Жыл өткен сайын Павлодар ауданының әлеуеті артып келе жатқаны көрер көзге белгілі. Әлеуметтік маңызы бар жұмыстардың ауқымды түрде атқарылуы аудан экономикасына айтарлықтай серпін беретіні ақиқат. Мәселен, биыл аудандағы күре жолдарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

 

Павлодар аудандық эконо-миканың нақты секторы бөлімінің басшысы Рүстем Сүлейменовтің мәліметінше, аудандағы ауылішілік жолдар 287,84 шақырымды құрайды. Оның 84,99 шақырымы жақсы, 131,44 шақырымы қана-ғаттанарлық, 71,41 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда.

– 2024 жылы орташа жол жөндеу жұмыстары Заря ауылдық округіне қарасты Подстепное ауылының Потанин, Айманов (2,7 км) көшелеріндегі ауылішілік жолдарда жүргізіледі. Сонымен қатар, биыл Мичурин ауылдық округі бойынша Мичурин кентіндегі көшедегі ауылішілік жолдарды орташа жөндеу жоспарлануда. Мердігер «Дорстрой» ЖШС. Қазіргі уақытта материалдарды жеткізу жұмыстары басталып, жер даярлау жұмыстары жүргізілуде, – деді Р.Сүлейменов.

Бұдан бөлек, бөлім басшысы бүгінгі таңда Черноярка ауылдық округі бойынша Сычевка ауылындағы Целинная көшесінің бойын-дағы және Жеңістің 60 жылдығы көшесінің бойындағы екі ауылішілік жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Ефремовка ауылдық округі бойынша Ефремовка ауылындағы екі ауылішілік жолға (Абай көшесі және Строительная көшесі) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі (1,2 км). Мердігер – «ИНЕК Қазақстан» ЖШС. Сондай-ақ, Шақат ауылдық округі бойынша ауыл ішіндегі ауылішілік жолдар орташа жөндеуден өтеді.

Мердігер – «Иль Комстрой» ЖШС. Барлық жұмыс ағымдағы жылдың мамыр айында басталады. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар материалдар әкеліп, жұмыстар жүргізілуде, – деді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.