Он алты жасында ұстаздық жолын бастаған Төлеген Құлтуманов жайлы бұрынырақ көп естіген едім. Жақсы адам жүріп өткен жолында жолазық қалдырады демей ме. Сырттай ғана білетін жанмен көрші болу бақыты енді бұйырыпты.
Сонау бір жылдары Павлодар аудандық «Заман тынысы» газетінде біраз уақыт қызмет еткен едім. Бүгінгі кейіпкерім жайлы алғаш рет сол кезде біле бастадым. Өмірдегі ұстазым, аудан әкімінің орынбасары болған марқұм Роза Шамкенқызы үлгі тұтар адам жайлы сөз қозғағанда әңгімесін Төлеген Түсіпұлы жайлы бастайтын… Саналы ғұмырының елу алты жылын ұлт пен ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан әлі күнге қоғамдағы ұстаз беделі қандай болатынын ісімен дәлелдеп келеді. Шынымен де, мұғалім беделді болса, онда бұл мұғалімнің әсерінің іздері кейбір адамдардың бойында бүкіл өмір бойы қалып қояды. Ұстазына қарап бой түзеген тұлғалар өмір жолынан адаспай өз соқпағын табады. Міне, сондықтан мұғалімнің өзіне құнтты болуы, мінез-құлқы мен іс-әрекеттері ұлт болып ұйысуымызға өз әсерін берері сөзсіз. Жасыратын несі бар, біздің қоғамда ана тілінде сөйлей алмай-тындардың әлі күнге дейін кеңестік дәуірден қалған «біз орыс мектебінде оқыдық» деген қисынсыз ақталуы бар. Төкең мұны жоққа шығарады. Ол Ресейдің Новосібір облысында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Үш айлығында ел қорғауға аттанған әкесі елге оралмады. Әкенің жоқтығын білдіртпей өсіру анасы Мақпузаның мойнына артылған жауапкершілік болды. Қиыншылық көрмей өсті деуіміз ағаттық болар, жоқшылық пен тоқшылықтың дәмін бірдей татты. Қарасуық ауданына қарасты Қарасарт деген шағын ауылдан түлеп шыққан Төкең еңбекке ерте араласты. Себебін өздеріңіз де сезіп отырған шығарсыздар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1959 жылы орта мектепті бітіре салып, облыстық білім басқарма-сының нұсқауымен мектебі жоқ ауылда мұғалімдік қызметін бастап кетеді.
— Ол кезде небары 16 жаста едім. Бүгінгідей есімде, Қызыл Ту бастауыш мектебіндегі ұстаздық бірінші күнім Темірғали деген бригадирдің үйінде 3-4 дөңгелек стол басында 22 оқушымен өтті. Ертеңінде Темең маған қарап: «Мұғалім бала, мен шанаға ат жеккізіп қойдым, ауданға барып мектепке ақша сұра. Сен келгенше мынау ауыл шетіндегі есік-терезесі жоқ үйді дайындап қояйын. Бүгіннен бастап мектеп осы болады», — деген еді. Бригадирдің бастамасымен ауаткомнан 2500 рубль алып, шамалап парта, қағаз-қалам алып қайттым, — деп еске алады ақсақал өткенге көз жүгіртіп.
…Қазақ қызының бойындағы қайсарлыққа қалай таң қалмайсың?! Бас көтерер азаматы болмаса да, Мақпоза шешей бозбала ұлы мен қарт әжесін ертіп, 1967 жылы атамекенге бет алады. Көш қазіргі Аққулы ауданы, Қарқала ауылына тоқтайды. Семей педагогика институтының түлегі Төлеген Құлтуманов сол жылы курстасы Ләззат Елемесовамен отау құрады. Жас мамандар ауылдағы орта мектепте 5-6 жыл қызмет етіп, тәжірибе жинақтайды, іскерліктерін танытады. Бұл жылдар Төкеңнің өсу жолындағы баспалдақ еді. Кейіннен мектеп директоры, аудандық партия комитетінің қызметкері, Лебяжьі және Павлодар аудандық оқу бөлімінің басшысы сынды соқпақтардан өтеді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары қызмет бабымен Павлодар ауданына қоныс аударған. Мичуринде мектеп директоры болды. Саладағы серпіліске қызығушылық танытқан сол кездегі білім министрі Қ.Балахметов те осы мектепке арнайы келіп, жұмысына жоғары баға берген екен. Айтпақшы, Төлеген Түсіпұлы аудандық білім бөлімін басқарған тұста елімізде ең алғашқы отбасы-
лық үлгідегі балалар үйі Розовка ауылында ашылған болатын. Тың идеяға қызығушылық танытқан «Бөбек» балалар қоры осында республикалық семинар өткізген. Тәжірибе алмастырып, кейіннен бұл бастама еліміздің басқа қалала-рында жүзеге асырыла бастады. Мұғалімдік сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі болып табылады. Қай жерде қызмет атқарса да, біліктілігі мен іскерлігі мен мұндалап тұрған Төлеген Құлтуманов мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысты ардақтайтын, жақынына да, жат адамға да әділ, ешкімді алаламай, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батылдығымен біраз белестерді бағындыра алды. Асыл туған жақсының ақыл-ойы кең болар, дейді дана халқымызда. Төкең өзінің өмір жолында Темірболат Шәрәпиденов, Кемер Әшімбетов, Шәку Аманов, Халел Теміржанов, Айып Құсайынов, Қабидолла Әлібаев сынды алдыңғы толқын ағалардың өнегесін, жақсы қасиеттерін көргенін мақтан етеді.
— Маған зор сенім артып, аса күрделі мәселелерді шешуді жүктегендердің бірі облыстық білім басқармасының басшысы Темірболат Дәйкенов еді. Тоқсаныншы жылдардың басында облыс орталығында қазақ мектептерін ашу оңай шаруа емес еді. Темірболат Ережепбайұлы кездесетін қиындықтарды біле тұра, білім басқар-масы басшысының орынбасары ретінде бұл жұмысты қаладағы №35 мектептен бастауды маған жүктеді. Тіпті мемлекеттік стан-дарттарға сәйкес келмесе де бір сыныпта небары 5-6 баладан ғана отыратын, — дейді ақсақал. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұр-сынов бір сөзінде: — Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі — білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім, — деген екен. Иә, мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Бір сөзбен айтсақ, ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады. Алпыс жылға жуық тайсалмай атқарған еңбек еш кетпесі түсінікті. Әр жылдары жеткен биік белестері мен жетістіктері тиісті бағасын алған. «Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республика-сының білім беру саласының құрметті қызметкері», білім беру және ғылым саласындағы белсенді оқытушыларын және педагогика қызметкерлерін ынталандыру мақсатында тағайындалған Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Павлодар ауданының «Құрметті азаматы», «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған, республикалық дәрежедегі еңбек ардагері Төлеген Түсіпұлы Құлтумановқа қарап тұрып «Жақсыны жатқа санама» деген қанатты сөз ойыма орала кетті.
Жұмабек Сманов.