Бұрнағы күні облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен алдымыздағы жылу беру маусымына дайындық бойынша жедел штаб отырысы өтті. Бүгінгі таңда облыстағы 2231 көппәтерлі тұрғын үйдің 1042-сі немесе 46,7 пайызы ғана жылыту маусымына толығымен дайын.

Алқалы жиында алдағы қысқы жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталды. Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салхановтың айтуынша, бүгінгі таңда барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпо-рындардың жөндеу жұмыстары жоспарлы жүзеге асырылып келеді. Облыстың электр станцияларында негізгі жабдықтың 40 бірлігіне (12 энергоблок, 19 қазандық, 6 турбина және 3 түтін құбыры) күрделі және кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде күрделі жөндеуге жабдықтың 23 бірлігін (5 энергоблок, 13 қазандық, 4 турбина және 1 мұржа) шығару көзделіп отыр. Қазіргі уақытта бекітілген кестеге сәйкес, 8 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, 17 бірлікте жөндеу жұмыстары жалғасуда.
– Облыста ЖЭО негізгі жабдықтарының 40 бірлігіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Көмір қоймала-рында 1,4 млн тонна көмір және 22,5 мың тонна мазут бар. Электрмен жабдықтау желілері 2086,7 шақырым желіні және 675 бірлікті күрделі жөндеуді қарастырады. Оның ішінде қазіргі таңда 596,4 шақырым электрмен жабдықтау желілері және 251 бірлік техника жөнделді. Сумен жабдықтау және су бұру желілеріне 39,9 шақырым желілерді күрделі жөндеу және қайта жаңарту қарастырылған. Оның ішінде қазіргі уақытта 16,3 шақырым желі жөндеуден өтті. Жылумен қамту желілері бойынша 52,1 шақырым желіні жөндеу және қайта жаңарту жоспарланса, оның 45,1 шақырымы немесе 86,6 пайызы орындалды, – деді Е.Салханов.
Сонымен қатар, басқарма басшысы Екібастұз қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындаудың жоғары қарқыны байқалатынын атап өтті. Қазіргі уақытта кеншілер шаһарындағы 690 тұрғын үйдің 581-і немесе 84,2 пайызы толық дайын.


Сонымен қатар, кондоминиум объектісін басқару нысаны жоқ 182 көпқабатты тұрғын үйде Екібастұз қаласының қала құраушы кәсіпорындары жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні мұндай 164 тұрғын үйде дайындық жұмыстары аяқталды.
– Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығы жоспардағыдай. Павлодар қаласында, әкімдіктің мәліметінше, қазіргі таңда 1277 көпқабатты тұрғын үйдің 313-і немесе 24,1 пайызы жылыту маусымына толық дайын. Ал Ақсу қаласы бойынша бүгінгі таңда 264 көпқабатты тұрғын үйдің 148-і немесе 56 пайызы дайын. Бұдан бөлек, облыстың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары мен автономды қазандықтардың жөндеу жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Мәселен, облыстың барлық 551 білім беру ұйымы білім беру нысандарының жылу жүйесін шаю және қысымды сынауға келісім-шарт жасасты. Оның ішінде 272 нысанның ішкі жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қазір 15 білім беру нысанының жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыстар 31 тамызға дейін аяқталуы тиіс, – деді ол.
Облыс әкімі жиынға қатысқан құзырлы орган басшылары мен аудан әкімдеріне мәселені жіті назарда ұстау керектігін айтып,
жұмысты ширатуды тапсырды. Аймақ басшысы халыққа қолайсыздық тудырмау үшін қаладағы жылу құбыр магистралінің жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау керектігін баса айтты. Сондай-ақ, Асайын Байханов тұрғындарды сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін желілерді ауқымды жөндеумен қатар жуу, сығымдау, құбырларды ауыстыру сынды кешенді жұмыстарды жасау қажеттігін атап өтті. Ол білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарының дайындық жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды міндеттеді.
– Бірінші міндет – барлық тәуе-келдерді азайту және ақаулардың алдын алу. Бұған бірінші басшылар тікелей жауапты болады. Осыған орай, білім басқармасы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, білім беру нысандарының дайындығын ерекше бақылауға алып, жылу беру маусымы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауы қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.

А.МҰҚЫШЕВ.