Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Ғалымбек Жұматов
халықаралық «Ер Төстік» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Бұл сыйлық қаламгердің балалар әдебиетінде айрықша орны бар «Ала көжек» шығармалар жинағы үшін беріліп отыр.
Жақында Алматы қаласында «Қазақ әдебиетінің жарқын келешегі» тақырыбында 2025 жылға арналған әдеби жыл қорытындысы өткен болатын. Сол ауқымды жиынға жерлесіміз, жазушы Ғалымбек Жұматов та арнайы шақырылып, жоғарыда айтқан әдеби сыйлық салтанатты түрде берілді. Халықаралық дәрежедегі әдеби сыйлықты Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов табыстады.
— Бұл сыйлық – тек менің ғана емес, жалпы Павлодар өңіріндегі балалар әдебиетінің дамуына берілген баға. Қазір бізде жас авторлар көбейіп келеді, ең бастысы – соларға қолдау көрсету қажет. Биыл бұл сыйлық Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері мен шет ел жазушыларының озық шығармаларына және әдебиетті насихаттаудағы еңбектері үшін белгілі қаламгерлерге берілді, – деді Ғалымбек Сағымбайұлы.
Жазушы Ғалымбек Жұматовтың «Ала көжек» повесі — балалар мен жасөспірімдерге арналған танымал шығармалардың бірі. Бұл туынды 1986 жылы «Жалын» баспасының жабық әдеби бәйгесінде үшінші орын алған болатын. Кейін 1992 жылы «Балауса» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді. Повесте шыңғарманың бас кейіпкері Жалғас пен кең аулалы үйде бірге өскен балалардың өмірі, достығы және қызықты оқиғалары баяндалады. 2023 жылы оның «Көңілдің толқын кездері» атты спектакльдер жинағы жарық көрді. Кітапқа драмалық және комедиялық пьесалар, сондай-ақ тарихи қойылымға арналған сценарий кірді. Ал өткен жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ленинград: от пен мұз» атты кітабы басылып шықты. Шығармада Екінші дүниежүзілік соғыстың бұған дейін қалтарыста қалған, көп зерттелмеген тұстары туралы айтылады.
Айта кету керек, жерлесіміз Ғалымбек Жұматов — Павлодар облысында халықаралық «Ер Төстік» сыйлығын алған алғашқы жазушы. Бұл — жазушының жеке басының ғана емес, тұтас өңір әдебиеті үшін үлкен мәртебе.
Тілеуберді САХАБА.
