Баға сәт сайын құбылып тұратын бүгінгі қоғамда енді электр жарығының құны да өспек. Ақпан айынан бастап монополист компания әрбір киловат энергия үшін тариф құнын 15,02 теңгеден 16,57 теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отыр. Ел-жұртқа жағымсыз жаңалық болса да, қаладағы электр қуатына жауапты мамандар бұл амал желілердің тозуына байланысты «маңызды мәжбүрлік» дейді. Электр желілерін жаңарту жұмыстарының шығыны неге тұтынушы қалтасынан шығу керек? Қала тұрғындары не дейді?
Өткен аптада қоғамдық маңызы бар нарықта баға белгілеу қағидаларына сәйкес, алдағы уақытта реттелетін қызмет бағаларының көтерілетіні туралы жария тыңдау өтті. Жиынға депутаттар, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. Шара барысында облыстық департамент өкілдері мен «Павлодар-энергосбыт» ЖШС-нің бас директоры Талғат Арғынов хабарлама жасап, жарық бағасының қымбаттау себептерін кеңірек түсіндірді.
— Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік кодексіне сәйкес және қоғамдық маңызы бар нарықтың баға орнату ережесі бойынша «Павлодар-энергосбыт» ЖШС 21 желтоқсанда табиғи монополияларды реттеу комитеті мамандарына 1 ақпаннан бастап, бағаны 29 теңгеге көтеру жоспары туралы хабарлама берді. Тариф құнының өзгеруіне инфляция, тасымалдау шығындары, материалдар мен құрал-жабдықтардың қымбаттауы себеп болып тұр. Осыған байланысты кәсіпорын шығыны да соңғы жылдары артты. Жанармай, сым және басқа да қажетті материалдардың бағасы өсті. Оған қоса, біздегі орташа жалақы ел бойынша орта көрсеткішке жетпейді. Біз тариф құнынан қызметкерлердің еңбекақысын көтеруді де жоспарлап отырмыз, — деді Т.Арғынов.
Сонымен қатар, кәсіпорынның баспасөз қызметі тарифтің өзгеруінің басты себебі өндіретін электр станциялардың электр энергиясы, электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша көрсететін қызмет құнының және «КЕГОК» АҚ-ның желілері бойынша электр энергиясын беру бағаларының өсуінен де екенін жеткізді. Мәселен, биылдан бастап энергия өндіруші станциялардағы электр энергиясы құны 0,1 пайыздан 6,6 пайызға дейін өссе, электр энергиясын тасымалдау тарифінің «КЕГОК» АҚ-ның 1,8 пайызға және «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның 18,6 пайызға, жабдықтаушы үстемеақы мөлшерінің 1кВт. сағатқа 0,63 теңгеден 1,04 теңгеге артпақ.
— Павлодар облысында электр энергиясын тұтынатын 230 мыңнан астам абонент бар. Бағаның өсуіне «Қаржылық есеп айырысу орталығының» жұмысын жандандыру және электр қуатының өнімділігін күшейту себеп. Бұдан бөлек, ҚР заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бір жарым пайыз көлемінде міндетті жарна енгізілді. Сол себепті бұл шығындар тариф құнына кіреді, — делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың қыркүйек айында Павлодарда электр тарифі киловат сағатына 15,02 теңгеге дейін өскен болатын. Жарты жыл өтпей жатып, алпауыт компания иелері қайтадан қызмет көрсету құнына баға көтеруді сұрап отыр. Сонымен бірге, басқосуда жауапты мекеме басшылары қала тұрғындарына тариф жүктемесін азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті. Тариф бағасына қатысты көтерілген мәселелердің барлығы отырыс хаттамасына түсірілді. Жиын барысында тұтынушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Қоғамдық тыңдауға келгендердің көбі тариф құнын көтеру бастамасын мақұлдамады.
Қала тұрғыны, зейнеткер Бибігүл Назарқұлованың айтуынша, жарты жыл бұрын өзгерген тарифті қайта көтеру ақылға қонымсыз. Бұлай жалғаса берсе, қаладағы электр желілерінің тозуын желеу қылып, кәсіпорын иелері тариф бағасын жылына бірнеше рет көтере береді.
— Қазір тіршілігімізді электр қуатынсыз елестету қиын болып кетті. Өйткені барлық жұмысымызды осы энергиямен байланыстырып қойғанбыз. Дегенмен нарықтық заманның қандай өзгерісі де ең әуелі қарапайым халықтың қалтасына түсіп, тұрмысына едәуір әсер ететінін ескеру керек. Онсызда қымбатшылық жайлаған заманда «жығылған үстіне жұдырық» болмай, керісінше тіршілік көздерін жеңілдетуді ойлау қажет. Тариф көтеру арқылы тозған желілерді жаңарту дегеніміз – монополистің қалтасын толтырып, халықтың қалтасын қағу. Кәсіпорын иесі өзі қызмет көрсететін желілерді жаңарта алмаса оның не қажеті бар. Мемлекет меншігіне қайтарылсын, — деді қала тұрғыны.
Айтқанымыздай, тарифтерді көтеру туралы өтініштің қаншалықты негізді екенін табиғи монополияларды реттеу департаменті анықтайды. Яғни соңғы шешімді уәкілетті орган қабылдайды. ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов қазіргі кезде департамент тарапынан бағалардың өзгеруін негіздеуге ұсынылған құжаттарға сараптама жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының «табиғи монополия- лар туралы» заңына енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларда нақты үш бағыт бойынша тарифтік саясатты іске асыру көзделген. Бірінші — желілер мен жабдықтарды жөндеуге арналған инвес-тицияны ұлғайту. Екінші — осы сала қызметкерлерінің жалақсын арттыру. Сала мамандарының еңбекақысын өңірдің орташа өмір сүру деңгейінде ұстау көзделген. Үшіншісі — иесіз қалған желілерді табиғи монополия- лар субъектісіне қабылдау арқылы инвестицияны ұлғайту.
— Жалпы, жылу энергиясын өндіруге, жылу және электр энергиясын беру және тарату бойынша көрсетілетін қызметтерге, сондай-ақ, жылу энергиясымен жабдықтау бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер мемлекет тарапынан реттеледі және әрбір өндіруші, беруші және жабдықтаушы компания үшін жеке белгіленеді. Компанияның жылу энергиясын өндіру, жылу мен электр энергиясын беру, сондай-ақ, жылумен жабдықтау бойынша жылына бір реттен жиі емес тарифтерді көтеруге құқығы бар. Компания тарапынан монополиялық реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша тарифтер ҚР Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментімен бекітіледі, электрмен жабдықтау бойынша уәкілетті органға хабарлама жолданады. Монополист компанияның өтініші негізінде тарифтің қаншалықты өсетіні әлі белгісіз. Себебі қазіргі уақытта «Павлодарэнергосбыт» ЖШС-нің өтінімі қаралу үстінде, — деді департамент басшысы.
А.МҰҚЫШЕВ.