Екібастұз қаласында жылу-электр орталығындағы қазандықтарды, жылу желілерін жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді алдағы жылыту маусымына дайындау барысы да көңіл көншітерлік. Ендігі ретте өзге де жоспарлы істі сапалы әрі уақытылы атқару қажет.

Бұрнағы күні облыс әкімі Асайын Байханов кеншілер қаласындағы жылу-электр орталығындағы, жылу магистральдарындағы жөндеу жұмыс-тарының барысын, сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың дайындығын тексерді. Жұмыстардың аралық қорытындысы «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нде өткен жиналыста шығарылды.

– Бір айдан кейін жаңа жылу беру кезеңі басталады. Жалпы алғанда, Екібастұзда жылумен жабдықтау нысандарын, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды дайындау қарқыны жақсы. Жұмыстардың басым бөлігі аяқталуға таяу, – деп атап өтті аймақ басшысы. Мұндағы жылу станциясында екі энергетикалық қазандықтағы жұмыстар толығымен атқарылды. 20 қыркүйекке дейін тағы үш қазандық агрегатын қолданысқа тапсыру жоспарлануда. Сөйтіп, жылу беру маусымы бастал-ғанда бес қазандық дайын болады. Бұл -30-32 градустан төмен температурада жұмыс істеу үшін жеткілікті. №11 және 15 екі қазандықтағы жөндеу жұмыстарының да 60 пайыздан астамы орындалды. Сондай-ақ, мердігер ұйымдар №2, 5, 8 және 12 жылу магистральдарындағы жұмыстарды аяқтауда. Бірқатар учаскеде қалпына келтіру жұмыстары басталды. Желілердегі барлық жұмыстар, соның ішінде, жаңа желілерді жуу және толтыру 22 қыркүйекке дейін аяқталуы керек.  Гидравликалық сынақтардан соң анықталған 119 ақаудың 96-сы жойылды. Қалған жұмыстар 20 қыркүйекке дейін аяқталады. Облыс әкімі жылу саласындағы қызметкерлерге және мемлекеттік органдарға жылу беру маусымына дайындық мәселесін қатаң бақылауда ұстауды, қаланың жылу желілері мен Екібастұз ЖЭО-дағы барлық жөндеу жұмыстарының бекітілген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген – Валерий Бугаев.