Жылыту маусымының басталуына санаулы күндер қалды. Әсіресе, Екібастұз үшін бұл кезең нағыз сынақ болайын деп тұр. Ерте көктемнен басталған жұмыстардың нәтижесі дәл сол уақытта көрінеді. Бұл ретте былтырғы жағдай қайталанбас үшін ауқымды істің атқарылғанын атап өту керек. Бүгінде үш жылу магистралі жаңартылып, олардың аумағы қалпына келтіріліп жатыр.

Аймақ басшысы Асайын Байханов тағы да Екібастұзға барып, жылу беру маусымына дайындық барысын тексерді. Мұндағы жылу-электр станциясында қолға алынған жұмыстарға 300-ден астам адам тартылған. Бүгінде олар жоспарлы істі белгіленген кестеге сәйкес атқаруда. Қыркүйек айының соңына, яғни, жылу беру маусымының басталуына дейін станциядағы 10 қазандықтың алтауы толығымен дайын болады. Оның үшеуі – су жылыту, тағы үшеуі – энергетикалық қазандық. Қалған 4 қазандықтағы жөндеу жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, осы аптада Абай көшесіндегі барлық үш жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, бұзылған жерлер қалпына келтірілетін болады. Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы жылу магистралінде сильфон компенсаторларын монтаждау жүріп жатыр. Мұндағы жұмыстар 22 қыркүйекке дейін тапсырылуы тиіс.

— Қаладағы 690 көпқабатты тұрғын үйдің 665-і жылыту маусымына әзір. Олардың барлығында жылу тораптарын жуу және сығымдау жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйлер жылу қабылдауға дайын. Қалған үйлердегі жұмыстар 20 қыркүйекке дейін жалғасады, — деді облыс әкімі. Асайын Байханов екі көппәтерлі үйдің тұрғындарымен кездесті. Олар алдағы жылу беру маусымына, аулаларды абаттандыруға қатысты мәселелерді көтерді. Мәселен, Сәтбаев көшесі, 8/5 үйінің тұрғындарын қалалық жылу-электр орталығының жылу беру маусымына дайындығы мәселелері толғандырды. Тұрғындар аулада төселген асфальттың сапасына, үйге жақын орналасқан мектеп аумағындағы көліктердің көптігіне шағымданды.

— Мердігерге қатысты шағымдармен толықтай келісемін. Төселген асфальт жабыны тегіс емес, оны көзбен де көруге болады, ақаулары көрініп тұр. Екібастұз қаласының әкіміне осы мәселемен айналысуды, мердігерді кемшіліктерді түзетуге міндеттеуді, сондай-ақ, балаларды мектепке апару алгоритмін пысықтауды тапсырдым. Бұл ретте оқушылар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз, сондай-ақ, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына қолайсыз жағдай болуы керек, — деді А.Байханов. Аймақ басшысы кеншілер шаһарындағы бірнеше мектепке де барып, ғимараттарды аралап, олардың жай-күйін қарады. Биыл 40 жылдық мерейтойы болған №10 мектеп толық жобалық қуатта жұмыс істеп тұр. Бүгінде онда 2 ауысымда 1500-ден астам бала білім алуда. Мұнда шатыр мен мәжіліс залын күрделі жөндеу керек. Аталмыш жұмыстарды келесі жылы орындау үшін қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Бұл жобаларға облыстық бюджеттен қолдау көрсетілетін болады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.