Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердегі жеделсатылар жаңартылуда. Мәселен, биылғы жылдың ақпан айында Павлодар қаласындағы ең биік үйлердің бірі Академик Ш.Шөкин көшесі, 100 және Н.Назарбаев даңғылы, 52 мекенжайындағы үйлерге екі-екіден 4 жаңа лифт жеткізіліп, орнатылмақ.

Жалпы, ағымдағы жылы Павлодар шаһарында 11 тұрғын үйдің 13 жеделсатысы жаңарып, ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Павлодарда қаланың лифт шаруашылығын қайта жандандыру жөнінде арнайы бағдарлама әзірленді. Себебі жеделсатыны мемлекеттік қаражатқа ауыстыруға болмайтыны белгілі. Бұл – кондоминиум нысаны. Жергілікті тұрғындардың жиналысы және келісімінен кейін жауапты мекеме мамандары пәтер иелеріне лифтіні ауыстыруға қажет сомманы бөліп төлеуге мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама ұсынды.

Жаңа жеделсатының құны 16-дан 18 миллион теңгені құраса, бағдарлама мерзімі 8-ден 15 жылға дейінгі аралықты құрайды. Аталған негіздемеге сәйкес, қаржы қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісімшарт түзіліп, орнатылу жұмыстары жүргізілмек. Жеткізуші мердігер мекемемен орнатылатын жеделсатылардың келісім- шарт бойынша 2 жылдық кепілдік мерзімі де қарастырылған.

Павлодар қаласы тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Асылбек Жұмабековтің айтуынша, облыс орталығында жеделсаты жабдығының тозуы 72 пайызды құрайды. Яғни, шаһарда 1640 лифт болса, олардың 70 пайызы ауыстыруды қажет етеді. Көпқабатты тұрғын үйдегі лифтті жаңарту туралы өтініште тұрғындардың 3-тен 2 бөлігінің рұқсаты болуы керек. Жеделсатыны жаңарту жұмыстары шамамен 1,5-2 ай уақыт ішінде жүргізіледі.

– Жалпы, облыс орталығындағы жеделсатыларды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Айтар болсақ, 2021 жылы Н.Назарбаев даңғылы 81-дегі үймен қатар, 1 Май көшесі, 284-ші үйдің 1-інші және 5-інші подъездерінің лифттері ауыстырылды. Осылайша 4 жаңа жеделсаты орнатылды. Ал, 2022 жылы Малайсары батыр көшесі, 8, 10, Н.Назарбаев даңғылы, 32, Набережная көшесі 3-үйдегі жеделсатылар жаңартылды. Алайда 2023 жылы ескі жеделсатыларды ауыстыру жұмыстары жүргізілмеді. Биыл 11 мекенжай бойынша 13 жеделсаты кабинасы жаңартылмақ. Ақпанда Ак.Шөкин көшесі, 100 және Н.Назарбаев даңғылы, 52 мекенжайындағы үйлерге екі-екіден 4 жаңа лифт жеткізіліп, орнатылады. Бүгінгі күні осы 4 лифттің жеткізілуін күтудеміз. Көпқабатты тұрғын үйлердегі жеделсатыны ауыстыру «2026 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» шеңбе-рінде жүргізіледі, – деді ол.

Сонымен қатар, бөлімнің бас маманы мақұлданған өтініш бойынша алдағы уақытта жаңартылатын тоғыз лифттің де мекенжайларымен бөлісті. Атап айтсақ, биыл облыс орталығындағы Набережная көшесі, 11-үй (1 подъезд), Набережная көшесі, 9-үй (2, 3 подъезд), Торайғыров көшесі, 28-үй (3 подъезд), Ак. Шөкин көшесі, 87-үй (3 подъезд), Н.Назарбаев даңғылы, 42-үй (10 подъезд), Малайсары батыр көшесі, 39-үй (3 подъезд), Малайсары батыр көшесі, 21-үй (3 подъезд) және Қамзин көшесі, 80-үй (4 подъезд) мекенжайларындағы жеделсатылар ауыстырылады.

Айтқандай, алдымыздағы ақпан айында облыс орталығындағы Ак.Шөкин көшесі, 100 және Назарбаев даңғылы, 52 мекенжайындағы үйлердің жеделсатылары ауыстырылмақ. Аталған тұрғын үйлердегі пәтер иелерімен әңгімелесу барысында мұндағы лифттердің жиі істен шығатынын білдік. Соның салдарынан жоғарғы қабатта тұратын кейбір тұрғындардың далаға шығып-кіруі қиындай түседі екен.

