Өлке тарихы жаңғыруда

Сәу 16, 2026

Уақыт өткен сайын тарихтың ізі көмескі тартуы мүмкін. Алайда сол өткенді ұмыттырмай, ұрпақ санасына қайта жаңғыртатын тарихи орындар бар. Соның бірі – Май ауданындағы Малайсары орта мектебінің мұражайы. Бұл – өткен мен бүгінді жалғап тұрған, жас ұрпаққа рухани тәрбие беретін ерекше орталық.

Мұражайдың негізі 1997 жылы қаланып, уақыт талабына сай 2012 жылы жаңартылып, қайта жасақталды. Осы уақыт аралығында қор біртіндеп толықтырылып, экспозициялардың мазмұны мен ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті. Бүгінде мұнда ауылдың өткені мен бүгінін сабақтастыратын құнды деректер, тарихи құжаттар мен жәдігерлер жүйелі түрде жинақталған.

Экспозициялық бөлімдердің мазмұны жағынан алуан түрлі. Мәселен, ауыл тарихы бөлімі елді мекеннің қалыптасу кезеңдерін, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік-мәдени дамуын қамтитын жан-жақты мәліметтер ұсынады. Ал мектеп тарихы бөлімі білім ордасының ашылуынан бастап, оның қалыптасу және даму жолын, алғашқы ұстаздар мен білім саласына еңбегі сіңген ардагерлердің өмір жолын таныстыратын құнды деректермен толықтырылған. Ал Ұлы Отан соғысы мен ауған соғысы ардагерлеріне арналған бөлімдер – ерлік пен елдіктің жарқын көрінісі. Мұнда соғысқа қатысқан жерлестердің өмір жолы, олардың майдандағы ерліктері, алған марапаттары мен естеліктері жинақталған. Бұл бөлімдер оқушылардың тарихи санасын қалыптастырып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік, елге деген құрмет сезімін нығайтуға ықпал етеді.

Сондай-ақ, Малайсары батырға арналған бұрыш ұлттық тарихты дәріптеуге бағытталған маңызды бөлім болып есептеледі. Батырдың ерлігі мен тарихи тұлғасы туралы деректер жас ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық рухты күшейте түседі. Ал көне жәдігерлер бұрышы тұрмыстық заттар арқылы өткен дәуірдің тынысын сезіндіріп, сол кезеңнің өмір салтын көз алдына елестетуге мүмкіндік береді.

Мұражай жұмысының тағы бір маңызды қыры – оқушылардың белсенді қатысуы. Олар тек көрермен емес, сонымен қатар ізденуші, зерттеуші ретінде де қалыптасып келеді. Мысалы, экскурсия жүргізу, тарихи деректерді жинау, ғылыми жобалар дайындау арқылы оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттері дамып, тарихи ойлау жүйесі қалыптасады.

Сонымен қатар, мұражай мектептің тәрбиелік жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған. Мұнда түрлі танымдық іс-шаралар, тарихи тақырыптағы кездесулер, ашық сабақтар мен сыныптан тыс жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып, оқушылардың тарихи танымы мен дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік жасалады.

Қорыта айтқанда, Малайсары мектебінің мұражайы өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани көпір ғана емес, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, елжандылық рухта тәрбиелеуге қызмет ететін маңызды мәдени-білім беру орталығы болып саналады.

Айдана БОРАНБАЕВА.