Қазақстанда 2040 жылға қарай су тапшылығы мәселесі күшейе түсуі мүмкін. Мамандардың болжауынша, 17 жылдан кейін елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метрге жетеді. Яғни, еліміз таза ауызсу ретінде пайдаланатын су көлемі кем дегенде 50 пайызға азайып, әрбір екінші қазақстандық сусыз қалуы ықтимал. Бұл өте қауіпті. Өрістер көктемде көлге, ал жазда шөлге айналады. Осы мәселе жыл сайын қайталанғанымен, әлі де шешілмей келеді. Табиғат берген су ресурсы неліктен тиімді пайдаланылмай отыр? Суды қалай үнемдеуге болады? Осы сауалдарды «Алаңның» талқысына салған едік.

 

Бақытжан БАЗАРБЕК, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен алынды):

–  Мемлекет басшысы 20 жаңа бөгет салуды және 3,5 мың км каналды жаңғыртуды тапсырған еді. Бірақ Үкіметтің баяу қозғалысына қарағанда, жақында Қазақстанда су тапшылығы мәселесі шешілмейді. Су қоймалары – негізгі стратегиялық нысан. Сондықтан елдегі осы маңызды нысандардың көпшілігі жеке меншікке айналғаны алаңдатады. Себебі олардың қаншалықты тозғаны, оларды нығайту үшін қандай шаралар қолданылатыны белгісіз. Жеке меншік нысан аумағына ешкім кіре алмағандықтан, ол мемлекеттік бақылаудан шығады.

Бүгінде елімізде 1,4 мың гидротехникалық құрылыс бар. Бұл – 342 су қоймасы, 219 бөгет, 119 су торабы, 313 тоған. Оның 333-і республикалық меншікте, 895-і коммуналдық меншікте, 228-і жеке меншікте болса, 22-сі – иесіз. Еліміздегі 3,5 мыңға жуық арнаның жартысынан көбі толығымен тозған. Нәтижесінде жол бойында судың 60 пайызы жоғалады. Суды ысырап етпей, дұрыс пайдаланып, үнемдеу керек. Ол үшін еліміздің жеке меншікке өткен, қараусыз қалған, жұмысы үйлестірілмеген су қоймалары, бөгеттер, көлдер және басқа да стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару жөнінде шаралар қабылдау қажет. Су ресурстарын ұтымды пайдалану маңызды. Осы салаға қатысты заң талаптарына бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуы тиіс.

 

Елеусіз ҚАМБАРОВ, Ертіс бассейндік инспекциясының бас маманы:

 

– Қазіргі таңда Қазақстанда су ресурстарын үнемдеу қажеттігіне ерекше мән беріліп отыр. Осыған орай былтыр елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, су үнемдеу бағытында жұмысқа кірісті. Су тапшы оңтүстік өңірлерде 20 су қоймасы салынбақ. Су қорын үнемдеу мақсатында көктемгі қар суын жинап қалу, Қырғызстан, Өзбекстан сынды шекаралас елдерден босатылған суды тиімді пайдаланса, елімізде су тапшылығы 25 пайызға азаяды.

Сонымен қатар, тозығы жеткен гидротехникалық құрылғыларды қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Себебі суды елді мекендерге тасымалдайтын осындай құрылғылардың сапасы сын көтермейді. Бұл 30-40 пайызға нысандарға жеткізгенше суды босқа шығындауға әкеліп соғады. Жалпы, Ертіс өзенінің бойындағы өңірлерде, оның ішінде Павлодар облысында су тапшылығы жоқ. Кәсіпкерлерге су пайдалануға рұқсат беруде шектеу жоқ. Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тамшылата суару әдісін пайдаланғаны тиімді. Бұл су ресурсын 10-20 есе үнемдейді. Сонымен қатар, тұрмыс жағдайында да суды босқа ысырап етпей, есептегіш құралдар көмегіне жүгінген жөн.

 

Бахтияр АҚТАЕВ, «Әділжан» шаруа қожалығының меңгерушісі:

– Суды үнемді пайдалану оның қорының сарқылуының алдын алады. Ол үшін бөгеттер салып, ылғал тоқтату мәселесіне де мән беру керек. Қазіргі заманда түрлі қондырғыларды пайдаланып, су ресурсын тиімді пайдалануға болады. Мәселен, біздің аймақта ащы суды тұшайтатын технологиялар қолданылады.

Мал шаруашылығымен айналысушылар көбіне көктемде көлтабандарға жіберілетін экологиялық суды пайдаланып, жайылған судың көмегімен шыққан шалғынды орумен нәпақасын тауып, мал азығын қамдайды.

Су дұрыс жайылмаған жағдайда қырдың шөбіне түсіп, амалдайды. Егіншілікпен айналысатын шаруаларға тамшылай суару технологиясын қолданып, мол өнім алуға болады. Бұл – дәнді дақылдар мен көкөніс өсірушілер үшін өте тиімді әдіс. Жалпы, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, судың тиімді пайдаланылуын реттеудің жолдарын қарастыру керек. Қазіргі уақытта қолданылмай бос жатқан шлюздер бар. Оның бәрін кәдеге жаратса, су шаруашылығын дамытуға септігі тиер еді. Ал су қоймаларын жалға алушылар бас пайдаларын ғана ойламай, үкіметке де, тұрғындарға да тиімді бағыттарды қарастырғаны жөн. Яғни, нысанды ұзақ мерзімге жалға беру кезінде нақты міндеттемелер белгіленіп, монополистер халықпен етене жұмыс жасағаны жөн деп ойлаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Торғын ОРАЗАЛЫ.