– Жеделсатыны ауыстыру туралы әңгіме 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Енді биыл ақпан айында ауыстырады деген хабар келді. Өзім осы көпқабатты үйдің 15-інші қабатында тұрамын. Жеделсаты жұмыс істемей қалған жағдайда жас адамдардың сыртқа қатынауы қиындық туғыза қоймайды. Алайда, егде адамдар үшін бұл – үлкен мәселе. Өзімнің әкем де зейнеткерлік жасқа жақындап қалған адам, аяғы да ауырады. Лифт істен шыққан кездері үйге қамалып отыруға мәжбүр. Келесі айда жаңа жеделсатыны орнату жұмыстары қолға алынбақ. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, – дейді Ак.Шөкин көшесі, 100-інші үйдің тұрғыны Жәнібек Жауынбай.

Ал Н.Назарбаев даңғылы, 52 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер иесі, сондай-ақ, «ПавлодарЛифтСервис» ЖШС-нің қызметкері, тәжірибелі лифт маманы Наталья Кириченко жиі істен шыға беретін жеделсатылар бүгінде техникалық және моральдық тұрғыдан ескіргенін айтады. Техникалық сараптама жүргізуші маман бұл істен шыққан жеделсатының модель түрлерін өндіретін өндіріс 25 жылдан астам уақыт бұрын өз жұмысын тоқтатқандығын атап өтті. Сонымен қатар, қосалқы бөлшектер, тетіктер мен құрылғы механизмдері де нарықта кездеспейді. Сондықтан тозған және істен шыққан жеделсатылардың тек бөлшектерін ғана ауыстыру мәселесі лифттің қауіпсіз жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Әрине, егер жеделсатыдағы негізгі жиынтықтың жағдайы жақсы болса, пайдалану мерзімі ұзартылады. Алайда ол да шексіз қызмет ете бермейді, 45 жыл жұмыс істеп тұрған лифтке күрделі жөндеу жүргізудің еш мәні жоқ.

– Қазіргі уақытта біз қызмет көрсететін тұрғын үйлердегі лифттердің басым бөлігінің нормативтік мерзімі өтіп, ескірген. Дегенмен, 40 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқандары да баршылық. Олардың қатарында Павлодар қаласының дәл орталығында орналасқан үйлер де бар. Өзім Н.Назарбаев даңғылы, 52 мекенжайындағы 16 қабатты тұрғын үйде тұрамын. Аталған үйдегі жеделсатылар 1994 жылдары пайдалануға берілген. Ал лифттің қызмет көрсету мерзімі шамамен 25 жылды құрайды. Сол себепті бұның бәрі лифттердің жұмыс сапасы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне әсер етеді. Өйткені лифттерді мұқият бақылап, үнемі жөндеп тұруымыздың өзі қауіпсіз-дікке толық кепілдік бермейді. Міне, содан жұмыс істеп келе жатқан лифтілердің істен шығып, бұзылып, кейде тұрып қалуы ғажап емес, – деді Н.Кириченко.

Сонымен қатар, 30 жылдан астам тәжірибесі бар лифт маманының айтуынша, жеделсатыларға техникалық қызмет көрсету дегеніміз – төтенше жағдайда көмек көрсетумен қатар, өтініш түспесе де, тұрақты түрде профилактикалық шараларды жүргізу. Бұл қызмет үшін подъезд тұрғындары айына орта есеппен 3-5 мың теңге төлейді. Ол ақшаны сервистік компаниялар жаңа бөлшек алуға, майлайтын материалдарға, жұмыс киіміне және қызметкерлерді оқытуға жұмсайды. Көбінесе қозғалтқыштар, лифт есігін ашып-жабатын жетек, сақтандыру тетіктері істен шығып жатады.

– Әдетте, жеделсатыларды көп жағдайда тұрғындардың өздері бұзады. Бұл негізінен жүктің салмағына байланысты – 5-6 адам бірден отырады немесе пәтерлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде ауыр құрылыс материалдары мен жиһаздарды тасымалдайды. Сондықтан біз тұрғындарды жеделсатыларды барлық белгіленген талаптарға сай пайдалануға шақырамыз, – дейді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.