар қол қояды. Пайдалануға беру актісінің нысанын
мемлекет бекітеді. Бұрын көрсетілген барлық құжаттар актімен бірге ХҚКО-ға немесе egov.kz порталы арқылы өзгерістерді
мемлекеттік тіркеу және пәтерге жаңа техникалық паспорт алу үшін беріледі.
— Тиісті рұқсат қағазсыз қайта жоспарлағаны үшін қандай жаза қолданылады?
— Өз бетінше пәтерді қайта құру үшін меншік иесі айыппұл төлеуге және өз есебінен заңсыз өзгерістерді жоюға міндетті.
Мысалы, панельдік үйдің жүк көтергіш қабырғасында есік ойылған. Өзгерістер белгіленген нормаларға сәйкес келген жағдайларда оларды заңды түрде рәсімдеп, жаңа техникалық паспорт алу қажет. Тұрғын үйдегі үй-жайларды заңсыз қайта жабдықтау үшін заңнамада белгіленген айыппұлдар белгіленген. Атап айтқанда, жеке тұлғалар үшін 30 АЕК, лауазымды тұлғалар мен ШОБ субъектілері, коммерциялық емес ұйымдар үшін 90 АЕК, орта бизнес субъектілері үшін 150 АЕК, ірі бизнес субъектілері үшін 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Егер қайта жабдықтау нәтижесінде пәтерде ғимараттың беріктігі зардап шеккен болса, онда жеке тұлғаға айыппұл 80 АЕК,
заңды тұлғаға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 322-бабына сәйкес 180-нен 500 АЕК-ке дейін болады.
Айыппұлдан басқа, бұзылған құрылымды қалпына келтіруге міндетті.
— Ақпаратыңызға рақмет.
Торғын ОРАЗАЛЫ.