Бүгінде ғасырлар бойына ата-баба кәсібі болып келген зергерлік өнермен бүгінде айналысатындар саны азайып келеді. Нәсіп болмайтын кәсіп дей ме, әлде әуресі көп киын іс дей ме екен, ол жағы бізге беймәлім. Осы салада табысты еңбек етіп жүрген зергерлік бұйым жасаушы Абзал Молдабековпен сұхбаттасқан едік.

– Абзал, зергерлік өнерге қалай келдіңіз, алғашқы ұстазыңыз кім? Сөзді алдымен осыдан бастасақ.

– Зергерлік өнерге келуіме себепші болған – ағам. Кішкентай кезімде ол кісі үйге келіп, шеберханада сақина, білезіктер жасап жүретін. Соған қарап, қызығушылығым оянып, көмектесіп жүріп үйрендім де, осы салаға келу туралы шешім қабылдадым. Ағам онымен қоса ағаш шебері еді. Ол маған кішкентай кеселерді ойдыртып қоятын. Сөйтіп, мен дизайнер боламын деген тоқтамға келдім. Ағаммен ақылдасып, зергерлік оқуға түстім. Нағашыларым да ағаш шеберлері болған. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» демекші, олардан да осы қасиетті алған сияқтымын.

– Сіздің ойыңызша, зергерлік бұйымдар жасау үшін қандай қабілет керек және қалай жасалады?

– Зергерлік – аса көп еңбекті, ұқыптылықты қажет ететін жұмыс. Әшекей бұйымды әдетте таза, асыл металдардан жасамайды. Оларға қажетті механикалық қасиеттер дарытып, тиісті түс алу үшін түсті металдар қосады. Мәселен, алтынның күміс және мыспен, палладиймен, кадмиймен, никельмен, мырышпен қорытпасын, күміс пен платинаның мыспен қорытпасын, палладийдің күміспен және никельмен қорытпасын үстемелейді. Қорытпадағы асыл металдың құрамы оның сынамасын айқындайды. Зергер үшін басты қасиет – суретшілік, дәлдік, икемділік, ептілік. Сол үшін зергерде осы қасиеттер міндетті түрде болуы керек деп есептеймін. Сурет салуға қабілеті бар адам болса туындысын әдемі дизайнда жасауда еш қиналмайды.

– Жұмыс істеу үшін құрал-сайман, шикізат қажет екені белгілі. Мұны қайдан аласыздар?

– Зергерлікпен айналысудың бір кемшін тұсы – құрал-саймандары өте қымбат. Шетелден арзан бағаға сапасыз саймандарды алып келетін делдалдар оның бағасын көтеріп жібереді. Десе де, отандық өндіруші-леріміздің тауарлары қымбат болғанымен, қытай тауарының қасында өте сапалы. Сондықтан бұған әркімнің шамасы келе бермейді. Ұстаздарымыз бізге осындай құралды сатып алыңдар деп талап қояды. Әсіресе, студенттерге, жаңадан жұмыс бастаушыларға бұл ауыр тиеді. Ал жұмыс істеу үшін міндетті түрде құралың болуы керек. Сол себепті, шәкіртақымды жинап жүріп, аз-аздан құрал-сайман сатып ала бастадым. Қазір өзіме қажетті заттың барлығы бар. Алтын, күмістерді арнайы орындардан аламын.

– Қазір қандай бұйымдар сұранысқа ие? Бір бұйымды қанша күнде жасайсыз, қандай ою-өрнек қолданасыз?

– Негізінде, көп жасайтын бұйымымыз – әйелдердің әшекейі, білезік, жүзіктері. Әйелдер әшекейлері ғасырдан-ғасырға құнын жоғалтпай, сұранысы артып келе жатқаны қуантады. Мен көбінесе жүзік пен білезікті тапсырыспен жасаймын. Арасында алқа және тағы басқа заттар дайындаймын. Әзірлеу уақыты бұйымның көлеміне байланысты. Зергерлердің көбі жеке-дара жұмыс жасайтын болған соң, уақытымыз көп кетеді. Мен жасатқан бұйымдарына қарай ою-өрнек саламын. Кей бұйымды бір күнде, кейде бір айда жасайтын кездеріміз болады.

– Суреттерге қарап әшекей-леріңіздің бағасы қарапайым халық үшін қымбат секілді. Оларды қолжетімді ету ойыңызда жоқ па?

– Иә, арзанырақ етіп жасауға болады. Бірақ ескерте кетерлік жайт, бағасы арзандаса, сапасы өте төмен болады. Ал сапасы төмен бұйым сату зергер үшін ұят іс деп есептеймін. Сондықтан өз басым бағасын сапасына қарай қоямын. Еңбектеніп жасаған бұйымым бір күндік емес, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болатын дүние болса деймін.

– Бұйымға қандай тастар қолданасыз?

– Көбінесе табиғи тастарды қолданамын. Базардан қытайдың арзан тастарын алуға болады, бірақ олардың сапасы нашар. Қазір тас өңдеушілер өте аз, табиғи тастарды өңдейтін бір-екі жер бар, сол жерден аламын. Кейде табиғи тас табу қиындық туғызады.

– Өз жолыңызды тапқан жансыз. Өз ұстанымыңыз, өз отбасыңыз, өз таңдаған жолыңыз бар. Ал әлі өмірлік жолын таба алмай жүрген жас буынға айтарыңыз бар шығар?

– Жастарға айтарым – адам өзінің қалаған ісіне, мақсатына зейін қоюы керек. Бұл іс менің қолымнан келеді, соңына дейін жеткізіп, нәтижесін көруім керек деген сенім болуы тиіс. Көп жастарымыз жасқана ма, әлде жалқаулық па, қолынан келіп тұрса да ештеңе жасамайды. Адамда жігер болуы керек. Алғашында ағамның қол астында екі жылдай істедім. Туған ағам екен деп еркелеп жатып алмай, оған келген әрбір тапсырысының жартысын өзім алып орын-дап отырдым. Осылай аз-аздап болсын өз стилімді қалыптас-тырып, жолымды таптым десем, артық айтқаным емес.

 – Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Ісіңіз оңала берсін!

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.