Павлодар қаласының балалары өз үйінің ауласынан алыстамай-ақ ала доп қуып, асыр сала алады. Қала билігі көп қабатты үйлердің ауласына футбол алаңдарын орнатуды оң жолға қойып келеді. Биылдың өзінде қаладағы шағын футбол алаңдарының саны 18-ге артып отыр.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Осылайша, жас өрендерді барынша спортқа баулу көзде-луде. Жалпы, облыс орталы-ғында 27 шағын футбол алаңы бар. Енді жаңадан 18-і ашылса, спортпен шұғылдану мүмкіндігі арта түспек. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков шаһарда бұқаралық спортты дамытуға ден қойылғанын айтты. Сондықтан, жаңа спорт нысандарын салу қолға алынған. Сонымен қатар, Х.Хабылбеков қалада облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен 10 шағын саябақ та абаттандырылып жатқанын жазды инстаграмдағы жеке парақшасында.

— Біздің міндетіміз – қала тұрғындары үшін барынша көп демалыс орындарын құру. Ыңғайлы болуы үшін жаңа сая-бақтар Павлодардың әртүрлі шағын ауданында орналасқан. Оларды абаттандыру жұмыстары аяқталды. Кеспе тасы төселді, орындықтар, қоқыс жәшіктері, шамдар орнатылды. Жарық-тандыруды осы айдың соңына дейін қосамыз, — деді алаңдар мен саябақтарды аралаған қала әкімі Х.Хабылбеков. Шаһар басшысы шағын футбол алаңдарындағы жоспарланған жұмыстарды мердігерге қазан айының 20-сына дейін толық аяқтауды тапсырды. Қалалық спорт бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде 16 мекенжай бойынша шағын спорт алаңының негіздері жасалып, қоршаудың бағандары қағылған. Бес мекенжайдағы алаңның тор қоршаулары орнатылыпты. Солардың ішінде 15-інде жасанды жабындысы да төселіпті. Балалар игілігіне жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрмекке бірнеше алаңды аралап шықтық. Мәселен, Ломов көшесі, 30 көпқабатты үйінің ауласында жаңа шағын футбол алаңы орнатылды. Жасанды жабындысы төселіп, қоршауы да қойылыпты. Енді есігі жасалса, балалардың барып, доп қуып, ойнауына жол ашық.

— Бұл үйде 1998 жылдан бері тұрамын. Бұрын мұнда футбол ойнайтын жер болғанымен, тозығы жеткен еді. Тұрғындар биліктен сұрап, өтініш білдіргенін білемін. Енді, міне, жап-жаңа шағын футбол алаңы ашылмақ. Екінші сыныпта оқитын немерем футбол алаңын іздеп алысқа бармайды, көз алдымда алаңсыз доп теуіп, ойнайтынына қуаныштымын, — дейді Ломов көшесі, 30 мекенжайдағы үйдің байырғы тұрғыны Оразалы Әріпұлы. Ауласында футбол алаңының салынғанын әу бастан бақылап, ашылғанын асыға күтіп жүрген өрендердің бірі — Мейірәли Суханқұлов. Біз сөйлескен балақай М.Жүсіп көшесі, 286 мекенжайында тұрады.

— Менің футболмен айна-лысқаныма бес жылға жақын-дады. «Ертіс» футбол орталы-ғында жаттығамын. Біздің ауламызда футбол алаңы болған жоқ. Жанымыздағы мектептің алаңына баратынбыз. Бірақ онда көбінде жоғары сынып оқушылары футбол ойнайды. Бізге кезек келмейтін. Сондықтан, өзіміздің ауламызда жаңа футбол алаңы ашылғанына қуанып жүрміз, — дейді қолында ала добы бар Мейірәли. 11 жастағы Мейірәли ауласында доп ойнауға құмар балалар көп екенін айтады. Досы Аңсар Сағадат та жаңа жасыл алаңда доп тебуге асығып жүргенін жасырмады. Қала бойынша жаңадан 18 шағын футбол алаңы ашылса, қаншама баланы қуантарымыз сөзсіз. Телефонға телмірмей, спортты серік еткен, саналы да білімді буын өсіру мақсатымыз болса, мұндай мүмкіндіктер жасаудың жемісін келешекте молынан көретініміз анық.

 

Павлодар қаласы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.