Облыс орталығында кейбір қоғамдық көліктердің сапасына, тазалығына, интервалының алшақтығына тұрғындардан шағымдар жиілеген. Мәселенің мән-жайы Павлодар қалалық мәслихатының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында талқыланды.

 

Қалалық мәслихат төрағасы Қобыланбек Қожин автобустарды аялдамаларда ұзақ күту, кейбір маршрут көліктерінің адамға лық толып, қолайсыздық туындау жайттарын айтып, тұрғындар шағым түсіргенін мәлім етті. Сондықтан депутаттар өзіндік мониторинг жүргізіпті. Мәселен, сапаржайдан шығып, Усолка шағын ауданы арқылы Ладожская көшесіне дейін жүретін №1э автобустарын тексерген. Көп шағым «Павлодар автокомбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсететін №1, 1э, 9, 18, 27 бағыттарында қатынайтын автобустарға қатысты болған.

Қ.Қожин қалалық құзырлы бөлім мен аталмыш кәсіпорын арасында жасалған шарттың талаптары толық орындалмай жатқанын тізіп берді. Айтуынша, құжатта бір маршрутта 7-ден 13 автобусқа дейін жолға шығуы көрсетілген. Алайда, жоспардың орындалмайтыны белгілі болып отыр. Мысалы, №1э маршрутына желіде 8 автобус жүруі тиіс. Бірақ, іс жүзінде алтауы ғана шығып келген. №1 бағытында 10 автобус тұрғындарды тасымалдауы тиіс болса, олардың тек 8-і шыққан. №2 автобустың да саны жоспардан екеуге кем болған. №9 маршруттағы көліктердің саны шарт бойынша 13 деп көрсетілгенімен, кәсіпорын тек 11 автобус шығарып келген.  Адамдар жұмысқа баратын және қайтатын кездері автобустардың лық толатыны, сол мерзімде барынша жайлылық тудыруды да ескермеген.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық бөлімінің өкілдері де аталған компанияға тиесілі 6 маршрутқа қатысты тұрғындар жиі шағым-данатынын атап өтті. Әсіресе, тұрғындар автобустардың жағдайы мен жүру жиілігіне наразылық білдірген. Сондықтан бөлім кәсіпорынға сотқа арыз түсіруге қамданып жатқандары туралы ескерту жасапты. Яғни, барлық кемшіліктерді ескере отырып, шартты бұзуға бел буған.

Қалалық мәслихат депутаты Нұрсәуле Байболатова құзырлы бөлімге барып, автобустардың қозғалысына толық талдау жүргізілгенін мәлімдеді. Шартта көрсетілген талаптар қаперге алынбаған көрінеді. Яғни, бір бағытта қатынайтын автобус- тар саны 10 болса, олардың 20 пайызының «жасы» 12 жылға дейін, тағы 25 пайызінікі 15 жылға дейін болуы тиіс. «Павлодар автокомбинаты» ЖШС директоры Александр Панченко шарт мерзімі аяқталғанға дейін автопарк толық көлемде жаңартылатынын атап өтті.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов комбинаттың коммерциялық кәсіпорын екенін басшысына ескертті. Әрдайым мемлекеттік субсидияға иек арту дұрыс еместігін де атап өтті. Яғни, кәсіпорын да автопаркты жаңартуға қаржы салуы қажет. Сондай-ақ, №9, 27 маршруттарда жолаушылар ағыны айтарлықтай көп екенін, сәйкесінше, жаңа автобустардың құнының өтелуі жылдам болатынын да мәлім етті.

— Мәселелер бір күнде пайда болған жоқ. Жылдар бойы қалыптасып отыр. Енді ретке келтіру қажет. Тым болмағанда көліктердің тазалығын қамтамасыз ете алмай отырсыздар. Салонда жүргізушілердің темекі шекпеуін қадағалап, ішкі тазалығын сақтауға, сыры кеткен тұстарды бояп, қалыпқа келтіру сынды ұсақ-түйек жұмыстарды жасауға болады. Орындықтардың жыртылған немесе күйіп қалған маталарын да ауыстыру соншалықты қиын емес қой! Автобустардың жағдайын жақсартыңыз, жаңартыңыз. Автобустар қозғалысының аралық уақыты да ретке келтірілуі тиіс. Маршруттардың бәрі табысты, жолаушылар ағыны жақсы екенін көріп отырмыз. Біз де кәсіпорынның дамып, көркейгеніне мүдделіміз. Себебі, сіз де біздің азаматымызсыз, сізде нәпақасын тауып отырған жандар да — қаламыздың тұрғындары. Жолаушылардың жайлы автобустармен қатынауын қамтамасыз етуіміз керек, — деді Қ.Қожин кәсіпорын басшысына қарата айтқан қорытынды сөзінде.

Автокомбинат басшылығы жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын жақсарту мақсатында келісімшарттық міндеттемелерін орындайтынын уәде етті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Сурет газет мұрағатынан алынды.