Павлодарда судың бағасы өсуі мүмкін. Бұрнағы күні тариф құнын көтеру туралы қоғамдық тыңдау өтті. Монополист компания өкілдері электр энергиясы мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауына, сондай-ақ, тозығы жеткен су құбырларын жаңартуға байланысты тарифті көтеруге мәжбүр екендігін айтты.

 

Қоғамдық тыңдауға қала тұрғындары, депутаттар, халыққа қызмет көрсету ұйымдарының мамандары мен қоғам белсенділері қатысты. «Павлодар-Водоканал» ЖШС директорының орынбасары Валерий Филяевтің айтуынша, қаладағы су құбырлары өткен ғасырдың 60-жылдары іске қосылған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген құбырлар әбден тозған. Жауапты мекеме басшылығы ескірген су желілерін жаңартуға биыл 3 млрд теңгенің инвестициясын тартпақ.

– Тарифтің болжамды деңгейі кәсіпорынға тек қызмет көрсетуге ғана емес, сонымен қатар, су сияқты маңызды ресурсты одан әрі пайдалану үшін қолданыстағы сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін белсенді түрде дамытуға және жақсартуға мүмкіндік беруі керек. Қолданыстағы тарифтер кәсіпорынның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қажетті эконо-микалық шығындарды өтей алмайды. Тарифтерді көтерудің арқасында кәсіпорын өз қызмет сапасын арттырады, бұдан бөлек, қаладағы су желілері жаңартылады. Тұрғындар ары қарай да таза ауызсуын қолданады. Ал су қоймасының қазіргі жағдайы өте ауыр. Ұзақ жылдан бері қолданыста. Құрылғылары тозған. Бір-ақ күнде шаһарға су беру тоқтап қалу қаупі бар. Сондықтан да, инвестициялық жоба дайындап отырмыз, – деді Валерий Филяев.

Айта кетейік, монополист ауызсуға тарифті 25 пайызға, техникалық суға 62 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Қоғамдық тыңдауда көтерілген мәселелердің барлығы отырыс хаттамасына түсірілді. Тарифтерді көтеру туралы өтініштің қаншалықты негізді екендігін табиғи монополияларды реттеу департаменті анықтайды. Олар алдымен алпауыт компания ұсынған тариф бойынша сараптама жүргізеді. Яғни соңғы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.

– Тарифтің қаншалықты өсетіні әлі белгісіз. Себебі бүгінде «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің өтінімі әлі қаралу үстінде. Сараптама жұмыстары осы айдың соңына дейін жүргізіледі. Сонымен қатар, монополист компания су бұру және сумен жабдықтау желілерінің тозуын азайту үшін қосымша инвестициялар тартуды жоспарлап отыр.

Кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын арттыру да қарас-тырылуда. Бұдан басқа, субъектінің балансына берілген жаңа желілер бар, коммуналдық кәсіпорын оларды ұстау бойынша шығыстарды өз мойнына алады.  Бұл факторлар тарифтің өсуіне әсер етеді. Сондай-ақ, биыл электр энергиясының өскені белгілі. Ал суға жауапты мекеме үшін бұл стратегиялық тауар болып есептелінеді. Өз кезегінде ол да тарифтің өсуіне ықпал етеді, – деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов.

Өз тілшіміз.